Банк • Бүгін, 10:27

Халық қолға ақша ұстамайтын болды: Айналымда қанша банк картасы бар?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның қаржы секторы цифрлық трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Соңғы жылдары финтех экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналып, банктер мен басқа да қаржы институттары, бизнес және тұтынушылар арасындағы өзара әрекеттесудің заманауи үлгілерін қалыптастырды. Әлемдік цифрландыру толқыны аясында Қазақстан нарығы тұрақты өсім көрсетіп, ресми деректермен де расталып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халық қолға ақша ұстамайтын болды: Айналымда қанша банк картасы бар?

Фото: Ерлан Омар

Цифрлық экономика дәуірі: қолма-қолсыз төлем

Ranking.kz деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінің соңында Қазақстанның төлем нарығы рекорд орнатты: айналымдағы төлем карталарының саны 83 миллионға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көп. Соңғы бес жылда карталар саны 87,4%-ға өссе, он жыл ішінде бұл көрсеткіш бес есеге артқан.

Мұндай серпінді өсімге цифрлық банкинг қызметтерінің кеңеюі, мобильді қосымшалар арқылы қаржыны басқару мүмкіндігінің артуы және цифрлық карталардың қолжетімділігі себеп болды. Бүгінде банктердің мобильді экожүйелері тек төлем жасау құралы ғана емес, тұтас қаржылық өмір салтына айналды.

Онлайн төлемдер – қаржы нарығының өзегі

Қолма-қолсыз төлемдердің үлесі жылдан жылға артып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында олардың жалпы көлемі 135,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5%-ға өсті. Бұл ретте барлық карталық операциялардың 87%-ы қолма-қолсыз төлемдер болса, тек 13%-ы ғана қолма-қол ақша алу мақсатында жүзеге асқан.

Қолма-қол ақшасыз транзакциялардың жалпы көлемінің 80%-ын онлайн және мобильді төлемдер құрады: 108,3 триллион теңге. Ал QR-төлемдер – 10,3%, POS-терминалдар арқылы жасалған төлемдер – 9,6% құрады. Бұл құрылым соңғы екі жылда айтарлықтай өзгермей, тұрақты пайдаланушылық әдеттің қалыптасқанын көрсетеді.

Қазір ұялы телефон әр қазақстандықтың жеке банкіне айналды. Интернет арқылы төлем жасау, шот жүргізу, аударымдар мен инвестициялар  барлығы бірнеше батырманы басу арқылы жүзеге асады. Бұл тек технологиялық дамуды ғана емес, сонымен бірге халықтың цифрлық қаржыға деген жоғары сенімін көрсетеді.

Сонымен қатар қолма-қолсыз төлемдермен бірге төлем инфрақұрылымы да айтарлықтай дамып келеді. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі деректерге сәйкес, 910,7 мың кәсіпкердің меншігіндегі 1,146 млн сауда нүктесінде 1,357 млн POS-терминал орнатылған. Бұл бір жыл бұрынғыдан әлдеқайда көп. Қазір мың адамға шаққанда 97 терминалдан келеді (өткен жылы – 84).

Банк секторының онлайн бағыттағы серпіні де айқын: белсенді интернет-банкинг қолданушыларының саны 27,1 миллионға жетіп, бір жылда 12%-ға артқан. Бұл қазақстандықтардың цифрлық қаржылық мәдениетке толық бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.

Ашық банк жүйесі мен цифрлық теңге

Мемлекет қаржы нарығын технологиялық тұрғыда дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. 2023–2025 жылдарға арналған Open API және Open Banking тұжырымдамасы қабылданды. Бұл бастама банктер арасындағы өзара ашықтықты қамтамасыз етіп, жаңа цифрлық өнімдер мен сервистердің дамуына жол ашады.

Сонымен қатар «Цифрлық теңгені» енгізу процесі белсенді жүріп жатыр. Бұл бастама елдің ұлттық төлем жүйесін заманауи деңгейге көтеріп, халықаралық қаржы ағымдарына тиімді қатысуға мүмкіндік береді. Криптовалюталарды зерттеу және оларды елдің резервтік активтеріне енгізу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Бұған қоса, бірқатар стратегиялық құжаттар қабылданды: 

  • Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы (2024–2029 жж.)
  • Мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы қағидалары
  • 2023 - 2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы.

Бұдан бөлек, цифрлық қаржы экожүйесін дамыту мақсатында Қазақстанда ірі халықаралық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл Digital Almaty 2025, Digital Bridge 2025 форумдары өтті, ал 13 қарашада Central Asia Fintech Summit 2025 басталады. Бұл саммитте цифрлық теңге, трансшекаралық төлемдер, жасанды интеллект, финтех-экожүйе және болашақ төлем құралдары сияқты тақырыптар талқыланады. Форум аймақ елдерінің мамандары мен сарапшыларына тәжірибе алмасуға, жаңа жобалар мен бастамаларды бірігіп дамытуға мүмкіндік береді.