Қайырбек Қожағалиұлы – осы ауылда туып-өскен парасатты азамат. Ол кезінде Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы «Образцовый» кеңшарында қарапайым механизатор болып бастаған. Одан арғы өмірі әскерлік міндет, институтпен жалғасады. Жоғары білім алған соң «Бай Еңбекке» бөлімше басқарушылығына тағайындалады. Жерлестеріне жаны ашып, қол ұшын беріп жүретін болған соң ауылдастарының арасында үлкен беделге ие. Сондықтан да 90-жылдардың басында кеңшар тарағанда жерлестері өздеріне тиесілі жер пайын Қайрекеңе беріп, ол «Еңбек» шаруа қожалығын ашады. Содан бері біреуден кейін, біреуден ілгері болып өзінің шаруашылығын дамыта береді. 1997 жылы ауылдың ежелгі аты «Бай Еңбекті» алып, серіктестік құрады.
Қайырбек Қожасовты үлкен жер иеленген, ірі шаруалардың қатарына қоса алмайсың. Оның астық егетін барлық жер көлемі 3 600 гектар ғана. Алайда елге, жерге жаны ашып, шаруашылығын дөңгелеткен сайын табысы жылдан-жылға артып келеді. Оның үстіне білімі мен тәжірибесі озық азаматтың ісі алға басып тұр. Агротехнологиялық талаптар толық егіс алқаптары соңғы жылдары гектарынан 30 центнерге жуық өнім береді.
Кейбіреулер сияқты табысын қалаға тасуға, жақсы көлік, жайлы үй алуға шығындамай, туған жерін көгертуге жұмсап отырған Қайрекең бұған дейін өз қаражатымен ауылдастарын таза ауызсумен де қамтамасыз еткен еді. Жаңа тұрғызылған ауыл үйлеріне су кіргізіп, сантехникалық құралдарды да орнатып берген. Жыл сайын арнайы бригадаға ақы төлеп, ауылдастарының үйіне жөндеу жұмысын да жүргізіп береді. Жұмыскерлеріне пай үлесін берумен қатар, жем-шөпті де төмендетілген бағаға жеткізеді. Ауылды абаттандыру аясында жыл сайын көшет егу, ауыл ішіндегі қоршауларды, жолдарды жаңарту бойынша да жұмыс жүргізеді. 2024 жылы 1 мыңға жуық көшет еккен көрінеді. Ауылдастардың айтуына қарағанда, шаруашылық ардагерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға да көмек қолын созады.
Қайырбек Қожасовтың ауылы ежелден «Бай Еңбек» аталған. Өйткені бұл ауылдың орналасқан жері тамаша. Дәл Есіл өзенінің жағасы, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Бірақ жанашыр ие болмаса, қанша құнарлы жерде тұрса да ауыл шашылып қалар еді. Солтүстіктің талай ауылы солай тозып кеткен. Қайырбектей баласы болған «Бай Еңбектің» бағы бар. Қазір Қайрекең ауылдың адам санын көбейту мақсатымен қоныс аударушыларға арнап бірнеше үй салды. Әзірге 50 оқушыға шақталған жаңа бастауыш мектепті де бала саны көбейсе кеңітуді ойлап қойған. Әзірге 20 шақты адамға жұмыс орнын ашқан мектеп заманға сай жабдықталған. Оқу ошағы төрт сынып пен мектепке дейінгі даярлық тобын қамтиды. Әр сынып ерекше түспен безендірілген. Ғимаратта спорт залы, заманауи жиһаздары бар, оқу құралдары толықтай жеткізілген. Бұл ғимарат тек білім саласына ғана емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған зор үлес екені даусыз.
Бұған дейін ауыл балалары Явленка, Покровка ауылдарына қатынап оқуға мәжбүр болатын. Олар үшін арнайы тасымалдау ұйымдастырылғанымен, бұл уақыт пен шығынды талап ететін еді. Енді балалар туған топырағында, ата-анасының қасында ана тілі мен ұлттық құндылық аясында білім алады.
Қайырбек Қожасов «Еңбек ардагері» медалімен, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің, Есіл ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, «Парыз-2019» сыйлығының жеңімпазы. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық мәслихатының І, ІІІ шақырылымының депутаты болған. Республика күніне орай ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысып, меценаттың бастамасына ризашылығын білдірді. «Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен туған ауылдың дамуына қосқан зор үлесінің айқын мысалы», – деді ол өзінің сөзінде.
Солтүстік Қазақстан облысы