Мәулен Әшімбаев Тәжікстан басшысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, бүгінде қазақ-тәжік қарым-қатынасы екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласында белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ол жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асыруға жәрдемдесу екі ел Парламенттері депутаттарының маңызды міндеті екеніне назар аударды.
Сенат төрағасы ТМД Парламентаралық ассамблеясының отырысына қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы жылдар ішінде ұйым диалог, заңнамалық бастамаларды іске асыру және елдер арасындағы сенімді нығайту үшін тиімді алаңға айналғанын тілге тиек етті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде атап өткендей: «Біздің мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру». Тәуелсіз мемлекеттер достастығы халықтарымыздың болашағы үшін өзара сыйластықты, сенім мен ортақ жауапкершілікті сақтау институты ретінде қажет ұйым. Осы ретте ТМД Парламентаралық ассамблеясы аясындағы бірлескен қызметіміз мемлекет басшылары айқындап берген негізгі басымдықтардың жарқын көрінісі екені анық. Сондай-ақ мұндай қадам дәстүрлі мәселелерден бөлек, жасанды интеллектіні реттеу, цифрлық құқықтарды қорғау және басқа да көптеген өзекті мәселені қамтиды. Бұл – ТМД өзінің қажеттілігін сақтап қана қоймай, жаңа шындыққа бейімделе отырып, белсенді дамып келе жатқанының нақты дәлелі. Достастықтың 35 жылдығы қарсаңында осындай үрдіс аса маңызды», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ палата спикері Достастық аясындағы ынтымақтастық мәдениетаралық және дінаралық диалогті нығайтуға деген өзара құрмет пен ұмтылысқа табан тірейтінін атап өтті. Осыған орай ол Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің қорытындыларына кеңінен тоқталып, әріптестеріне ТМД елдерінің делегациялары аталған форумға жоғары деңгейде белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.
М.Әшімбаев ТМД елдері Парламенттері палаталарының басшыларына Қазақстанда елдің демократиялық дамуы жолындағы жауапты қадам болып саналатын алдағы парламенттік реформа туралы айтып берді.
«Келесі жылдың басында біз қазақстандық парламентаризм тарихындағы маңызды кезең – Қазақстан Республикасының қазіргі Парламентінің 30 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан Парламентінің мерейтойы дамудың жаңа және маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында бір палаталы Парламентке көшуді көздейтін парламенттік реформа жүргізуді ұсынды. Бұл бастама – Қазақстанның өкілді институттарды нығайту және тиімді заңнамалық билік қалыптастыру жөніндегі дәйекті саясатының қисынды жалғасы. Осы мәселе бойынша түпкілікті шешім 2027 жылы өтетін жалпыұлттық референдумда қабылданады», деп Сенат төрағасы алдағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттарына тоқталды.
ТМД ПА алаңында Қазақстан бастамашы болған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» модельдік заң мақұлданды. Айта кетейік, аталған құжат Қазақстандағы заң шығару қызметінің оң тәжірибесі ескеріле отырып ұсынылған еді. Бұл заң әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге тың серпін берген маңызды қадам болды.
Іс-шара барысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының федерациясына ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы сөз сөйледі. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина отырысқа қатысушыларға жерге орналастыру туралы модельдік заңдар, парниктік газдар шығарындыларын шектеу туралы айтып берді. Сондай-ақ ол ұлттық заңнамада пайдалану үшін ТМД ПА-ға қатысушы мемлекеттердің Парламенттеріне жіберілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы модельдік кодекске енгізуге арналған өзгерістерге де назар аударды.
Мәулен Әшімбаев ТМД ПА алаңында Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесу өткізді. Онда тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының маңызды мәселелерін және Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапарының қорытындыларын талқылады. Қол жеткізілген келісімдер сауда-экономикалық, энергетикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғаны сөз болды. Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Ресей Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның белсенді жұмысы, оның екі елдің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша қабылдаған шаралары да әңгімеге арқау болды.
Палата спикерінің Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалимен кездесуі барысында көпқырлы ынтымақтастықты, парламентаралық байланыстар мен өңірлік өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне баса мән берілді. Тараптар саяси диалогті кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру үшін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, цифрлық салалар, жасанды интеллект және білім беру бағыттары қосымша мүмкіндіктер беретінін айтты. М.Әшімбаев Қазақстан бұл бағыттағы ынтымақтастыққа дайын екенін тілге тиек етті.
Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен кездесуде Қазақстан мен Беларусьтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы, сондай-ақ көпжақты алаңдар аясындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Сұхбат кезінде Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысының Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелеріне мән берілді. Одан бөлек, парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтуға арналған бірқатар нақты практикалық қадамдар жан-жақты сөз болды.
Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы ТМД ПА алаңында тағы басқа парламенттік делегациялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.