Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
«Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 7 қарашадағы № 70 қаулысы», делінген құжаттың толық мәтінінде.
Қаулыда соңғы 12 айда 90 күннен аса кешіктірілген қарызы бар қарыз алушылар үшін борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендету көзделеді, бұл осы қарыз алушылардың артық міндеттемелер алу мүмкіндігін шектеуге және қайта дефолт ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мына талаптардың бірі болған кезде кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беруге шектеу енгізіледі:
- банктік қарыздар бойынша күнтізбелік 30 күннен аса және (немесе) микрокредиттер бойынша 1 күннен аса төлем мерзімі өткен кезде,
- 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешек болған кезде,
- соңғы 12 айда қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау жүргізілсе.
Аталған өзгерістер ағымдағы жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.