Өңірдегі ақық дән аялаған диқан қауым атбасарлық агроном Фаниль Рифкатовичтың есімін жақсы біледі. Жердің тілін таба білген шаруашылықтың бас агрономы ізденімпаздығының, тың ғылыми жаңалықтарды ойлап таба білуінің арқасында ырыздық молшылығына үлес қосып келеді.
2011 жылы «Сочинское» және «Жайдарман» деп аталатын күнбағыстың екі сортына авторлық куәлік алған болатын. Сол жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің сертификатына ие болып, Қазақстанның «Үздік агрономы» атағымен марапатталды. Шынтуайтында, бұл табанды жұмыстың нәтижесі еді. Ғылыми жұмысы туралы да, нәтижесі хақында да айта кетелік, 2003-2007 жылдары «Сочинское» тұқымы бес облыстағы егістік алқабының 70 пайызына себілді. 2024 жылы 15 жылғы ғылыми жұмыстан кейін Фаниль Рифкатович «Сочинский голозерный» деп аталатын арпаның жаңа түрін ойлап шығарды.
Әр кезде табиғатпен тілдесіп, күнделікті жұмысты ғылыммен ұштастыра білген бас агроном жаңалықты жүзеге асыруының арқасында серіктестіктің бәсекелестік айдынында жалауы желбіреуіне мол үлесін қосты. Осы еңбегі үшін 2008 жылы «Құрмет» орденіне ие болды. Салада 39 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ғалым-агрономның табыстары көпшілікке мәлім.
Бұл күнде сұранысқа ие болып отырған дақылдардың бірнеше сортын ойлап тапқан ғалым-агроном өсімдіктердің өнімділігін көздей отырып, солтүстік ауа райына төзімді болуын да ескереді. Жаздық жұмсақ бидайды өсіру және заманауи технологияларды енгізу бойынша әзірлеген оқу құралы ауыл шаруашылығы ғылымына қосқан маңызды үлесі.
«Әріптестерім әр жыл сайын қандай тұқым егу қажеттігі туралы жиі сұрайды», дейді Фаниль Рифкатович, «бұл өте маңызды мәселе. Түпкі нәтижеге тұқымды дұрыс таңдай білу де әсер ететіндігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Меніңше, өңір ауа райының ерекшелігіне орай құрғақшылыққа төзімді, ауруға бой алдырмайтын, өнімді мейлінше көп беретін тұқым болғаны жөн ғой».
Ғалым-агрономның табанды еңбегінің арқасында солтүстік диқандары көптеп қолданатын жаңа тұқымдар ел ырыздығын еселеуге себепші болып тұр.
Атбасар ауданы,
Ақмола облысы