Аймақтар • Бүгін, 13:46

Қарғалы су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіледі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келесі жылы Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасына күрделі жөндеу басталады. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті мен «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы мамандары қайта жарақтандыру жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуді бастады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қарғалы су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіледі

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының биыл атқарған есебін тыңдау кезінде белгілі болды. Қарғалы өзені мен еріген қар суымен толығып, 280 млн текшеметр су сыятын Қарғалы су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген. Негізінен Ақтөбе қаласындағы өндірістік кәсіпорындарды, қала іргесіндегі орман шаруашылығы мекемесі мен бау-бақша ұжымдарын сумен жабдықтау үшін тұрғызылған гидротехникалық нысанға 50 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмепті.

«Қайта жарақтандыру жұмыстары барысында су қоймасының барлық қондырғысы мен жабдықтары алмастырылады. Сонымен қатар гидротехникалық нысанды қуат көздерімен жабдықтау үшін айналасына шағын су электр стансасы орнатылады. Одан артылған электр қуаты жақын маңдағы кәсіпкерлік нысандары мен елдімекендерге бағытталады. Өңіріміздегі су қоймаларын қайта жаңғырту жұмыстары соңғы жылдары кезең-кезеңімен іске асырыла бастады. Былтыр Елек өзені бойындағы Ақтөбе су қоймасы күрделі жөндеуден өтті. Оның 36 жылдан бері кідіріссіз жұмыс істеп тұрған, бірақ ескірген қондырғылары, шлюздері қайта салынды. Сондай-ақ Сазды су қоймасында да күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалау-сметалық құжаттарының мемлекеттік сараптамадан өткенін күтпей-ақ, Қарғалы су қоймасының айналасын абаттандыруды бастап кеттік. Қазіргі уақытта кіреберіс жол тегістеліп, бетон құйылып жарық шамдары ауыстырылып, бейнекамералар орнатылып жатыр. Осы шаруаны қараша айының соңына дейін аяқтаймыз», дейді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шәуенов.

Ақтөбе облысы