Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін сезінген кәсіпорындардың бірі – «Sigma Corporation» ЖШС. Бұл компания елімізде кабельдердің барлық түріне арналған муфталарды өндіретін бірегей зауыт саналады. Өнімдері электр желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, монтаждау жұмысын жеңілдетеді. 2010 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде 50-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс әлеуетін арттыруды жоспарлаған компания 2023 жылы «Даму» қорының субсидиялау бағдарламасы бойынша айналым қаражатын толықтыру мақсатында несие алған. Сосын мемлекеттік қолдаудың арқасында жылдық 13,25 пайызын мемлекет есебінен өтеткен.
– «Даму» қорының қолдауы арқасында өндірістік базамызды жаңа деңгейге көтеріп, екі жаңа технологиялық желіні іске қосуға мүмкіндік алдық. Қазір жабдықтар орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр, – дейді компанияның коммерциялық директоры Ксения Русакова.
Кәсіпорынның алдағы жоспары да ауқымды. 2026 жылға дейін жалпы ауданы 1 800 шаршы метр жаңа өндірістік цех салу көзделген. Бұл жоба өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. Ең бастысы, пайдаланылатын шикізаттың басым бөлігі отандық өнім.

Қарағандылық «WEC Trade» компаниясы – автохимия саласындағы отандық брендтердің бірі. Істі 2016 жылы жеке автожуу орталықтарына арналған құралдар шығарудан бастаған кәсіпорын бүгінде экологиялық таза, денсаулыққа зиянсыз және халықаралық стандарттарға сай өнім өндіретін заманауи зауытқа айналды. Қазіргі уақытта компания 90-ға жуық түрлі өнім шығарады. 2025 жылы жоба «Өрлеу» жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы 120 миллион теңгеге қаржыландырылып, «Кепілдік қоры – 1» бағдарламасы бойынша 29 миллион теңге кепілдікке ие болды. Бұл қаражат өндірістік қуатты кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты.
– Біздің жуу құралдарымыз экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, бағасы қолжетімді. Ай сайын шамамен 120 тонна өнім шығарамыз. Қарағанды, Алматы, Жезқазған, Астана қалаларында қоймаларымыз бар. Қазір өнімдеріміз Wildberries пен Ozon маркетплейстері арқылы сатылады,– дейді компанияның маркетологі Дина Беделбаева.
Компания жуырда қаладағы қоғамдық орындарда пайда болған бояу іздерін кетіруге арналған арнайы сұйықтық жасап шығарған. Бұл олардың зерттеу және инновациялық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Өңірдегі тағы бір табысты кәсіпорын – «Котлы KZ» ЖШС. Компания «Горняк» маркасымен автоматты жылыту қазандықтарын шығарады. Бүгінде елімізден бөлек, Ресей мен Қырғызстан нарығына да өнім экспорттап отыр. Өнім желісіне көмірмен, газбен және электрмен жұмыс істейтін қазандықтар, монша пештері, автоматика жүйелері мен сорғылар кіреді. Компанияның өз патенттері бар, ал өндіріс үдерісінде Германиядан әкелінген KUKA дәнекерлеуші роботы қолданылады.
2023 жылы кәсіпорын «2021–2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Bank RBK» арқылы несие алып, қаражатты өндірістік ғимаратты сатып алу мен жаңғыртуға жұмсады. Ол соманы «Даму» қоры жылдық 12,75 пайыздық мөлшерлемені субсидиялады. Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам еңбек етеді. Олар жыл сайын 15 мыңнан астам жылыту құрылғысын шығарады.
– Мемлекет пен «Даму» қорының қолдауы арқасында өндірісті бір нүктеге шоғырландырып, барлық үдерісті 30 пайызға тиімді еттік. Бизнес дамуы үшін мұндай қолдау – баға жетпес мүмкіндік, – дейді кәсіпорын басшылығы.
Қарағанды өңірі бойынша біз атап өткен үш кәсіпорын – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысалдар. Инновация, сапа, еңбекқорлық тоғысқанда экономикалық серпін де, әлеуметтік тұрақтылық та арта түседі. «Даму» қорының бағдарламалары кәсіпкерлерге тек қаржылай демеу емес, сонымен бірге өндіріс мәдениетін жаңғыртып, отандық өнімнің сапасын халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
Қарағанды облысы