Ұстаз • Бүгін, 09:02

Мәшекең мұрасын қадірлеген мұғалім

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мектепте ер мұғалімнің аздығы ұрпақ тәрбиесіне өз әсерін тигізіп отыр. Ақиқатында бір мезгіл ер мұғалімнің қатқыл қабағын, жуан дауысын естіген оқушының ерік-жігері ширақ болады. Өкінішке қарай, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынүлының ізінен еріп, ұлы мұратын жалғайтын ер мұғалім аз. Сол аздың ішінде жас ұстаз, жалынды педагог Жанкелді Кенжебайдың есімі елге етене танылып қалды. Еңбекқорлығымен, педагогтік білімімен, ұлтты сүйгіштігімен елдің аузында жүр.

Мәшекең мұрасын қадірлеген мұғалім

Оның Президент тап­сырмасымен са­лынған Қара­ған­дыдағы іргелі әрі ілгері №19 «Келешек мектебінде» қызмет етуі де содан. Жаңа мектепте биылғы оқу жылынан бастап сабақ береді. Ал бұған дейін жұмыс істе­ген Абай атындағы мек­теп-гимназиясының құрыл­ға­нынан бастап бүгінге дейін өрлеуіне жас педагогтің өзін­дік үлесі бар.

Біршама талантты оқу­шылары республикалық додалардан топ жарып келді. Астанада өткен шығармашыл оқу­шылар арасындағы «Ақберен» ІХ республикалық өнер бай­қа­уын­да шешендік өнер аталымында Еркежан Қаныш есімді оқушысы екінші орын иеленген. Көп ұзамай Ақтау қаласын­да өткен Х рес­пуб­­­ликалық «Ақ­берен» оқу­ла­рынан Еркежан шәкірті үшін­ші орын алды. Мұнымен қоса, V республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауында шәкірті Абылай Дүйсен бірінші орын алса, Сия Айбота үшінші орынға қол жеткізді. Сонымен қоса, Абылай Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық Абай оқуларында 180 өлең, 4 поэма, 20 қарасөз жаттап, III орын алды. Шәкірттері Еркежан мен Абылай қазір сүйікті ұстаздарының жолын қуып, мұғалім маманды­ғына оуға түсті. Бұл жас мұғалім даярлаған оқушылардың тек республикалық сайыстардан қол жеткізген жүлделері. Қалалық, облыстық сайыстардан топ жарып жүрген шәкірттері де жетіп артылады. Өзі де мектеп оқып жүрген кезінде сөз өнерінен түрлі сайысқа түсіп, топ жарып жүріпті. Әсіресе Махамбет пен Мұқағалиды сүйіп оқыған көрінеді. Екеуінің барлық өлеңін жатқа біліп, оны өршіл рухпен оқығанда тыңдарманды таңдай қақтырған. Талапты ұстаз содан болар шәкірттерінің жолын ашып, шығармашылығын дамытамын деп дамыл таппайды.

Білім негізін бала кезінен мықтап қалаған ол – Майқұдық­тағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің түлегі әрі мақтанышы. Ұстаз болуға жас­тайынан ұмтылдырған Күміс Шмакова мен Жаңагүл Нұр­мұханқызының есімін аузынан тастамайды.

Е.Бөкетов атындағы Қара­ған­ды зерттеу университетінің филология факультетінде білі­мін тереңдеткен Жанкелдінің  студенттік жолы да шығар­ма­шыл ортамен тығыз байланыста болыпты.

Оның туған ағасы Әнуар да тарих пәнінің мұғалімі. Ағасынан көргені бар, өзінің түйгені бар Жанкелді, сөйтіп ұстаздық жолды таңдаған.

Еңбек жолын Сұрыптау кен­тіндегі №12 жалпы білім беретін мектептен бастаған. Осы жерде жүріп тәжірибе жинақтайды. Сабақ берудің түрлі әдістемесін меңгереді. Мектептің белсенді ұстазы болған ол әуелі балалар бойын­да ұлттық болмыс­ты қалып­тастыруды көздейді. Ты­ным­сыз ізденеді. Сөйтіп жү­ріп, мек­теп басшылығының рұқ­са­ты­мен білім ошағында ойшыл, рухани қайраткер Мәшһүр Жүсіп атындағы конференция­­ны ұйымдастыруға ұйытқы бо­лады. Ондағы мақсаты – мектепке Мәше­кеңнің атын алып беруге атсалысу. Бірақ кейіннен қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданына қоныс аудар­­ғандықтан қазіргі қызмет етіп жүрген Абай мектебіне ауысып, ойға алған шаруасы аяқсыз қа­лады.

«Келешек мектебіне» ауысып келіп, қал-қадіріміз жеткенше сабағымызды беріп жүрміз. Шәкірттерім де биіктен көрініп жүр. Барлығы ойдағыдан да жақ­сы. Бірақ Мәшекеңнің мұра­сын оқыған са­йын мойны­мыз­­дағы парыз есімнен кет­пей­ді. Бастаған ісімді аяқсыз қал­дырдым. Қазір «Келешек мек­те­бін­де» қыз­метімді атқарып жүр­сем де қосымша Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кітаптарын, жазбала­рын насихаттаумен айналысудамын», дейді жас мұғалім.

Айналып келгенде бұл да – ұлтқа қызмет қылудың айшықты айға­­ғының бірі. Осыдан келе Жан­келді Кенжебай секілді бала­лардың жанына білім ғана емес, ұлт­тық тәрбие сіңіре алатын ер мұға­лімнің қатары көбейсе дейсің, шіркін!

 

Қарағанды облысы