Ғылым • Бүгін, 08:07

Жаңалығын қарт құрлық бағалаған ғалымдар

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіз елдің талантты ұл-қыздары бүгінде әлемнің әр қиырында білім алып, біліктілігін арттырып, қоғамға өз үлестерін қосудан жалыққан жоқ. Жақында Лондонда тұратын Сапар Жеңісұлымен жақын танысудың орайы келді. Әр сөзін салмақпен айтатын Сапар мырзаның сол кездесудегі айтқаны осы мақалаға жүк болды.

Жаңалығын қарт құрлық бағалаған ғалымдар

Бұл күнде таңдаулы менеджер Сапар Сатаев Лондонда тұрып, ғарыш саласындағы халықаралық жобаларды дамыту және жүзеге асырумен айналысады. Ол – еліміздің ғарыштық әлеуетін әлемдік деңгейде танытып жүрген санаулы маманның бірі.

Сапар Жеңісұлы Алматы облысы, Нарынқол ауданының Нарынқол ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетін тәмамдап, плазма физикасы бойынша уни­верситет жанындағы Теориялық және экс­перименталдық ғылы­ми зерттеу институтында бір­неше жыл зерттеуші болып еңбек еткен. Ғылымға деген қызығушылығын тереңдету мақсатында Римдегі әйгілі «La Sapienza» университетінде «Геосаясат және жаһандық қауіпсіздік» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Кейін Мюнхен техникалық университеті мен Калифорния университеті, Берклидің «Haas School of Business» бизнес-мектебі бірлесіп жүргізген бағдарлама бо­йын­ша «Executive MBA» дәрежесін иеленді. Осын­дай сан түрлі құлшыныс оның ғылыми көзқарасын бизнес және инновациялық ойларын шыңдап, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Сапар Сатаевтың ғарыш сала­сындағы кәсіби жолы 20 жылдан асады. Ол Қазақстан мен шетел­дің ғарыш индустриясындағы бір­қатар ірі жобаны іске асыруға қатысқан. Атап айтқанда, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлт­тық компаниясында еңбек ете жүріп, еуропалық «Airbus Defense and Space» компаниясымен бірлескен стратегиялық жобаларды басқаруға атсалыс­ты. Осы ынтымақтастық нә­ти­же­­сінде KazEOSat-1 және KazEOSat-2 жерді қашықтан зондтау спутниктері ұшырылып, Астанада заманауи спутниктерді жинақтау және сынақтан өткізу орталығы салынды. Шындығында, бұл жобалар еліміздің ғарыш инфрақұрылы­мын жаңа деңгейге көтеріп, елдің технология­лық тәуелсіздігін арттырған маңызды қадам болды.

2021 жылдан бері Сапар Жеңіс­ұлы отбасымен Лондонда тұрып, Еуропа және Азия елдерінің ғарыш компанияларымен бірлесіп, Жерді қашықтан зондтау және спутниктік IoT бағыттарында халықаралық жобаларды іске асырып келеді. Сондай-ақ ол өз тәжірибесін пайдаланып, еліміздегі Ионосфера институтының ғылыми және ком­мерциялық жобаларын әлемдік нарыққа шығару ісіне де үлес қосып отыр.

Қазір ол Батыс пен Шығыс ғарыш сала­ларының, әсіресе Ұлы­британия мен Қытай­дың даму тәжірибесін зерделеп, олардың осы ­сала­дағы жетістіктерін еліміздің ғарыш саласына бейімдеудің жолдарын іздестіріп жатыр.

«Ғарыш – тек ғылым мен тех­нология емес,  елдің интел­лектуалдық және стратегиялық дамуының көрсеткіші. Сондықтан халықаралық тәжірибені ұтым­ды пайдалану – еліміз үшін бола­шақтағы басты бағыттардың бірі», дейді Сапар Жеңісұлы.

Бүгінде алыстағы ағылшын елінде еңбек етіп жүрген білік­ті маман Сапар Сатаевтың құлшы­нысы – еліміздің ғарыштық және жоғары технологиялық әлеуе­тін дамытудың, сондай-ақ ха­лықаралық әріптестікті нығай­тудың жарқын үлгісі. Оның өмір жолы – жас ғалымдар мен инженерлерге шабыт беретін өнеге бола бермек.

