Еңбек • Бүгін, 07:33

Сыйлыққа – «Егемен»

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов елдік бастама көтеріп отыр. Күзгі жиын-терім аяқталған соң, еселі еңбек еткен жұмысшы­лары­на рес­публикалық «Egemen Qazaqstan» газетін жаздырып бермек.

Сыйлыққа – «Егемен»

Малды, жанды шоқ жұлдыз­дай Қараөзек ауылының сыртқы кейпі көңіл тоғайтарлық. Көл­де­нең жат­қан бір бұрау жоқ, тап-таза, сыла­нып-сырланған еңселі үй­лердің жа­нындағы мал қоралары­ның маңы­на қоянжон маялар үйі­ліпті. Бір айта кетер­лігі, еңбекқор құтты ауыл қала­дағыдай тұрмысқа ие. Үйлеріне су тартылған, соңғы үлгідегі ұзақ жанатын қазандықтар орнатылған. Ауыл тұрғыны, еңбек озаты Әбіл Охатов биыл «Егеменді» оқимын деп қуанып жүр.

– Шынын айтқанда, кейінгі жыл­дары газет-журнал қолы­мыз­ға тимей кетіп еді, енді Нар­тай Жұ­ма­тай­ұлының арқасында танымдық-тағылымдық мате­риал­дарға тұнып тұрған газетті оқитын болдым, – дейді Әбіл аға. – Ауылда мәдениет үйі жоқ, халық рухани жағынан баюы керек емес пе? Ал материалдық жағынан баюға Нартай бауырым­ның шарапаты тиіп тұр.

Расында, солай екен, ауыл тұр­ғын­дары берекелі іске жұ­мылып жатыр. Нартай Жұматай­ұлы ауыл­дың бір тұрғыны­на 30 бас еділбай қойын асылтұқым­ды қошқармен қосып сатып әперіпті. Мал иесі екі-үш төлін алған соң, алғашқы алғанын қай­тарып береді. Сол кезде қора­сында жүз қойы өзіне қалады.

– Кәдімгі тауарлы несие есебін­­дегі дүние. Маған да шығын келмей­ді. Есесіне ауылдасымның алдына мал бітеді. Ауыл тұрғындарының ішін­де өз бизнесін бастағысы келе­тіндер аз емес. Мен қазір оларға несие алыңдар деймін. Бұл арада бөле-жара айта кететін бір дү­ние, не­сие алғысы келгендердің кепіл­дікке қояр мүлкі жоқ. Бұл мәселе­ні былай шешуге болады, – дейді се­рік­тестік басшысы Нартай Жұма­тай­ұлы, – әрбір ауылда сол жердің игілігін көріп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдары бар емес пе, сол шаруашылық басшылары ілгері ұмтылған адамдардың несиесіне кепілдік қойып берсе, ел еңсесін көтеріп қалар еді. Мен ұзақ ойланып-толғанып осындай шешімге келдім. Ауыл адамдарының қайсысының қолынан іс келетінін жақсы білемін ғой. Демеу – бізден, даму – сізден.

Қайырымдылық деген жақсы қасиет. Осыдан бірер жыл бұрын Көкше өңірінде қыс ішінде қайта-қайта жаңбыр жауып, даланы қа­лың көк мұз басты. Тісіне тиер бір уыс азық таппаған, көтеремге айнал­ған көп жылқы қырылуға да айналды. Шынын айтқанда, жүген ұстап қалғандар көп болды. Міне, осындай қысылтаяң кезде ел қамын жеген Нартай Жұматайұлы пай иеле­ріне келер жылғы тиесілі пай үле­сін алыңдар, қажет болса, келе­шектегі екі жылдыкін де беремін. Тек малдарыңды аман алып қалсаңдар болды деп жар салған. Бастамаға бірен-саран азамат үн қосты. Ең бастысы, төңіректегі ауылдар мал азығын таппай, төрт түлік малы тілін тістеп жұтқа ұшырап жатқанда, серіктестік егін егетін ауылдардың малынан жетім тоқты да шығын болған жоқ. Жыл са­йын мал жеміне жарайтын астық қалдығын тегін береді, сабаны екі бас­тан. Серіктестікке тиесілі жайылым мен шабындық жердің игілігін ауыл тұрғындары көріп отыр.  

– Газет жаздырып берудегі ой, ауыл тұрғындарын рухани кемел­дендіру жағын ойлағандықтан, – дей­ді серіктестік басшысы, – өзім дәм­дес ағайынды омыртқаға шақыр­ғанда тарту-таралғыға кітап сыйлаймын. Бұл жолы ел газеті «Егеменді» жаздырып беріп, ел тынысын оқып, біліп отырсын деген ниеттемін. Ел Президенті биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны өте дұрыс болды. Игілік атаулының барлығы құрыш қолды жұмысшылардың еңбегі екені даусыз.

