фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев
Сарқан ауданы Сарқан қаласының тұрғыны Райгүл Закарияқызына үй жағдайында балмұздақ өндіру туралы ойды алғаш кенже ұлы айтқан екен. Бие сүтінің емдік қасиеттерін ескере отырып, ол балмұздақ жасауға саумалды пайдаланғанды жөн көрген. Сөйтіп балмұздақтың құрамына үйдің қаймағы мен бал қосып, өз рецептін жасап шықты. Отбасы мүшелері оның дәмін жоғары бағалап, Райгүлді өнімін одан әрі жетілдіруге ынталандырды.

«Отбасында үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Тұрмысқа шыққан соң жұбайым екеуміз мал шаруашылығымен айналыстық. Бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, жұмыс істеп жүргеніме шамамен 25 жыл болды. Әрине, еңбегі ауыр. Жаз айларында таңғы сағат 3 жарымнан, қыста 5-тен тұрамыз. Сиыр, бие ұстаймыз. Жолдасым мал күтімімен, ал мен сүттен тағам жасау жұмыстарымен айналысамын. Құрт, май, қымыз және басқа да өнімдер дайындаймын. Оларды жергілікті тұрғындар жақсы алады. Ал жаз мезгілінде тіпті Алматы, Астана, Атырау қалаларынан да келіп, емдік саумал ішетіндер бар. Ал кейінгі кезде кенже балам балмұздақты қатты жақсы көретіндіктен, мен балмұздақты үй жағдайында жасап көруге бел будым», дейді Райгүл Закарияқызы.
Сөйтіп осы талпынысының нәтижесінде жасанды қоспа мен бояусыз, ұлттық тамақтану ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған пайдалы әрі дәмді балмұздақ алынды.

«Ежелден ата-бабаларымыз бие сүтінің жоғары емдік қасиетін жақсы білген. Сондықтан оны балалар тағамында пайдалану орынды деп есептеймін. Алайда саумалдан балмұздақты қолдан дайындауға өте ұзақ уақыт кетеді екен. Әр жарты сағат сайын ингредиенттерді жақсылап араластырып, сосын салқындатып қойып, толық қоюланғанша қайта-қайта араластырып отыру керек, содан кейін ғана 4 сағатқа тоңазытқышқа қоямыз. Сол себепті әзірге балмұздақты тек отбасым үшін ғана жасап жүрмін. Ал өндірісті кеңейту үшін маған арнайы жабдық керек, сондықтан мен бизнеске қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың біріне қатыссам деп отырмын. Оған қоса «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жартылай финалисі атандым. Келесі жылдан бастап осы жоба аясында менің жаңа өнімімді дамытуға қолдау көрсетіледі», деді жас кәсіпкер.
Жетісу облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының мәліметіне қарағанда, бұл жоба оны іске асырудың барлық кезеңдерінде толық сүйемелденеді. Оған маркетинг негіздері, қаржылық сауаттылық және жалпы кәсіп жүргізу қағидаттары бойынша оқыту да кіреді.
«Райгүл Закарияқызының өнімі жоғары сапалы. Қаңтар айынан бастап біз оның өнімін сертификаттау жұмысын бастаймыз. Кейін қаптамасын әзірлеумен қатар, кәсіпкердің білімін арттыру бағытында да бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Біздің басты мақсатымыз – үй жағдайында жасалатын өндірісті нарыққа шығару. Мысалы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері де бастапқыда Райгүл секілді өз ісін шағын көлемде бастаған. Қазір олар өз өнімдерінің түрлерін көбейтіп, жергілікті дүкендерге, сондай-ақ Алматы қаласына да шығарып отыр. Біз оларға жеке бренд қалыптастыруға көмектестік деп айта аламыз. Мысалы, Көксу ауданында бал және басқа да ара шаруашылығы өнімдерін дайындайтын кәсіпкер әйел, сол сияқты әжелеріміздің көне рецепті бойынша ашытқысыз нан пісіретін ақсулық тұрғын, осындай табысты мысалдар көп. Біздің облыс тұрғындары еңбекқор, үнемі дамуға ұмтылады. Ал біздің мақсатымыз – олардың идеяларын нақты, тұрақты табыс әкелетін бизнеске айналдыруға қолдау көрсету», деді облыстық Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева.
Атап өтсек, биылғы жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, Жетісу облысында 62 740-тан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға көп.
Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырыла басталғалы бері 9 финалист мемлекеттік грант иегері атанып, жалпы сомасы 45 миллион теңге көлемінде қолдау алған. Жалпы биылғы жылы өңірде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары аясында субсидиялар, кепілдіктер және гранттар беру арқылы түрлі 111 жоба қаржыландырылған.