Қаржы • 08 Қаңтар, 2026

«Ұлттық қор – балаларға»: төлемдер көбіне қандай мақсаттарға жұмсалып жатыр?

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында берілетін қаражатты қазақстандықтар ең алдымен тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттап отыр. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәліметіне сілтеме жасап Egemen.kz хабарлайды.

«Ұлттық қор – балаларға»: төлемдер көбіне қандай мақсаттарға жұмсалып жатыр?

Қор деректеріне сәйкес, 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 127 445 өтініш орындалып, жалпы сомасы 19,69 млн АҚШ долларын құрады. Ал білім беру ақысын төлеу үшін 78 060 өтініш мақұлданып, 11,92 млн АҚШ доллары бағытталған.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша ең жиі таңдалған кіші мақсаттар мыналар болды:

– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі салымды толықтыру арқылы әрі қарай жинақтау үшін 124 490 өтініш, жалпы сомасы 19,27 млн АҚШ доллары;
– Тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарна ретінде 999 өтініш, 145,39 мың АҚШ доллары;
– Азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы тұрғын үйді меншігіне сатып алу үшін түпкілікті есеп айырысу мақсатында 757 өтініш, 108,64 мың АҚШ доллары.

Білім беру саласында төлемдер негізінен Қазақстан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының қызметтерін төлеуге жұмсалған.

Атап айтқанда:

– Оқу ақысы үшін кезең-кезеңімен немесе толық көлемде біржолғы төлем жасауға 71 025 өтініш, 11,03 млн АҚШ доллары;
– Білім беру жинақтау салымын толықтыруға 4933 өтініш, 608,47 мың АҚШ доллары;
– Шетелдік білім беру ұйымдарының қызметтерін төлеуге 1706 өтініш, 228,32 мың АҚШ доллары бағытталған.

БЖЗҚ мәліметінше, бағдарлама аясындағы төлемдерге сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді, ал негізгі басымдық тұрғын үй мен білім беру қажеттіліктеріне беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар