Думанды кештің қонақтары этномәдени бірлестік өкілдері, студенттер, шығармашылық ұжымдар мен қала тұрғындары болды. Фестивальда Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева сөз сөйлеп ұлтаралық татулықтың маңызы жөнінде келелі ой қозғады.
«Қазақстанның баға жетпес қазынасы – оның көпэтносты халқы. Қоғамның дамуына бейбіт өмір қандай керек екенін әлемдегі бүгінгі ахуал анық көрсетіп отыр. Сондықтан осы өмірімізді бағалай білейік. Елімізде тұрып жатқан этнос өкілдерінің тілі, түрі басқа болғанымен жүрегі бір, тілегі бір. Бәрі де Қазақстанның өсіп-өркендеуін қалайды. Сол жолда аянбай еңбек етіп келеді. Тарихтан белгілі болғандай барша этнос өкілдерінің ата-бабасы қазақ жеріне күштеп қоныс аударылды. Сталиндік саясаттың кесірінен туған жерінен көшірілген этностар қазақтың ескі үйін паналады. Халқымыздың мейірімділігінің арқасында көпшілігі бір ажалдан аман қалып, тағдыр оларға ұрпақ жалғастыруға мүмкіндік сыйлады. Міне, сол кезеңнен бері барлық ұлт өкілі қазақ халқымен бірге бір отбасының балаларындай тату өмір сүріп келеді. Ендігі мақсат – сол ұлтаралық достықты сақтау. Бауырмалдық сыйластықтың ортасына ешқандай сызат түспеу керек. Біз бір жұдырық болып жұмылсақ қана бар қиындықты жеңіп, алар асуды бағындырамыз. Кез келген ұлт осы бірліктің арқасында жетістікке жеткен. Араздық, алауыздық қоғамды керісінше бүлдіріп, жаман жолға бастайды. Ондай жағдайда елден ынтымақ пен береке кетеді. Берекесі жоқ қоғам өздеріңіз білетіндей ешқандай жетістікке жете алмайды. Сондықтан осы күнімізге де шүкіршілік деуіміз керек», деді А.Әмзеева.
Концерттік қойылым кезінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Қаракөз» би ансамблі, музыкалық колледждің студенттік хоры, «Светоч», «Ардагер» хор ұжымдары, «Южный город» тобы мен «Еркетай» балалар би ансамблі өнер көрсетті. Жиналған жұрт қазақ халқының, славян, армян, белорус және украин этнос өкілдерінің ұлттық музыкасын тыңдап, керемет билерін тамашалады. Осылайша, түрлі мәдениеттер тоғысқан көркем бір іс-шараның куәсі болды. Әсіресе армян халқының ұлттық аспабы дудуктың мұңлы үні адамдарды бір сәт терең ойға шомдырды. Өз кезегінде славян халықтарының «Раздолье» тобы шырқаған халық әндер попурриі көрермендер көңілін бір сергітіп алды. Армяндық өнерпаздар орындаған «Кочари» биі де өзінің сұлулығымен әдемі ырғағымен көпшілікті бейжай қалдырмады. Мәдени кеш соңында іс-шараға атсалысқан бір топ этномәдени бірлестік өкілдері арнайы Алғысхаттармен марапатталды.
Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру мен ҚХА Хатшылығы тарапынан әзірлеген жобалар аясында шаһарда көптеген игі іс атқарылып келеді. Мәселен, Достық үйі базасында «Мәміле» пікірталас клубы жұмыс істейді. Клуб белсенділері тұрақты жиналып, түрлі тақырыптар бойынша қазақ тілінде сөйлесіп, тәжірибелерін байытады. Мемлекеттік тілде ән салып, қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды талқылайды, өлеңдерден үзінділер оқиды. Күн тәртібіндегі қай мәселе болмасын тек қазақ тілінде пікір алмасады. Жоба аясында өткен басқосуларға қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» оқытушылары қатысып, этнос жастарының қазақ тілінде мүдірмей сөйлеуіне практикалық тұрғыда көмек береді. Айта кетейік, бұл жобадағы іс-шараларға жүзден аса этнос жастары тұрақты атсалысып жүр. Қазақ тілін базалық деңгейде жақсартуға арналған «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» курсына 11 клуб мүшесі қатысады. Олар аптасына 3 сағаттан қазақ тілін оқып-үйренеді. Осылайша, өзге этнос өкілдерінің жастары тіл ұстартудағы теориялық білімін клуб отырыстарында тәжірибе жағынан шыңдай түсуге мүмкіндік алып отыр. Биыл мамыр айында «Мемлекеттік тіл – халықтар достығының дәнекері» байқауы ұйымдастырылған еді. Оған өзбек тілінде білім алатын жалпы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысып, үздік деп танылғандар марапатталды.
Ассамблея мүшелері «Жомарт жан» бастамасымен мұқтаж жандарға жалпы сомасы 16 млн теңгеден аса қаражаттың көмегін көрсетті. Бұл көмектер 3 мыңнан аса адамға ұсынылды.
Ұйым жанында Қазақстанның құрметті журналисі Әбдез Рахманұлы басқаратын журналистер мен блогерлер клубы бар. Клуб жұмысы арқылы БАҚ-қа сұхбат беретін спикерлер құрамы жасақталды. Қалалық ҚХА-ның «Facebook» «Instagram», «Youtube» және «Tik-Tok» сынды әлеуметтік желідегі парақшасының жұмысы жанданды. Кейінгі айларда қаралым саны 200 мыңға жуықтады. Этносаралық саладағы терминдерді дұрыс қолдануға арналған анықтамалық әзірленіп, жергілікті БАҚ өкілдеріне таратылды.
Ал «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасында этнос өкілдері жинақы қоныстанған шағын аудандар мен тұрғын алаптарда және оқу орындарында көптеген маңызды кездесу өткізді. Базарқақпа, Абдулабад, Забадам елді мекендерінде қала әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Осындай кездесулерде
7 мыңға жуық адамның түрлі мәселесі тыңдалды.
Сонымен қатар «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы» жобасы шеңберінде этномәдени бірлестік төрағалары қаңтар, сәуір айларында қала басшылығымен кездесулер ұйымдастырды. Одан бөлек, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында көктемгі әскерге шығарып салу рәсіміне қатысты. Патриоттық тәрбие бағытында қалалық ҚХА мен Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы арнайы меморандумға қол қойды.