Жобаға ауылдар мен аудан орталықтарына жұмыс істеуге келгендер қатыса алады. Несие қаражатын үй сатып алуға немесе салуға пайдалануға мүмкіндік бар. 2025 жылы несиенің ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК немесе 9 830 000 теңге, мерзімі – 15 жылға дейін.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары көтерме жәрдемақы ала алады. 2025 жылы біржолғы төлем 100 АЕК немесе 393 200 теңгеге жетті. Ол үйді жабдықтауға және алғашқы қажетті заттарды сатып алуға арналған. Бағдарламаны қаржыландыруды мемлекет жүзеге асырады.
Аян Өтетілеуов Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданына қарасты Байшуақ ауылында, спорт саласында еңбек етіп жүр. Ауылдық жерде баспанасыз қиын. Мұны жас маман жақсы түсінді. Сол үшін де еңбек етіп, пәтер алудың қамын бұрыннан ойлап жүрген. Спорт бапкеріне «Отбасы банкінің» ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Дипломмен – ауылға» жобасы көмекке келді.
«Жас кезімнен спорт саласына жақын болдым. Өрт сөндіруші қызметінде жүрсем де, таңдауымды өзгертуге шешім қабылдадым. Сөйтіп, Арқалық қаласында спорт мамандығы бойынша сырттай білім алдым. Әскери самбо мен грэпплингтен біршама жетістіктерім бар еді. Уақыт өте келе ауылға шақырту алып, әкімдік арқылы спорт нұсқаушысы болып жұмысқа орналастым. Сол кезде баспана мәселесін шешудің нақты жолы ұсынылып, «Отбасы банк» арқылы үй алуға мүмкіндік туды», дейді Аян Нұрлыбекұлы.
«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына ауыл тұрғындары, аудан орталығының мамандары өтініш бере алады. Аян Өтетілеуов те мамандардың кеңесімен Baspana Market (otbasybank.kz) цифрлық платформасы арқылы құжаттарын өткізді.
«Негізі, аудан әкімдігі жыл сайын өз өңірлеріне қажетті мамандардың тізімін жасайды. Үміткерлер алдымен әкімдіктен сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алып, кейін Baspana Market арқылы өтініш береді деп еститінмін. Бұған менің де қолым жеткен соң, мемлекеттің шынайы көмегін сезіндім. Үй алуда ешқандай қиындық болған жоқ. Барлығы жүйелі түрде шешілді», деп түсіндірді кейіпкеріміз.
Баспанасына қолы жеткен маман бар ынта-жігерін жұмысына, шәкірт тәрбиелеуге арнамақ. «Қазір ауылдарда жұмыс істейтін жастарға жағдай жасалған. Енді біздің мақсатымыз – ауыл балаларына спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бізге мүмкіндік молынан беріліп отыр. Соны пайдалана білсек, еліміздің дамуына үлес қосқанымыз», дейді спорт нұсқаушысы.
«Дипломмен – ауылға» – ауылдар мен аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген, ауылдық жерді таңдаған Аян Өтетілеуов сияқты мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие, сондай-ақ көтерме жәрдемақы беретін қолайлы бағдарлама. Тек бағдарламаға қатысу үшін бұрын алынған несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы шарт. Банкте атап өткендей, несие мөлшерлемесі небәрі 1%-ға тең болса, бастапқы жарна мүлдем талап етілмейді. Биыл бағдарлама игілігін көрген 200 азамат баспаналы болды.
2023 жылдан бастап бағдарламаның операторы – «Отбасы банкі». Азаматтарға қолайлы болу үшін өтініш беру жүйесі толықтай онлайн форматқа ауыстырылды. Нәтижесінде келісім мерзімі қысқарып, қаржы бөлу үдерісінің ашықтығы артты. Сондай-ақ қатысушылар өтініш мәртебесін онлайн бақылап отырады.