Ал оның зайыбының да ғы­лыммен айналысып жүргеніне де бірталай уақыттың жүзіне айналды. Ұлыбританиядағы әйгілі «Imperial College Business School»-да докторлық диссертациясын жазып жүрген Мәдина Маратқызы Нұрғожина – ізденісте жүрген жас ғалымдардың бірі. Ол кәсіпкер әйелдердің кәсі­бін қолдауға ба­ғытталған бірқатар жобаның жетекшісі. Мәдинаның кәсі­би жолы ғылым мен бизнесті ұштастыра білген жаңа буын отандық әйелдің бейнесін айқын көрсетеді. Балалық шағынан ғылымға ерекше қызығушылық танытқан Мәдина – ғалымдар әулетінің өкілі: әкесі – профессор, анасы мен әпкесі – ғылым кандидаттары.

Ол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Ма­шина жасау кәсіпорын­да­рын­дағы экономика және басқару» маман­ды­ғын үздік тәмамдаған соң, білімін шетелде жалғастырды. «Болашақ» халықаралық бағ­дар­­ламасының стипендиаты ретінде АҚШ-тың Иллинойс университетінде қос дипломды магистратураны бизнес-әкімшілік және технологияларды басқару бағытында тәмам­да­ды. Сондай-ақ Гарвард университетінде ­с­тра­тегиялық менеджмент курсын аяқтап, әлемдік басқару тәжі­рибесін меңгерді.

Мәдина Нұрғожинаның да кәсіби жолы ғарыш саласынан басталды. Ол он жылдан астам уақыт бойы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясында еңбек етіп, халық­аралық жобаларды басқару және байланыстарды дамыту бағытында қызмет атқарды. Сол кезеңде ел астанасында салынған Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің іске қосылуына да өз үлесін қосты.

Алайда көп уақыт өтпей Мәдина жаңа бағытқа, яғни кәсіпкерлікке бет бұрды. «PhotoMoto» атты фотосаласындағы цифр­лық стартапты (www.photomoto.photo) құрып, «Inspired Me» атты әйел-кәсіпкерлер қауым­дастығының тең құрылтайшысы атанды. Осы бастамалар мен тәжірибе оған әйелдер кәсіп­керлігі мен оны қолдау саласын зерттеуге түрткі болды.

2018 жылдан бастап ол акаде­миялық ортаға толықтай бет бұрып, Назарбаев уни­вер­ситетінің Жоғары бизнес мектебінде кәсіпкерлік пен менеджмент бойынша дәріс оқыды. 2019–2021 жылдары Қазақстанның ұлттық зерттеу тобы құрамында «Global Entrepreneurship Monitor» (GEM) атты халықаралық зерттеу жобасына қатысып, еліміздегі кәсіп­керліктің даму динамикасын талдауға үлес қосты.

Оның қазіргі зерттеу тақырыбы – кәсіп­керлік пен гендерлік аспек­тілер, сондай-ақ нет­воркиң мен қауымдастықтардың кәсіпкерлерді дамытудағы рөлі.

«Мен үшін маңыздысы – шетел­дік тәжі­рибені жай үйреніп қана қоймай, оны еліміз бен Орталық Азия контексіне бейімдеп, нақты нәтижеге қол жеткізу. Әйелдер кәсіпкер­лігін дамыту арқылы аймақтың экономи­ка­лық белсенділігін арттыруға болады», дейді ­Мәдина Маратқызы.

Ол өз зерттеу нәтижелерін практика­лық тұрғыда іске асырып келеді. Қазақстан­ның Бизнес-тренерлер ассоциациясының қолдауымен ол жүздеген әйел-кәсіпкерге арнап тренингтер өткізіп, бұл тәжірибені Қыр­ғызстан мен Өзбекстанға да кеңейтті. Сонымен қатар шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, аймақтың академиялық әлеуетін арттыруға бағытталған ғылыми ынтымақтастық жобаларын дамытып жүр.

Мәдина Нұрғожинаның өмір жолы – білім, табандылық және жаңа мүмкіндіктерге ашық­тықтың айқын үлгісі. Ғылым мен кәсіпкер­лікті ұштастырған ол отандық әйелдердің халық­аралық деңгейде табысқа жетуіне жол ашып, Орталық Азиядағы кәсіпкерлік экожүйенің дамуына сүбелі үлес қосады.

Англияда еңбек етіп жүрген ерлі-зайыпты ғалымдардың ғылы­ми жолы – отандық ғы­лым­ның халық­аралық кеңістікке шығуы­ның жар­қын көрінісі. Олардың табысы үздіксіз ізденіс пен өзара қолдаудың нәтижесі екенін бай­қауға болады. Бұл жұптың тәжірибесі жас зерт­теушілерге үлгі болып, Қазақстан мен Ұлы­британия арасындағы ғылыми байла­нысты нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Ғылым жо­лындағы ынтымақ пен адалдық – олардың бас­ты ұстанымы және табысының кілті. 

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22