Өнер • Бүгін, 08:35

«Бара жатыр жұлдызы ағып...»

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көк жүзіндегі бұлттай көшкен жылдар тізбегіне көз салған сайын ондаған ой өз құрсауына алатыны бар. Сан сауалдың жауабын іздеп, көңіл бірде көкке өрлеп, бірде құлдилайды. Кейде өткен шаққа қарайлап, көңіл шіркіннің көк теңіздей толқитыны белгілі. Бірде деректі, бірде дерексіз дүниелер сананы сан саққа жүгіртеді. Құстай ұшқан уақыттың қанатынан қармау әсте мүмкін емес. Содан да болса керек, көз ұшынан алыстаған жылдарға деген сағыныш сарқылмайтындай көрінеді.

«Бара жатыр жұлдызы ағып...»

Адам жаны, кісі көңілі – нәзік құбылыс. Жаратылыс иесінің жанын қисынсыз сөзбен жаралау – қиын іс емес. Ақи­қатында тән жарасын емдеу оңай болғанымен, жан жарасына шипа табу қиын екеніне ешкімнің таласы жоқ.

Мұндайда құдіретті поэзияның тармақтарынан жанымызға жалау, көңілімізге демеу іздегендей боламыз. Қылыштан өткір, қылдан нәзік тілі бар шайыр жыры әдемі әнге айналса, сол ән көңіл түкпіріндегі түрлі ойдың түйінін тарқатуға себепші болып жатса, бұл дегеніңіз өзара үйлесім тапқан саз бен сөздің мықтылығы емей немене?

Ақиқатында, кейде қисапсыз сөзден гөрі әсерлі әннің ырғағы жүрекке жылы тиеді. Астарында терең мән тұнған туынды көкейімізде кілкіп тұрған, алқымымызға тығыл­ған көп сөзді аз шумақпен, дәл тармақ­пен жеткізгенде, шынында да, бір разылық күй бойыңды керней түседі. Жеңілдеп қалғандай боласың. Әйтеуір тұңғиығына тарта түсетін сол бір әннің иірім-қайырымына елітесің. Сен үшін композитордың жүрегін жарып шыққан ән сөйлеп тұрғандай болады. Өнердің құдіреті дегеніміз де сол шығар.

Айтулы ақын Есенқұл Жақып­бектің қай өлеңі болсын қазақ оқыр­манын бейжай қалдырмайтыны даусыз. Қара өлеңнің тұнығынан қанып ішкен ақынның сөзіне жазылған әндер де жұрт жүрегіне жетіп жататыны заңдылық. Әрине, шынашақтай кезінде әйгілі «Бозторғайымен» тұтас халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Мейрамбек Беспаев секілді біртуар талант сол әнді қалыбына салып орындағанда, ол туындының бағы тіпті ашыла түсетіндей көрінетіні тағы бар. Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған Бағлан Омаровтың «Бір қуанып» әні де жұрттың жадында мәңгі жаңғырып тұратын туындыға айналғанына ешкімнің таласы жоқ.

«Көк шыққанға бір қуанып,

Шөп шыққанға бір қуанып,

Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып.

Қызғалдаққа бір қуанып,

Сарғалдаққа бір қуанып,

Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып»,

деп басталатын әннің бастапқы шумағының өзі жүрекке жылы тиетіні, жаныңды тебірентетіні, ойыңды ойран ететіні анық.

Көп ішінде қоқырайып жүр­ген­мен, қоғамда әрбір адам шын мәнінде жалғыз ғой. Адам жанын жабырқатқан сол жалғыздықтың тұңғиығына үңілу дегеніңіз әсте оңай болмаса керек. Әнді тыңдай отырып, оңаша ойдан қажыған кісінің көңіліндегі сезім шеруінде беймәлім бір драманың үні бар ма деген ой санаңды шырмауықтай шырмап алады. Бір анығы, автордың жан арпалысы, көңіл түкпіріндегі мехнаты мен өкініші, бәлкім біз білмейтін азабы әннің құдіреті мен әншінің дауысы арқылы біздің де көңілімізді аласапыран қылатыны даусыз.

Баяу әннің ырғағынан терең күрсіністің үнін естігендей сезімде болатының анық. Аралас ойлар жүрек төріндегі түрлі пайымға толы дүниені қозғайды, толғандырмай қоймайды. Тереңдігімен өзінің тұңғиығына тарта түседі... Өткен шаққа қарайлау арқылы жоғалтқан күндердің, сағымға айналған жастық шақтың парқын түсінгендей боласың. Бойыңды көз алдыңнан жылыстап өтіп жатқан күндерге деген қимастық сезім билеп алғандай...

«Көк аспаннан бара жатыр,

өмірімнің жұлдызы ағып,

Жетем деген арман жолым,

Бара жатыр жол да ұзарып,

Жұлдыз неткен мұңлы жарық, мұңлы жарық.

 

Ескі доспен кездескенде

Есім шығып шын қуанып.

Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып.

Өсем деген ұлды бағып,

кетем деген қызды бағып,

Өмірімнің бара жатыр,

бара жатыр жұлдызы ағып»,

деген биографиялық тармақтар да бәріміздің басымыздан өтіп жатқан күндер мен жылдардың күнтізбесін жасап тұрғандай күй кештіреді.

Расында да, жылыстап өтіп жатқан өмірдің бір миссиясы – өткен шақты ұмытпау. Бір қызығы, бай-бағланның да, кедей-кепшіктің де өмірінде еш өзгеріссіз қалатын әлем – жүріп өткен жол, сағымға, сағынышқа толы жылдар. Оны ешкім де қайтара алмайды. Ал әр адамның жұлдызы, саға­ты соққанда сөнеді. Содан да болса керек, кез келген адам өткен шағын айрықша сағынышпен еске алады.

Әр адамның тағдыры – шешімі жоқ жұмбақ. Әр нәрсеге, бар дүниеге қуана білу де – бақыт. Сынаптай сырғыған уақыт адам бойындағы сағыныш деген алапат сезімнің шырпысын тұтатпай тұра алмайтыны ақиқат. Ал Есенқұл Жақыпбектің өлеңіне жазылған «Бір қуанып» әні – адам тағдырының сан тарауына сөзбен қойылған ескерткіш.

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22