Үкімет • Бүгін, 07:30

ТМД елдерімен байланыс артады

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, депутаттар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады.

ТМД елдерімен байланыс артады

Еліміз арқылы радиоактивті материалдар тасымалдайды

Осыдан бес жыл бұрын 2020 жылы 6 қарашада Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығы Үкімет басшылары ТМД елдері арасын­­дағы радиоактивті материалдар­ды қауіпсіз тасымалдау туралы келі­сім жасасты. Палата отырысын­да сенаторлар алдымен осы мәселе­ге қатысты заңды қарады. Бұл заң трансшекаралық радиоактивті материалдарды қауіпсіз тасымалдау кезінде туындайтын негіз­с­із кідірістерді болдырмауға бағыт­талған. Сондай-ақ келісім ядро­лық және радиациялық қауіп төн­дір­мейтіндей радиоактивті материалдарды тасымалдауға қойы­латын ұлттық талаптарды оңтайландыруды көздейді.

«Қаралған келісім ТМД елдері арасында бейбіт мақсатта пайдаланылатын радиоактивті материалдардың тасымалдану мәселелерін реттеу үшін жасалған. Құжатта тасымалдау кезінде халықты және қорша­ған ортаны зиянды әсерден қор­ғауға бағытталған іс-шаралар қарас­тырылып отыр. Сондай-ақ апат­тық жағдайлардың алдын алу мәселесі де реттелген. Жалпы, заң ТМД мемлекеттері арасында осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Радиоактивті материалдар­ды трансшекаралық тасы­малдауды жүзеге асыру үшін осы мемлекет­тер­дің заңнамаларына сәйкес экспорт, транзит мемлекетінің, сондай-ақ межелі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін рұқсат құжаттары болуға тиіс.

Айта кетсек, Атом энергиясы агенттігінің дерегіне сәйкес еліміздің аумағы арқы­лы радиоактивті материалдар негізінен Өзбекстаннан Қытай­ға, Канада, АҚШ, Румыния, Ресей, Аргентина, Үндістан мен Украина елдеріне тасымалданады. Мәселен, 2021 жылы – 6, 2022 жылы – 21, 2023 жылы – 15, өткен жылы – 3, ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 10 радиоактивті материал транзит арқылы тасымалданған.

Жалпы, бұл келісім – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық рәсімдерін МАГАТЭ-нің халық­аралық қауіпсіздік норма­лары­­мен үйлестіруге бағытталған құқық­тық құжат. Сол арқылы радиоак­тивті материалдар трансшекаралық аумақтарда теміржол, автомобиль, теңіз, әуе көлігімен қауіпсіз әрі тиімді тасымалданбақ.

Аталған материалдар халық­аралық шарттарға, сондай-ақ келісімге қатысушы мемлекеттер­дің заңнамаларына сәйкес радио­активті материалдарды трансшекаралық тасымалдауға арналған шарт (келісімшарт) негізінде тасымалданады. Бұл ретте жүк жөнелтушінің, сол елдің заңнамасына сәйкес экспорттаушы мемлекеттің, транзит пен межелі мемлекеттің уәкілет­ті органдары беретін рұқсат құжаттары болуы қажет.

Сенатор Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, бұл заңның әлеу­мет­тік-экономикалық, құқы­қ­тық салдары жоқ, сондай-ақ респуб­ликалық бюджеттен шығын шықпайды.

Сенат аталған мәселені «Тәуелсіз Мемлекеттер Достасты­ғына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң мен Конс­ти­туцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес мақұлдады.

 

Түрікменстанмен қылмыспен күрестегі ынтымақтастық нығайды

Сонымен қатар Сенат депутат­тары елімізбен Түрікменстан арасындағы қылмыспен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді қарады. Аталған келісім өткен жылдың 10 қазанында Ашхабад қаласында жасалған. Құжат екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, терроризм мен ұйым­дас­қан қылмысқа қарсы іс-шараларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Талқылау кезінде депутаттар бұл келісімді ратификациялау екі елдің құқық қорғау орган­дары­ның өзара іс-қимылы­ның тиімділігін арттыруға мүмкін­дік беріп, өңірлік қауіпсіздік­ті, тұтастай алғанда, екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Бұл заң елдеріміздің қыл­мысқа қарсы бірлескен іс-шара­ларын жүзеге асыру үшін құқық­тық негіз қалыптастырады. Келісімде ұйымдасқан қылмыс, терроризм мен экстремизм, есірткінің айналымы, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күрес мәселесі бар. Сон­дай-ақ өзге де маңызды бағыт­тар бойынша уәкілетті органдар арасындағы серік­тестік­ті терең­дету тетік­тері қарасты­рыл­ған. Алдағы уақытта заң аталған маңызды бағыттар бойынша еліміз бен Түрікменстанның ынтымақтастығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Бұл келісім ұйымдасқан қыл­мыскерлік, терроризм мен экстремизм, оларды қаржыландыру, есірткі, қару-жарақ, көші-қон, адам саудасына байланысты қыл­мыстармен қатар, сыбайлас жемқорлық, экономикалық және киберқылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тергеп-тексеруге бағыттал­ған. Сондай-ақ келісім жедел әрі криминалистикалық ақпарат алмасуды, мамандар­дың тәжірибе алмасу бағы­тын, қылмысқа қарсы күрес мәсе­лесімен айналысатын құзы­ретті органдардың сұрау салуларын орындауды қамтамасыз етеді. Бұған қоса кадр­ларды оқыту, біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға қатысты нормалар бар. Заңда алынған ақпаратты жария етпеу туралы ережелер мен басқа да ерекше шарттар белгіленген.

Сенатор Мұрат Қадырбек Қазақстан мен Түрікменстан мемлекетішілік және транс­ұлттық қылмыскерлікке тиімді қарсы тұру үшін құжатта көзделген қылмыстар бойынша ғана емес, сондай-ақ екіжақты кeлiciм мен басқа да қылмыстарға қарсы күресте өзара іс-қимылды жүзеге асыруға мүмкіндік алатынын атап өтті.

Осылайша, Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Жалпы, еліміз бен Түрік­менстан арасындағы дип­ло­ма­тиялық қатынастар 1992 жылы орнатылып, сол кезден бас­тап достық пен стратегиялық әріп­тестік тұрақты түрде дамып келеді. Екі ел экономика, мәдениет және білім салаларында белсенді қарым-қатынас жасап келеді.

Айта кетсек, еліміз қазірге дейін Болгария, Мажарстан, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан, Франция, БАӘ мен басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, жиырмадан аса елмен осындай келісім жасасқан.