Кино • Бүгін, 08:38

«Басқалардың өмірі» – қайта оралмас қоғам

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Неміс кинорежиссері, сценарист һәм продюссер Флориан Хенкель фон Доннерсмарктің 2006 жылы көрерменге жол тартқан «Басқалардың өмірі» атты кино картинасынан тоталитарлық жүйенің азалы үні естіледі. Кеңестік заманды аңсайтын жандар қалайда осы туындыны бір көруге тиіс.

«Басқалардың өмірі» – қайта оралмас қоғам

Қазақтың «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» сынды класси­калық фильмдерін қай­талап көре беруден жалықпаймыз ғой. Фон Доннерсмарктің фильмін де бірнеше мәрте тамашаладық. Әр жолы түрлі ой түйіп, жаңа қатпарлар ашылып, сыңаржақ идео­логия құрбандарының тереңде тұнып жат­қан шерін ұққандай болдық. Фильмдегі кейіп­керлердің мұңы мен жыры бізге етене жақын секілді. Кеңес одағының ықпа­лын­да болған Шығыс Германиядағы 1984 жыл­дар­дағы оқиғаларға қарап отырып дәл сол уақыт­та қызылкөз өкіметтің бақылауында үреймен ғұмыр кешіп жүріп, қазақтың сөзін сөйлеген зиялыларымыздың хал-күйін түйсіндік.

Адамның әр кез өзінің бақылауда екенін ойлап, айналасына үрейлене қарап, көлең­кесінен қорқып жүруі шынында қасірет емес пе? Сол қасіретті шеккендердің тағдыры кино тілінде сөйлегенде жеке тұлғаның ішкі азаттығын бұғауда ұстағысы келетін большевиктер құрған қоғамның адамдық болмысқа һәм ар-ожданға жасаған қиянаты тұла бойыңды шымырлатпай қоймайды. Адами еркіндікті аңсаған индивид пен сая­си жүйе арасындағы көзге көрінбейтін күрес қаншама адамның жанын жауратты екен десеңізші? Соның бәрін майдан қыл суырғандай әңгімелейтін туынды режиссерінің шеберлігіне еріксіз бас идік.

Көркем фильмнің басты кейіпкері социализм ісіне адалдық танытып келген коммунистік жүйенің қырағы «штазиы» (құпия полиция қызметкері) – майор Герд Визлер. Картина сол майордың шәкірттерге «сенімсіз» азаматтарды ұйқысыздықпен азаптау, тұтқынға бір сұрақты қайталап қоя беру арқылы жүйкесіне соққы жасау амалдарын үйретуден басталады. Ноқтаға басы сыймайтын саналы азаматтарды жазықсыз жапа шектіріп, жасамаған қылмысын мойындату, жер аударып, абақтыға тоғыту кеңестік кезеңнің «салты» болғаны белгілі. Фильм осы бір «салтты» әрі қарай жалғайтындай көрінген. Бірақ біз қателесіппіз... 

Өз мамандығының майын ішкен майо­р Герд Визлер драматург Георг Дрейман мен Христa-Мария Силанд атты әртістің үйіне арнайы тыңшы аппаратын орнатып, олардың күнделікті күйбең тіршілігін бақылауға міндеттеледі. Драматург Георг Дрейман –  Шығыс Германиядағы суицидтің көбеюі туралы мақалалар жазып, оны бүр­кеншік атпен Батыс баспасөзінде жария­лау­ға күш салып жүрген күрескер тұлға. Герд Визлер драматург пен әртістің әр күнгі әңгімелерін жазып, тиісті мекемелерге есеп жолдап отырады. Осылай кейіпкер өзгенің өміріне тыңшылық жасай отырып, өзінің де сол ғұмырмен бітеқайнасып кеткенін аң­ғар­май қалады. Біраз уақыт өткен соң, бақы­лауын­дағы адамдардың өмірі мен өнері­не елітіп, олардың көзқарасының дұрыс­тығын мойындайды. Сөйтеді де, жала жабар­лық дерек жинаудың орнына драматург пен әртістің «қылмысын» жасыруға кірі­седі. Берлиндегі батысшыл көзқарастағы зиялы­лар­дың барлығының басына үйірілген қара бұлт майор бақылауындағы азаматтарды ай­налып өтеді. Штазидың осы бір адамдық әре­кеті драматургті бірнеше қатерден сақтайды.

Фильмдегі кейіпкерлердің тағдыры жеке бастың драмасы емес. Автор керісінше, сол кез­дегі қоғамның моральдық портретін, яғни адам­ның рухани эволюциясы мен ішкі еркін­дігін дәріптейтін гуманистік туынды туғызуға ұмтылған. Берлин қабырғасы құлаған кезде бала болған режиссер бізге жеке тұлғаның адами болмысын жойып, еркін ойлау қабілетін шектейтінін тоталитарлық жүйенің өзінде  адамдық қасиеттің ұшқынын сөндірмеген тұлғалардың болғанын, олар қолындағы «кішкене» ғана билікті пайдаланып, әділдіктің туын жықпағанын айтқысы келгендей көрінді.

Кеңестік жүйе еркін ойлы азаматтарға түрлі қысым жасап, оларды рухани мүгедек жа­сауға тырысты. Мәселен, эмиграцияға кеткен суретші Шемякиннің Париж зообағында кеңестік туристерді көргенін, бір-бірінен қал­май топтасып жүрген оларды үстіне киген нашар киімі мен жан-жағына сақтана қарайтын үрейлі жүздерінен танығанын айтады. «Маған олар жындыхананың ем­делу­шілері секілді көрінді. Мен ол «ауру­ха­наға» қайта оралғым келмейді», деп түйін­дей­ді ойын. Сол айтпақшы, біз сөз еткен «Бас­қа­лардың өмірі» атты фильмді көрсеңіз, сіз­дің де социалистік қоғамнан безеріңізге сөз беремін!

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22