Зерде • Бүгін, 08:18

«Өлі риза болмай, тірі байымайды»

10 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1966 жылдан бастап ұлтымыздың популяциялық биологиялық тарихы ауылдық жерде жақсы сақталғандықтан, жергілікті тұрғындарды зерттеп келемін. Түйгенім: қазақ – антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біріне қосылмайтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені ол біздің ата-бабаларымыз өз жерінде ешкімге ұқсамайтын жеке даму сатыларынан өткен.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды»

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Нағыз тарих – адамның қаңқа сүйектерінде. Қазіргі біз малданып жүрген архивтік деректер мұның қасында түкке тұрмайды. Өйткені олардың бәрі субъективтік ­жо­л­­­мен жазылған. Адамның нәсіл-тегін­дегі генетикалық деректер әлемнің еш­қандай архив қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды. Өлген соң сүйегінде, тірісінде бір тал ша­шын­да, бір тамшы қанында сақталады. Ата-бабаларымыздың кесене-зиратты құр­мет­теу себебінің сыры да содан деп білеміз.

Алдыңғы қатарлы ғалымдар қо­ғам­­дық құбылыстарды зерттеуде антро­пологиялық методологияны бұ­рын­нан бері қолданады. Осы әдіснама бойын­ша зерттеу нысанасы – адам, оның тағдыры, өмірі, табиғи ажырамас құқық­тары. Бұл әдіс индивидтің (тұлғаның) үлесіне түскен барлық қасіретті, оның ішінде адам мен азаматқа қатысты саяси қу­ғын-сүргінді объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді.

2020 жылы 24 қарашада Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі Мем­ле­­кеттік комиссия құрылып, тарихи әді­­­леттілікті қалпына келтіру, яғни қуғын-сүр­гін құрбандары мен зар­дап шек­кендерді құқықтық, саяси, мо­раль­дық, т.б. тұрғы­дан толық ақтау мін­­де­тін алға қойып, қы­­руар жұ­мыст­ар­ды ат­қарды. Осы комис­сия ­елі­мізде бірін­ші рет фундаментал­дық, антро­по­ло­гия­лық әдіснамамен зерт­теуді бастады. Большевиктік-коммунис­тік биліктің әрбір қазаққа (Қазақстан ­азаматына) қан­дай трагедия әкелгенін, табиғи ұлт­тық құқықтарын талай бұзғанын, ұзақ уақыт бойы қандай саяси қуғын-сүргінге ұшыратқанын кешенді зерттеуді мақсат етіп елеулі нәтижеге жетті.

2021 жылы 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ­еске алу күніне байланысты Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев: «Комиссия сола­қай саясаттан жапа шеккен қазақстан­­дық­тарға қатысты тарихи әділдікті қал­пы­на келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз», деп өнегелі жолды айқындап берді.

2020–2023 жылдары Мемлекеттік комис­сияның төрағасы болып Қырым­бек Көшербаев пен Ерлан Қариннің бас­шылығымен көп деңгейлі, ауқымды жұмыс атқарылды.

Осы комиссия, ең алдымен, саяси қу­ғын-сүргінге қатысты архив деректерге білікті зерттеушілердің қолын жеткізіп, тың деректерді ғылыми зерттеу нысанасына айналдыра білгені бізді қуантады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында құрылған Мем­лекеттік комиссия материалдары 72 том­дық жинақ болып шықты. Мемлекет комис­сия 300 мыңнан аса құрбанның және зардап шеккеннің ақталуына негіз жасады. «Egemen Qazaqstan», «Казах­станская правда» және басқа басылымдар, әлеуметтік желілер Мемлекеттік комис­сияда белсенді жұмыс істеген ға­лымдар, кеңес заманында объективті зерттелмеген, бұрмаланған уақиғалар­ды, «тұжырымдарды» жаңа әдіснама­мен, ғылыми халықаралық стандартпен зерде­ленгенін жазды. Дегенмен әлі де зерттелетін мәселе көп.

