Осыдан екі жыл бұрын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ жанынан ашылған институт жергілікті тұрғындарға тегін тіл үйретеді. Сондай-ақ мұнда кәріс халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті жөнінде кең мағлұмат алуға болатын танымдық іс-шаралар өтіп тұрады.
«Бүгінгі фестивальды бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Жастарды көбірек шақырдық. Мерекелік іс-шара аясында кәріс халқының ұлттық биіне әуестеніп жүрген өнер топтарының байқауы өтеді. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар дайындап қойдық. Сондай-ақ көпшілік ұлттық тағам рамен жеуден жарысады. Біз Оңтүстік Кореядан хамбок деп аталатын әдемі ұлттық киімдер сатып алғанбыз. Фестиваль қонақтары сол киімдерді киіп көріп, фотосуретке түсе алады», дейді Қостанайдағы Король Седжон атындағы институттың директоры Нағима Манасбаева.

Фестиваль барысында кәріс этномәдени бірлестігінің өкілдері көпшілікке чэгичхаги, пэничхиги, песокчхиги, конгинори, ттакчи деп аталатын ұлттық ойын түрлерін таныстырды. Мысалы, чэгичхаги ойыны бала кезімізде бәріміз жарыса ойнаған кәдімгіжармаққа ұқсайды. Ал песокчхигидің ережесі асық ойынына келеді. Содан ба, жастардың көбі бұл ойын түрлерін тез іліп әкетіп, жарыса ойнап жатты.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, Король Седжон ХV ғасырда кәрістің әліпбиін түзген. Бүгінде әлемнің 50 шақты елінде тұлғаның атында институт бар. Оның екеуі Қостанай мен Шымкентте жұмыс істеп жатыр.
Қостанай облысы