Аймақтар • Кеше

Батыс Алтайды барлағанда

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жолы аң-құс кездесе қоймады. Күзге салым асыр салған аю атаулы да апанына кіріп, қысқы ұйқыға кетсе керек. Батыс Алтайдың бытысқан тайгасына тікұшақпен рейд жасап келеміз. Бәрі алақандағыдай. Заңсыз ағаш кесіп, аң аулаған қаскөйлер кездесе қалса, борттағы инспекторлардан құтылып кетуі екіталай.

Батыс Алтайды барлағанда

Суретті түсірген – автор

Кезекті рейдке об­лыс­тық орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы мен табиғатты қорғау полициясының мамандары шыққан. Қырағы көздер қыбыр еткен қимылды қалт жібермек емес. Өткен айда төрт әуе рейді жасалып, 9 дана майқарағайды заңсыз кескені анықталған. Жыл басынан бері табиғатқа зиян тигізген 200 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 2 қылмыстық іс қозғалыпты. Аз көрсеткіш емес.

Қатпар-қатпар тау-тасты аралай ұшып шықтық та, Батыс Алтайдың қойнауынан бас­тау алатын Үбі өзенін бойлай жөнелдік. Мөп-мөлдір өзен­нің қапталы қалың қарағай, қайың... Бір уақытта тікұшақ шұғыл айналды-дағы, өзен жа­ға­сындағы шағыл тасты алаң­қайға қона кетті. Жағада балықтан балықшы көп. Қаздай тізіліп, қармақ лақтырып тұр. Өкініштісі, балықшылар жайғасқан тұс қоқысқа толы. Инспекторлар ескерту жасап, табиғатты таза ұстау керектігін естеріне салды. Түсінген адам қоқыс тастамаса керек.

Қалта телефондағы картаға қарап отырмыз, Үбі бастау алып жатқан жаққа қарай ұштық. Аң жортқан көр қуыс. Адам аяғы баспаған жер осы шығар дей бергенімде, сыңар соқпақпен ауыр жүк көлігі жүйткіп барады екен. Әккі ұшқыштар кесе-көлденең жолға қона кет­ті. Инспекторлар ытқып-ыт­қып шықты-дағы тоқтаған кө­лікке жүгіре жөнелді. Тек­серу ке­зінде екі қап жаңа аулан­ған балық шықты. Оның үс­тіне қар­мақпен емес, рұқсат етіл­­меген шанышқы темірмен аула­ған. Мұндайда заң қатал. Таби­ғат жа­нашырлары заңға сәйкес Әкімшілік кодекстің 383-бабы, 3-бөлігі бойынша хаттама толтырып, сотқа жолдады.

Айтқандай, әуеден жасалатын рейд жұмыстары әлі жалғасады. Сондықтан табиғатта тәртіп бұзып, сан соғып қалмаңыздар!

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы 

Соңғы жаңалықтар