Жұртшылық пен ғалымдардың мүд­десі мен ниетінің арқасында ел Үкі­меті мемлекеттік комиссияның қоры­­­тын­дыларын, құрбандар мен ком­му­нистік режімнің саясаты мен экс­пери­менттерінен зардап шеккендердің жаңа санаттарын/кіші санаттарын одан әрі іргелі ғылыми зерттеу үшін 3 жылға жобалық нысаналы қаржы бөлді. Бұл – өте маңызды. Бірақ дәл қазір ғалымдар, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер осы зерттеуге қаншалықты дайын? Рас, қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жан-жақты жұмысын қамтамасыз ету үшін құрылған Жобалық кеңсенің заманауи әдістемелері, үлкен деректі және ғылыми әлеуеті бар.

Заңгер-ғалым Сабыр Қасымов жетек­шілік ететін Жобалық кеңсе алғаш рет халыққа қарсы «Қазақстандағы Кіші қазан» бағдарламасының қабылдану мақсатын, себептерін, күшпен іске асырудың салдарын іргелі, кешенді зерт­теуді жоспарлап отыр. Ғалымдар осы бағдарлама аясында аса елеулі мақсатқа жету үшін түрлі саяси науқандарды анықтап, зерттеп келеді. Олардың бірі – сан мың, миллиондаған отандасымыз­дың тағдырына әсер еткен орасан зор мемлекеттік науқан. Он мыңдаған, жүз мыңдаған адамның қиылған өмірі. Ал зардап шегіп, қорлық көрген, жазықсыз түрмеге қамалып, азап шеккендердің, елден кетуге мәжбүр болғандардың саны қаншама!

Біз зардап шеккендер мен құрбан­дардың, аштықтан қырылғандардың санын мүмкіндігінше толық анықтауға тиіспіз. Әр науқанды жеке ғылыми зерттеу топтары зерттеуге тиіс. Мұны антропология ғылымы тұрғысынан да зерттеу аса маңызды. Бұл қазақ халқының биологиялық тарихы үшін қажет.

Біздіңше, адами құндылықты жо­ғары қоятын адал және жауапты ғалым­дар, Жобалық кеңсе жұмысына аянбай көмектесуі керек. Бұл – ғылым бо­ла­­шағы. Большевиктер мен кеңестік пар­тия жалғандығын, кезіндегі жасанды кедер­гілерді әшкерелемей, бізде қоғам­дық ғылымды жаңарта алмаймыз, оны халық­аралық деңгейге көтеруді кешеуілдетеміз.

Бірақ мемлекеттік комиссия Жоба­лық кеңсесінің күш-жігері осындай орасан зор жұмысты орындауға жете ме? Ғылым және білім басшылары осы проб­леманы ойлай ма? Әлемде «қазақ тра­гедиясының» себептері мен мән-жайын ұмыту үшін бұрынғы коммунистік билік қасақана жапқан архивті толық зерттей аламыз ба? Осы іргелі жұмысқа мүдделі ғалымдардың еркін ғылыммен айналысуын қалай ынталандырамыз? Ұлттық трагедиямызды іргелі зерттейтін арнайы ғылыми зерттеу орталығын немесе институтын ашу жоспары орындала ма?

Ф.Голощекин тұсындағы (1925–1933 жылдар) большевиктердің өзі «Қазақ­стандағы Кіші Қазан» деп атаған сұмдық алапат қасірет толық, жүйелі зерттелуі керек. Бұл – әр қазақ әулетінің басынан өткен трагедия. Оны түгендемесек, ұлттық санамыз өспейді. «Өлі риза бол­май, тірі байымайды» деген қазақ дүние­танымы осы ақиқатты меңзейді.

Менің анам 1933 жылы ашаршы­лықтан өлді. Үш жастан енді асқан баламын, өлген шешемнің кеудесін еміп жатқан жерімнен туыстарым құтқа­рып алып қалған ғой. Әкем тамақ іздеп Ресей­ге кеткен, ол қайта оралғанша ше­шем мына азапты жалғаннан солай озған. Өмірде партияда болмаған адаммын. Партияға қалай кіремін? Менің көбі бүгінде бақилық болып кеткен достарым: «Ореке, сен енді профессор болдың, докторсың, ғалымсың, партияға кірмейсің бе?», деп сұрайтын. Мен олардан: «Сенің шешең бар ма?» деймін. Олар: «Бар» дейді. «Ендеше, сен шешеңді аштан өлтір, сосын партияға кір, – деймін оларға. – Туған анамды, халқымның 3 млн-нан астамын қасақана аштықпен қырып тастаған жүйеге қалай қызмет етемін?» деймін.

