Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бізді талантына тәнті еткен Маңғыстау өлкесінен келген Карасу Ахмет Мустафа Бурак пен Ақмола облысының тумасы Сергей Комаров еді. Олар арнайы Астанаға ат басын бұрып, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына қатысуға келіпті. Бұлармен бірге әр облыс пен қаладан көптеген этнос өкілдері мемлекеттік тілде ән шырқап, домбыра шертті. Аталған шараның ең әсерлі бөлігі – «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық байқауы болды. Жеңімпаздар дәстүр бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Биылғы жоба Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды.
Жас дарындар бас қосқан шарада Қызылорда облысының тумасы Тимур Жүсіпов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін, жетісулық Ксения Дубинская мен Астана қаласының тумасы Вафина Эльмира Құрманғазының күйі «Балбырауынды» орындады. Бұл байқауға олардың барын салып дайындалғаны байқалады. Шыны керек, өнердің бір аты – ізденіс. Ізденіс тоқтаған жерде өнердің қасиеті мен құты қашпақ. Ал мына жас таланттар бірінен-бірі асып, бір сәт санаңды сан түрлі ағыспен тербейді.

Абай облысының тумасы Ева Романенко Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар» әнін тамылжыта орындап, ән авторының ғасырлық тойына өзгеше сый жасады. Туындыны жеткізе орындауы оның болашақта дарынды әнші болатынын дәлелдеп тұрғандай. Бұл іс-шараның тағы бір ерекшелігі, мектеп жасындағы өзге ұлт балаларының патриоттық сезімінің күштілігін көрсете алғандығы. «Туған жер», «Атамекен», «Ұлы қазағым» атты әндер шырқалды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов сөз сөйлеп: «Бұл жоба еліміздегі келісім мен татулықтың, жас ұрпақтың бойындағы достық пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі. «Мың бала» – әр өңірден келген жас дарындарды бір жерде тоғыстырып, мәдениеттер мен дәстүрлердің ортақ құндылығын дәріптейтін бірегей жоба. Он жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Жобаға 3 миллионнан астам бала қатысып, 130 мыңға жуық шара ұйымдастырылды. Бұл арқылы мемлекеттік тілімізді дәріптеуге жол ашамыз. Осы жобаға қатысып, тұлға болған азаматтар да көп. Солардың ішінен Сенат депутаты Геннадий Геннадиевич Шиповскихты айтқым келеді. Сонымен бірге Алла Гаврина да осы жоба арқылы көрермендер көзайымына айналды. Осындай тұлғалар бүгінгі қатысушылардың арасынан да шығары сөзсіз. «Мың бала» жай ғана шығармашылық байқау емес, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани бірліктің мектебі деп білген дұрыс», деді.
Шындығында аталған жобаның мақсаты – түрлі этностардың мемлекеттік тілді үйренуге ынталы жас өкілдерін қолдау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, достықты нығайтуға үлес қосу.
Іс-шара соңында осы байқауды ұйымдастырушы тараптың өкілін де сөзге тарттық. Қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Елдос Жұмағұлов былай деді: «Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі жобаларының бірі. Ағартушылық жағы да басым. Басты мақсат – этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді, дәстүрімізді, өнерімізді насихаттау. Осы арқылы бірлік идеясын жүзеге асыруды көздедік. Жыл бойы әр өңірде өткізіп, жеңімпаздарды Астанада марапаттаймыз».
Алматы қаласы Жетісу аудандық №101 мектеп-гимназиясының 9 «Б» сынып оқушысы Дильназ Азатова «Ұлы қазағым» атты әнді орындап, бәрімізді таңдандырды. Ұлты ұйғыр болса да, жүрегі қазақ деп соғатынын дәлелдеген ол: «Бұл ән мені рухтандырады. Сол үшін де мен оны қызығып жаттадым. Мәтініне назар салсаңыз, «Сақ пен ғұннан жалғасқан» деген сөз бар. Бұл қазақ халқының терең тамырлы тарихын айтып тұр. Қызыққаным сонша, бұл әнді екі күнде үйреніп алдым».
Иә, ғаламда татулық пен бірліктен асқан ештеңе жоқ шығар. Ғасырлар сарынында біздің өлкемізде сан ұлт пен ұлыс орын теуіп, ұлан-ғайыр қазақ даласының құшағында бақыттың бесігін тербетті. Осының бәрі мемлекет құрушы ұлттың дархан көңілі мен таза жүрегінің лүпілінің белгісі. Татулық барда күн де шуақты, ай да ажарлы, Отан да қуатты бола бермек.