Ауыл тұрғындары әрқилы кә­сіп­ті игеріп жатыр. Айдос Шайх қаз бағады. Бұл кәсіпті биыл баста­ған. Алғашында көп ойланып-толған­са керек. Алдымен орын дайындапты. Қазға керегі су мен шөп. Бескөл құс фабрикасынан бір күндік 500 балапан сатып алған. Дәрі-дәрмегін, азығын уақытында беріп, көздің қарашығындай күтіп баптағаннан кейін шығын жоқ. Қазір Көкшетау базарларында қаз сатыла бастады. Килосы 3000 теңгеден. Ал Айдос Әбілұлы балапанды 1 800 теңгеден алған. 500 балапан күніне 250 кило астық қалдығын жейді екен. Астық қалдығының тоннасы 30 мың теңге.

аа

– Алдағы уақытта құс фабрикаларынан жұмыртқа сатып алып, өзіміз инкубаторда бастыруды ойластырып отырмыз, – дейді Айдос Әбілұлы, – бұл әлдеқайда арзанға түседі. Қазірдің өзінде алушылар ха­барласып жатыр. Қаздың жү­нін жұлу да қиын шаруа емес екен. Арнайы бригадалар бар. Олар­ға керегі қаздың жүні. Айтқан уақы­тында келіп, барлық қазыңды сойып, жұлып, үйітіп береді. Қыста бройлер тауығын бағамыз деп дайындалып жүрміз.  Жұмыс істеймін деген адамға ауылда табыс көзі жетерлік.  

Ендігі бір кәсіпкер Орал Сер­ғазинов жұмысын қой өсіруден бастаған. Қорасындағы бес-он бастан отар өргізу оңай шаруа емес. Бір досы елу бас еділбай қойын беріпті. Шарты былай, екі жылдан соң елу басын қайтарып алады. Ал төлі қора­да қалмақ. Алғашқы екі жыл шы­ғын­сыз өткен. Елу бас қойдың соңы­нан 120 бас төлі ерген. Ісінің өрге до­малағанын көрген малсақ жігіт де­меу болған ағайынынан қой­ларың­ды тағы бір жылға қалдыр­шы деп өтініш жасаған. Атымтай жо­марттық танытқан ағайын оған да көніпті. Үшінші жылы ризашы­лығы­мен алғашқы елу бас қойдың соңына 40 тоқтысын ертіп қайтарып берген.

Биыл омарта ұстауға көшкен. Бұл төңірек көк майсасы жайқалған құнарлы өлке. Алғашқы жылы бес ұя омарта ұстапты. Тәжірибесі бол­ма­ғандықтан Дәурен Қанафин есім­ді кәнігі омарташының соңынан ерген, қыр-сырын үйренген. Әр омартаға 25 мың теңгеден шығын шығарған. Аналығын сатып алуға, дәрі-дәрмегіне, азығына. Күзде санап отырса, бал арасының арқасында миллионнан артық табыс тапқан. Айтуына қарағанда, есебі былай, бір ұя 60 литр шамасында бал берген. Бір литр бал 1,5 кило төңірегінде. Ал балдың құны базарда килосына  3 500 теңгеден. Арадан да осынша табыс табуға болатынына көзі жеткен кәсіпкер алдағы жылы ұя санын оннан асырмақ.

– Қазір ауыл  тұрғындары кәсібін дөңгелетуге қолайлы жағдай туып отыр, – дейді ел ағасы Қабиден Емма­тов, –  өзім балаларыммен бірге 300-ден астам қой баға­мын. Сиырым, жылқым бар. Мал азығын өзіміз дайын­даймыз. Жер жеткілікті. Нартай Жұматайұлы облыстық мәслихаттың депутаты болып жүргенде осы төңіректегі ауылдардың жерін әлдебір кә­сіпкер банкке кепілдікке қойып, миллиондаған несие алып, егін екпекші болған. Соңын­да банкротқа ұшырады, егін егіл­мей қалды. Басқасын былай қой­ғанда, тауыққа да жем таба алмадық. Кейін халық қалаулысы барлық құжат­тарды зерттеп, адвокат жалдап, заң­сыз қойылған жерді халыққа қай­та­рып берді. Соның арқасында тиесілі пай үлесін алып, төрт түлік малын бағып, күн көрісін жөндеп алды.

Шіркін, әр ауылда ел еңсесін көтеретін осындай бір азамат болсайшы. 

 

Ақмола облысы,      

Зеренді ауданы

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22