Соңғы жылдары Қазақстандағы құрылыс саласы қоғам мен нарық қатысушылары үшін өзекті әрі күрделі тақырыптардың бірі болып келеді. Тұрғындар адал емес мердігерлер мен сапасыз құрылысқа шағымданса, құрылыс компаниялары мемлекеттік реттеудің тым қатаңдығын, бюрократиялық шығындардың көптігін және қаржылық тұрақсыздықты алға тартады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың Мәжіліс отырысында келтірген деректеріне сәйкес, бүгінде салада шамамен 80 мың лицензия берілген. Оның ішінде 58,5 мыңы — құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға, 16,5 мыңы — жобалау қызметіне арналған.
«Алайда талдау көрсеткендей, көптеген компаниялар мен лицензиялар тек қағаз жүзінде бар. Көпшілігінің өндірістік базасы да, тәжірибелі инженерлері де жоқ», деді министр.
Статистика да бұл жағдайды растайды. Құрылыс кезінде жол берілетін бұзушылықтар жыл сайын азаймай отыр. Бұл тек әкімшілік емес, сонымен бірге қылмыстық сипаттағы заңбұзушылықтарға да қатысты. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (ҚСжАЕК) деректері бойынша, биылғы қаңтар–қыркүйек аралығында 82 қылмыстық іс тіркелген — бұл өткен жылғы көрсеткіштен (79 іс) көп. Сонымен қатар, тоғыз айда сапасыз құрылысқа қатысты 4 іс және құрылыс нормалары мен талаптарын бұзу бойынша 2 іс қозғалған.
Мердігерлер тарапынан кеткен өрескел қателіктерге бірнеше мысал келтіруге болады. Алматы облысының Қарқара ауылында салынған медициналық пункт пайдалануға берілген соң апатты деп танылды. Кеген ауылындағы балабақша ғимараты да қазір тек 50%-ға жұмыс істейді: жобалау мен құрылыс кезінде топырақ қозғалысы ескерілмей, қабырғаларда жарықтар пайда болған. Барлық анықталған фактілер құқық қорғау органдарына жолданған.
Құрылыс саласындағы бұзушылықтардың басым бөлігі әкімшілік құқықбұзушылықтарға жатады. Сондықтан да мұндай істер қылмыстық істерге қарағанда әлдеқайда жиі тіркеледі. Ұзақ мерзімді статистикаға сүйенсек, соңғы бірнеше жылда әкімшілік құқықбұзушылықтар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл құбылыс бір жағынан бақылаудың күшеюін, екінші жағынан — жобалау мен құрылыс сапасының төмендеуін көрсетуі мүмкін.
ҚСжАЕК деректері бойынша, биылғы тоғыз айда сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметі саласында 4,5 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 2%-ға көп.
Барлық тіркелген құқықбұзушылықтардың төрттен бірі — жобалық құжаттамасыз немесе сараптамадан өтпеген құжаттармен құрылыс жүргізу жағдайлары. Тоғыз айда мұндай 1,3 мың іс анықталып, бұл көрсеткіш бір жылда 6,2%-ға артқан.
Келесі жиі кездесетін бұзушылық — авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізу. Биылғы тоғыз айда мұндай фактілердің саны 20%-ға өсіп, 964-ке жетті.
Барлық әкімшілік құқықбұзушылықтардың негізгі бөлігі уәкілетті органмен қаралады, ал 5,1%-ы ғана сотқа дейін жетеді. Ең кең таралған жаза әкімшілік айыппұл. Биылғы тоғыз айда мердігерлерге салынған айыппұлдар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан, жалпы саны 4,1 мыңға жуық. Сирек болса да, кей жағдайда ескерту түріндегі жаза қолданылады.
Айыппұлдардан бөлек, сот немесе уәкілетті орган шешімімен мердігерлерге қосымша шаралар да қолданылады. Мысалы, құрылысқа рұқсаттың күшін жою, тіркеуден шығару, жұмыс істеуге тыйым салу, заңсыз салынған ғимараттарды бұзу. Өткен жылы мұндай жазалар 2023 жылмен салыстырғанда жиірек қолданылған. Мысалы, 46 нысан мәжбүрлеп бұзылған, ал биылғы қаңтар–қыркүйекте 10 жағдай тіркелген.
Құжатсыз құрылыс ең өрескел заңбұзушылықтардың бірі болғанымен, мұндай фактілер әр өңірде, тіпті мегаполистерде де жиі кездеседі. Мәселен, биыл жазда Астанада сот шешімімен рұқсатсыз салынған Mardan тұрғын үй кешені бұзылды.
Жоғарыда айтылғандай, көп жағдайда мердігерлердің жауапкершілігі қаржылық сипатта болады. Соңғы жылдары құрылыс заңнамасын бұзғаны үшін салынған айыппұлдардың жалпы көлемі жүздеген миллион, кейде миллиард теңгеден асады. Биылғы тоғыз айдың өзінде әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,4%-ға көп. Оның 1,2 млрд теңгесі ғана өндірілген.
Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енгеннен кейін құрылыс саласындағы бұзушылықтар санының артуы әбден мүмкін. Министрдің айтуынша, жаңа Құрылыс кодексі жобасында қадағалау мен бақылауды күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдер қарастырылған.