Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби міндетімен тығыз байланысты. Рухани мәдениеті мен білімі, алған тәрбиесі оның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде іс-әрекетіне ықпал етеді. Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның мінсіз беделі мемлекеттік аппараттың беделін арттырады, ал бұл тұтас елдің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Әдеп пен әділет бірге жүретін егіз ұғым болғандықтан, әдепті де адал қызметші – әділетті қоғамның айнасы. Мемлекеттік қызметшінің әрбір ісінде әдептілік, әділдік, адалдық, парасаттылық көрініс тапқан жағдайда ғана халықтың сенімі де артады.
Әдеп дегеніміз – тек мінез-құлық нормалары емес, қызмет мәдениетінің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрсеткіші. Мемлекеттік қызметтегі әдепті әділ шешім қабылдау, ашық болу, парасатты сөйлеу, әрбір ісінде халықтың сенімін сақтау деп түсінеміз. Әдептілік – кәсібиліктің белгісі. Әдеп сақталған жерде өзара сыйластық орнайды, ал сыйластық бар жерде сенім мен нәтижелілік қатар жүретіні сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Әділетті Қазақстанның басты құндылығы – адал еңбек пен жауапкершілік». Мемлекеттік қызметші осы қағидатты күнделікті ісімен дәлелдеуге тиіс. Бұл ретте әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бір-бірін толықтыратын ұғым әрі біртұтас жүйе. Ал оның түпқазығы – адамның ішкі адалдығы, яғни өз ісіне, халқына, мемлекетіне деген шынайы жауапкершілігі және қоғам алдындағы парызды сезіну.
Бүгінгі таңда әдеп мәдениетін қалыптастыру – тәртіп сақтау емес, рухани ортаны және сенімге негізделген жұмыс ахуалын нығайту. Осы тұрғыда Әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі де маңызды. Оны кеңесші, үйлестіруші, ұжым мәдениетін сақтаушы тұлға деп санаймыз. Себебі этиканы мәжбүрлеу арқылы үйрету мүмкін емес, ол тұлғалық сана мен орта мәдениетінің үйлесімімен және сенім арқылы қалыптасады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты монографиясында: «Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білім мен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі – тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты», дейді. Осы тұрғыда, «Әділетті Қазақстан – Адал азаматтан басталады» деген қағида барша мемлекеттік қызметшінің кәсіби және адамгершілік ұстанымының негізгі өлшеміне айналуға тиіс.
Гүлжахан ҮСЕНОВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі уәкілі