Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен Ұлттық валюта күні қарсаңында облыс орталығында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов сала қызметкерлерін құттықтап, мемлекеттік наградалар мен алғысхаттарды табыстады.
Өзінің құттықтау сөзінде Қанат Болатұлы: – Қаржы саласы қызметкерлерінің еңбегі мен кәсібилігінің арқасында облыс экономикасы тұрақты өсіп келеді. Соңғы жылдары республикадағы позициямызды нығайтып, алға қарай қарқынды ілгерілеп келеміз, – деп өңірдің дамуына қаржы саласының қосып отырған үлесін ерекше айқындап көрсетті.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде биыл төл теңгеміздің айналымға енгізілгеніне отыз екі жыл толғанын да атап өтті.
- Ұлттық валюта – экономикалық егемендіктің нышаны, ал қаржыгерлер – күн сайын бюджет үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп отырған мамандар, - деген Қанат Болатұлының сөзіне нақты көрсеткіштер дәлел: соңғы екі жылда салық түсімдері артты, ал жалпы өңірлік өнім 4,3 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл нәтижелер сала мамандарының жүйелі жұмысының айқын көрінісі.
Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі өткізілді. «Қаржы саласының үздік қызметкері» төсбелгісі Бибігүл Узақова мен Ерлан Шатановқа табысталды.
ҚР Қаржы министрлігінің Алғыс хаттарын алты қызметкер иеленді. Жыл қорытындысы бойынша жоғары нәтижелер көрсеткен тағы осынша қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамоталары тапсырылды.
- Бұл салада мен жиырма бес жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Қаржыгердің жұмысы әрдайым көзге көріне бермейді, бірақ ол өте маңызды, тылдағы жауынгердің жұмысы дер едім – әрбір көрсеткіш дәл әрі тексерілген болуы керек. Барлық әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын, мемлекетіміздің игілігі үшін ары қарай да тұрақты әрі жемісті жұмыс атқаруларына тілектеспін, – деді шара соңында құттықтау лебізін білдірген «Қаржы саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері, облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Узақова.
Алматы облысы.