Өшпес даңқ • Кеше

Жоғары атаққа ие болған медбике

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ол Халықаралық «Қызыл Крест» қоғамының «Флоренс Найтингейл» медалінің иегері еді. Иә, майдангер Рәзия Ысқақованың туғанына 103 жыл толып отыр. Шымкент жоғары медициналық колледжіне арнайы барғанымызда, 2016 жылы Халықаралық «Қызыл Крест» қоғамының «Флоренс Найтингейл» медалінің иегеріне арнап орнатылған ескерткіш тақта көзімізге оттай басылды. Арнаулы орта оқу орнының директоры Ғалым Әбіш, директордың орынбасары Мұхтар Әбдіханов, әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлмира Дәрібаевамен жолығып, майдангер Рәзия Ысқақова туралы ғылыми-конференция, оның көзін көргендермен кездесу, «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылып жатқанын білдік.

Жоғары атаққа ие болған медбике

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ел басына күн туғанда ер­азаматтармен қатар қыздар да өз еріктерімен майданға атта­нып, неміс фашистерімен шай­қасқа түсті. Солардың бірі – Рәзия Ысқақова. Ол 1922 жылы 26 қазанда Қызылорда облысы Жаңа­қорған ауданының Төмен­арық стансасында (кейбір дерек бойынша Жайылма ауылында) туған. 1936 жылы жетіжылдық мектепті аяқтаған соң, Шымкент қаласындағы меди­ци­налық училищені бітіріп, фельд­шер мамандығын алады. Еңбек жолын ауылдан бастағалы отыр­ған кезде соғыс басталады. Рәзия майданға сұранып, 1941 жылдың қазан айында әскери фельдшер ретін­де соғысқа кіреді. Он тоғыз жастағы қазақ қызы І Украина май­данындағы генерал-полковник П.Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясының құрамындағы 55-танк бригадасында фельдшер болып жүріп, ажал бүркіп тұрған оқ пен оттың ортасынан жараланған талай сарбазды аман алып шығады. Фельдшер Рәзияның бір ерлігі жөнінде дәрігерлік қызмет бригадасының бастығы, майор Багусловский былай депті: «Медицина қызметінің лейтенанты Ысқақова нағыз ерлік көрсетті. Ол жанып жатқан танк­тен батальон командирі Федо­ров пен оның экипажын алып шықты. Оның есебінде өлімнен аман қалған 4 экипаж мүшесі мен айқас алаңынан сүйреп алып шыққан жаралы 15 адам бар». Бұл Сандомир шайқа­сын­­да болған оқиға еді.

Майдандас достары Рәзия Шәкен­қызын кейде «Қазақ­стан­ның раушан гүлі», «Қазақтың гүлі» деп еркелетіп атайтын. «Қа­зақ­­тың бұл гүлінде он адамдық жігер бар» деп мақтан тұтатын. 1943 жылдың жазында Курск до­ғасындағы Прохоровка елді мекені­нің маңында Рәзия төрт бірдей жауынгерді отқа оранған танктен аман алып шықты. Лау­лап жанған киімдерін сөндіріп, төртеуі­нің жарасын таңып, бәрін медсанбатқа жеткізеді. Дәл сол күні фельдшер Рәзия жиырма танкисті ажал аузынан арашалап алған екен.

Киев қаласы түбіндегі үлкен ұрыс алаңы. Фельдшер жара­лы жауын­гердің жанына еңкейе бергені сол еді, жақын жерде жойқын жа­рылыс болды. Рәзия есеңгіреп қал­ды. Ал жерде жат­қан жаралы сар­баз­ға снаряд­­тың жарықшағы тиіп, екін­ші рет жараланды. Басы айна­лып, жүрегі айнып, құлағы тас бі­тіп қалғанына қарамастан, жа­ралы жауынгерді арқалап, мед­санбатқа жеткізді. Осы ерлігі ес­ке­ріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Бірде ротаның старшинасы Ива­щенко ұрыста қатты жарақат­та­на­ды. Хирургтердің айтуынша, оның өмірін қан құйып қана сақ­тап қалуға болады екен. Сол кезде Рәзия ойланбас­тан жаралы стар­ши­наға қан береді. Сөйтіп, май­дан­­дас се­рігін ажалдан аман алып қалады.

Рәзия Ысқақова Сталинград­тан бастап Харьковті, Киевті, Вар­шаваны азат етуге қатысты. Құз­ғын­дардың ұясы Берлинге де­йін барды. Праганы азат етуде де от пен оқтың ортасында жүрді. Ол осы шайқастарда қан кешіп жү­ріп, дұш­панның қарша бораған оғының ара­сынан тағы да 44 жаралы жауын­герге медициналық көмек көр­сетіп, майдан шебі­нен алып шық­ты. Рәзия Ысқақова со­ғыс жылдарында бір өзі 400-ден аса жауынгерді ажалдан құтқар­ған екен. Ол әскери фельдшер­дің жауынгерлік бет есебінде жа­зыл­ған. Рәзия Шәкенқызы соғыс ке­зіндегі осы ерліктері үшін 1975 жылы халықаралық «Қызыл Крест» қоға­мының «Флоренс Найтингейл» медаліне ие болды. Жалпы, медицина саласының арғы-бергі тарихына көз жүгіртсеңіз, мұндай медальмен соғыс кезінде Кеңес одағы бойынша барлығы 26 медбике, ал Қазақстаннан 5-ақ фельдшер марапатталған. Сол бесеудің бірі – Рәзия Шәкенқызы Ысқақова еді. Ол май­дандағы ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», басқа 17 медальмен ма­рапатталды. Ал бейбіт өмірде «Ден­саулық сақтау саласының үз­дігі» төсбелгісіне ие болды. Кейіп­керіміз соғыстың басынан аяғына дейін 55-танк бригадасында болды. Танк бригадасының командирі, генерал-полковник, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Давид Дра­гунский соғыс аяқталған соң, Рәзия Ысқақованың ерліктері туралы «Роза – дочь казаха» деген повесть жазғанын екінің бірі біле бермейді.

Қазақтан шыққан батыр қыз соғыстан кейін Қызылорда, кейін Шымкент қалаларындағы ауру­ханаларда мейірбике болып жұ­мыс істеді. 1957 жылдан бері об­лыстық клиникалық ауруханада аға мейірбике болып жемісті еңбек етті, осы мекемеден зейнеткер­лік­ке шықты. Құрметті демалыста жүрсе де, өзі түлеп ұшқан қазіргі жоғары медициналық колледж­дің және облыстық клиникалық аурухананың құрметті қонағы ретінде кездесулерге жиі келіп, жас буынға өнегелі өмір жолынан сыр шертетін. Ол 2011 жылы 88 жасында бақиға озды. Рәзия Ысқақованың суреттері мен өмір жолы және ерліктері туралы құ­жаттар Лондон мен Мәскеудегі, Көк­шетау мен Шымкенттегі музей­лерге және аудандағы тарихи-өлке­тану музейіне қойылған.

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Шымкент