Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Фильмді тамашалай отырып, бұл оқиғадан қазақ жігітінің ата-баба топырағына табан тіреуін ғана емес, сонымен қатар елдік сана мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісін сезіндік. Өйткені осы жұмыстың бәрі арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында емес, қарапайым азаматтардың шынайы ниеті мен жанашырлық пейілінің арқасында жүзеге асып отыр. Расында, көпке ой салар, үлгі болар жайт. Біз оқиғаның мән-жайын тереңірек білу мақсатында Е.Алмабекпен сөйлесіп, Ауғанстан сапарының сырына қаныққан едік.
Блогер он мыңдаған көрермені бар «Sayahat Time» атты «YouTube» арнасында 2018 жылдан бері өзі сапар шеккен елдері жайында танымдық видеоларын жариялап келеді. Осы аралықта он бес шақты елге табан тірепті. Бірер жыл бұрын әлеуметтік желіден ауған қазақтары туралы ақпаратты оқып, аталған елге баруға да шешім қабылдағанын айтады.
«Былтыр тамыз айында Ауғанстанға жолым түсті, – дейді ол. – Алдымен ел астанасы Кабулға, кейін елдің орталығындағы Бамиян қаласына ат басын бұрдым. Ол жақта Бамиян хазарлары жайында видео түсірген соң, қазақ елшілігінің көмегімен Мазари-Шәріп қаласына жеттім. Сол жерде қазақтар көп шоғырланған. Сабырдың әкесі Ташпулат ата жергілікті қазақтар арасында беделі бар, олардың арғы-бергі тарихын жақсы білетін кісі екен. Оның үйінде қонақта болғанда ұлы Сабырмен алғаш таныстым».
Жергілікті қазақтар туралы видео түсіру барысында Ташпулат ата қайда барып, кіммен сөйлесу керек екенін айтып, жөн сілтеп отырса, Сабыр қасына бірге еріп жүреді. Осы сапардан кейін «Ауған қазақтары. Елге оралғымыз келеді» атты деректі фильм түсіріп, былтыр қараша айында ғаламторға жариялаған. Сол фильмде Сабыр мен өзге де тепсе темір үзетін қазақ жігіттері атажұртқа қайтқысы келетіні туралы айтқан бір эпизод бар. «Мұндағы ауған, пуштун, өзбек, тәжік достарым үнемі менен: «Сенің Қазақстан секілді дамыған атамекенің бар. Неге сонда бармайсың?» деп сұрайды. Менің де ендігі мақсатым – атажұртқа көшу», дейді ол фильмде.
«Деректі фильмді Астанадағы Сағадат есімді кәсіпкер ағам да көріпті. Ол кісінің Ақмола облысы Бұланды ауданы Алтынды ауылында жеке кәсібі бар. Егін шаруашылығымен айналысады. Елге келуге ниетті шеттегі қазақ жастарын көрген соң, соларды көшіріп әкеліп, өз шаруашылығына жұмысқа орналастыру туралы идеясын айтты. Өзі елшілікпен байланысып, құжат жағын реттеумен айналысатынын жеткізді. Ал маған: «Ернар, Сабырдың өзі ғана келісіп отыр. Сен барып, оған көмектесіп, елге алып келсең», деп өтініш тастады. Мен қуана-қуана келістім. Осылайша, Ауғанстанға екінші мәрте жолым түсіп, қандасымызды атажұртқа әкелу операциясы басталып кетті», дейді блогер.
Кәсіпкер Сағадат Қабикенов Ауғанстандағы Қазақстан елшілігімен бірлесіп, Сабырдың құжатын дайындауға кіріседі. Ол шаруа бірнеше айға созылыпты. Өйткені ауған елінен қандастарды көшіру оңай емес екен. Алдымен Сабырдың қазақ екенін дәлелдеу керек еді.
«Сағадат ағаның табандылығы мен қазақ елшілігінің көмегі арқасында бұл жұмыстың бәрі сәтті аяқталып, Сабыр екеуміз соңғы құжаттарды рәсімдеп, көктемде Дубай арқылы Астанаға ұшып келдік. Бауырымызды Сағадат аға Алтынды ауылындағы өзінің шаруашылығына жұмысқа орналастырды», дейді Ернар.
Блогер бұл істің бәрі кәсіпкер С.Қабикеновтің бастамасымен әрі тікелей араласуымен жүзеге асқанын, ал өзі тек Ауғанстанда түсірген бейнематериалы арқылы елге келуге ниетті қазақ жігіттерін табуға ғана себепші болғанын айтады.
«Әрине, біз мұны өзіміз жасадық деп айтудан аулақпыз. Мәселен, сол жақтағы Қазақстан елшілігі көп көмегін тигізді. Олар әлі күнге Сабырмен үнемі байланыста, жаңа жерге, жаңа өмірге бейімделу жағдайын бақылап отыр. «Отандастар» қоры да бізге қолұшын созды. Елімізге кіруге, «қандас» мәртебесі мен азаматтықты алуға қандай құжаттар керек екенін тәптіштеп түсіндіріп, кеңесін аямады», дейді блогер.
Е.Алмабектің айтуынша, бүгінде Ауғанстанда 200-дей ғана қазақ тұрады. Үлкендер жағы жастардың атамекенге қайтқанын қалайды. Алайда қиындық та жоқ емес.
«Ол жақтағы ағайын өзге ұлт өкілдерімен мидай араласып кеткен. Соның кесірінен қандас ретінде елге келу үшін қазақ екенін дәлелдеу қиын. Оның үстіне, Ауғанстаннан ұлтын «қазақ» деп жаздырып алып, Қазақстанға өтіп кеткен өзге ұлт өкілдері де аз емес көрінеді. Ондай заңсыздықтар да шығып жатыр. Осындай келеңсіз жайттар шын мәніндегі қазақтардың атамекенге оралуына кедергі болып тұр», дейді ол.
Сабыр Ташпулатұлы Алтынды ауылына жұмысқа орналасқаннан кейін, әрине, алғашқыда бұл жақтағы өмірге үйрену жеңіл болмаған. Өйткені алғашқы кездері жалғыз өзі еді. Оның үстіне жыл он екі ай жаз салтанат құратын Ауғанстанның ыстығы мен алты ай қар астында жататын Ақмоланың ызғарын салыстыру мүмкін емес. Бұл жақтың халқы негізінен өзге тілде шүлдірлесетіні де қандасымызға жат көрінген шығар. Дегенмен кейін Ауғанстаннан тағы да Мамат және Фазыл есімді екі қазақ жігіті көшіп келіп, Сабырдың қасына жұмысқа орналасқан. Содан кейін жаңа жерге үйренісу барысы жеңілдегенін айтады блогер.
«Сабырмен үнемі хабарласып тұрамын. Қазір үйреніп қалды. Құжаттарын да жинап бітуге таяу. Одан кейін қандас мәртебесін алып, сосын азаматтыққа өтініш бермек», дейді ол.
Ауғанстанда Сабырдың ата-анасы мен жалғыз бауыры ғана қалған. Әзірге олардың атамекенге қайту-қайтпауы белгісіз.
Иә, бір қазақтың болса да атажұртқа оралып, туған жердің кетігіне кірпіш болып қалануы – білетін жанға баға жетпес олжа. Ал бұл игі бастаманың кәсіпкер мен блогердің ынта-жігерімен, бірліктің күшімен жүзеге асуы – ерлікке татырлық елдік іс. Теріскейді қазақтандыру үрдісіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жүрек қалауымен, ізгі ниетпен қосылған үлес – ел тағдырына деген жанашырлықтың айғағы. Бұл «Үкімет не істейді?» деп қарап отырмай, ел ертеңіне алаңдап, ұлт болашағы үшін белсене әрекет етер отаншыл азаматтардың бар екенін айқын көрсетеді.