Аталарым орташа ауқатты адамдар екен. Қорған мен Түмен, Челябі мен Троицкі салынбай тұрғанда сол жерлер жаз жайлауы, қыс қыстауы болыпты. Тобылдың шебі тартылған кезде Ресей үкіметі біздің жерді басып алып, аталарымды өз жеріне жолатпаған.

Өзімнің қазақ екенімді бес жасымда білдім. Ресейдің ішкері өлкесінен келгендер қазақтарды «қырғыз» деп айтатын. Лениннің өзі автономия беріп тұрып, ел атауын «Қырғыз АССР» деп бекітті. Біздің ұлтты қорлағаны сондай, «қазақ» деуге қимады. Ауылымыз – Тобыл­дың жағасында, өзеннен небәрі 200–300 метр­дей жер. Бала кезімізде суда жақсы жүз­дік. Ені 15–20 метр болатын өзенді кесіп өту­ге әбден машықтандық. Жүзіп шығып, ­арғы беттегі құмда жатып күнге қыздыры­нып алатын едік.

Бір күні 5–6 бала Тобылдың Ресей жағында құмда ойнап отыр едік, тоғай­дың арасынан шыға келген екі жуан­жұдырық бізді ұстап алып «ой, киргизёнки» деп, өзеннің иіріміне қарай лақ­тырып жіберді. Бұл тұс үлкен қа­йық­­тың өзін айналдыра алатын ұлы иірім еді. Ауылдың үлкендері айтып та, көрсетіп те үйреткен, ондай иірімге түскен сәтте су бетіне қайта шығуға ұмтылмау қажет. Қалқып иірім бетіне шығу – өміріңді тәуекел етумен бірдей. Ондайда судың түбіне дейін сүңгіп, содан басқа бағытқа ұмтылып барып шықпаса бәрі бекер. Біз сөйттік те, иірімнен аман қалдық. 5 жастағы баламын, бір ажалдан қалғанымды және ұлтымды «қырғыз» деп бұрмалап айтатынын сонда естідім. Алайда ата-анам құлағыма құйған ұлтым қазақ екенін ішкі жан дүниемде, санамда сәби күнімнен жатталып еді.

Қорлықты соғыс кезінде көрдік. Қар­нымыз аш, киіміміз тозған, 12–13 жастағы бізді аямастан қара жұмысқа жекті. Өзеннің арғы бетінде деревня диірменіне астықты тасып апарып тартқызатынбыз. Ол кезде арбаға отырғызбайтын, арба соңында жаяу келе жатып та ұйықтайтынбыз. Кейін әдеттеніп алдық. 16–17 сағат жұмыс істе­ген­де діңкеміз құрып, әл-дәрменіміз қал­май­тын. Сондай уақытты бастан кештік қой...

Соғыстан кейін 1947 жылы жеті жыл­дық мектепті бітіріп, Мендіқарадағы пед­училищеге қабылдандым. Оны 1950 жылы аяқтап, Алматыдағы уни­верситеттің тарих факультетіне түстім. Оны 1955 жылы бітірдім. Бір жыл мұға­лім болдым. ­1956 жылы Ғылым акаде­миясының Тарих, ­археология және этно­графия институ­тына кіші ғылы­ми қызметкер болып кіріп, антропология бағытына дайындалдым. 1958 жылы институт атынан антропология бойынша үш ай тағылымдамадан өттім. Сол жылы күз айында Кеңес одағы ака­демиясының этнография инсти­тутын­дағы физикалық антропология маман­дығынан аспирантураға бір орын беріліп, оған жақсы бағамен емтихан тапсырдым. Бірақ Мәскеудегі институт басшылығы маған: «Қазақстанда диссертацияңа қажетті байырғы қазақ сүйектері жоқ», деп. Бұл жайға Алматыдағы институт қарсы болды. Сол кезде Мәскеуде Респуб­ликалық Ғылым академиясы прези­денттерінің жиналысы өтіп, академик Қ.Сәтбаев соған келген екен. Енді Мәскеу қонақүйінде Қазақ ғылым академиясының президентіне өтініш айтуыма тура келді. Қанекең қабылдады. Барлық мән-жайды айттым. Содан кейін ол: «Сен экспедицияға дайындала бер. 3–4 күнде береміз», деп Президенттен хабар келді. Ол маған 12 мың рублді 3 айға бөлген. Ол кезде бұл ақша 4 «москвичтің» құны еді. Сөйтіп, Қ.Сәтбаевтың арқасында Қазақстанда алғаш рет антропология ғылымына жол ашылып, қазақ халқының 5 мың жылдық биологиялық тарихына жазылуына жол ашылды...

