Қаржы • Бүгін, 12:12

1 қаңтардан бастап зейнетақы жарнасы жүйесінде қандай өзгеріс болады?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 7 қарашадағы Үкімет қаулысымен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

1 қаңтардан бастап зейнетақы жарнасы жүйесінде қандай өзгеріс болады?

Атап айтқанда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу кезінде қызметкердің Салық кодексінде көзделген барлық айлық табыстары ескерілетіні нақтыланды.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу кезінде келесі төлем түрлері ескерілмейді:

  • Салық кодексінің 365-бабында көрсетілген (жеке тұлғаның табысы болып саналмайтын) төлемдер;

  • Табыс көзі болып табылатын тұлғаның салық салынатын табысын азайтатын төлемдер.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығындар агенттің еңбекақы қорының құрамына кіреді.

Жалпы, түзетулер мына бағыттарда енгізілді:

  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылмайтын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), сондай-ақ жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есептелмейтін төлемдер мен табыстарды анықтау;

  • Интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсететін немесе жұмыс атқаратын жеке тұлғалар үшін платформалық жұмыспен қамтудың интернет-платформасы операторының міндетті зейнетақы жарналарын төлеу агенті ретінде белгіленуі;

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін (АСР) қолданатын тұлға ұғымының енгізілуі;

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолдану кезінде міндетті зейнетақы жарналарының есептеу объектісін, мөлшерлемесін және төлеу мерзімін айқындау;

  • Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша берешек сомасы 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда, мемлекеттік кірістер органының қарыз туралы хабарлама жіберу және шара қолдану тәртібін белгілеу.

Құжатта көрсетілгендей, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 6 АЕК-тен астам берешек өтелмеген жағдайда, агент қызметкерлер тізімін мемлекеттік кірістер органына хабарлама табыс етілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ұсынуы тиіс.

Мемлекеттік кірістер органы берешек 6 АЕК-тен асқан күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек сомасы туралы хабарламаны агентке жолдайды, ол кейіннен Мемлекеттік корпорация арқылы БЖЗҚ-ға аударылады.

Хабарлама агентке қолхатпен жеке табысталады немесе жіберілген және алынғанын растайтын тәсілдердің бірімен жолданады.

Сондай-ақ, егер жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша 6 АЕК-тен асатын берешек өтелмесе, мемлекеттік кірістер органы агенттің банк шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын хабарлама табыс етілген күннен кейін он жұмыс күні өткен соң тоқтатады.

Қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.