Мен қазақ сүйектерін 1933 жылы аштан өлгендердің иесіз қойған молаларынан бастадым. 1958 жылы өткеннің сүйегін жинауға Семей облысының Шұбартау ауданынан кірістім. Өйткені бұл өлкеде аштық жылдары иесіз көмілген адам көп екен. Келесі кезекте атақты Қоянды жәрмеңкесі өткен Қарасор көлін айналдыра сүйек жинадық. Бұлар да аштан өлгендер екен. Осылай 300 адамның сүйегі жиналды.

«Қазақстандағы Кіші қазан» қасіреті құрбандарының санын дәл анықтау ма­ңызды. Біз әлі күнге дейін 1930–1933 жылдары аштық құрбандарының санын әрқилы жазып жүрміз. Бұл – ғылым үшін ұят жағдай.

Жалпы, тарих ғылымы математика сияқты нақтылықты сүйеді. Әншейін долбар, болжам деген дүние оған жат. Сондықтан да «Қазақстандағы Кіші қазан» трагедиясы жүйелі, іргелі зерттелуге тиіс.

Коммунистік тоталитарлық режім ке­зінде бұндай қасірет одақтас республикалар ішінде тек Украинада болды. Ал әлем деңгейінде мұндай оқиғалар кездесті. Өскен-өнген елдер сондай трагедияны жан-жақты зеттеп, қорытынды шығарды. Бұл бүгінгілердің шамына тимеуі керек. Тарих алдында әр буын өзіне жауап береді.

Аштан өлгендердің көмілген жер­ле­рі­не белгі қою қажет. Тарихымыздағы әр­­бір трагедияны еске алатын ескерт­­кіш керек. Бұл келер ұрпақты ойлануға, ­тол­­­ға­нуға тәрбиелейді. Ең болмаса, жүр­ген жер­­лерінің тарихын біліп жүреді, есінде қалады.

Коммунистік билік адамды ғана емес, ғылымды да қудалады. Антропология ғы­лымының бағы жанбады. Маған ең көп көмек көрсетіп, ғылыми кеңес берген ресейлік антрополог ғалымдар – Георгий Дебец, Яков Рогинский, Виктор Бунак. Жарықтықтар өмір бойы қуғын-сүргіннен көз ашпады, түрменің де дәмін татты.

Тоталитарлық жүйенің зардаптарын зерттеуге тарихшылармен қатар ғылыми социолог, мәдениеттанушы, психолог, антрополог, философ, заңгер ғалымдар да белсенді қатысуға тиіс. Өкінішке қарай, еліміздің жоғары оқу орындарында антропологияға қатысты дәріс оқытылмайды. Ғылым үшін бұл – үлкен кемістік. Сан рет айтылып, сан рет жазылса да жауаптылар бұған құлықсыздық танытып отыр.

1920–1950 жылдары қасірет, соның ішінде «Қазақстандағы Кіші қазан» зұлматын толыққанды, жүйелі зерттелгенде ғана тарихи сана тазарып, ұлттық сана өседі. Сол арқылы біз өткеннен сабақ алып, демократиялық қоғамды дамытамыз. Бұл – халықтың құқы мен мүддесін білдіретін және орындайтын мемлекеттің басты шарты. Мұны жүзеге асыруға әділетті Қазақстанда мүмкіндік толығымен бар деп сенемін.

 

Оразақ СМАҒҰЛОВ,

антрополог, ҰҒА академигі

Соңғы жаңалықтар