Форумға қатысушылар алдымен «MetalFormer» ЖШС өндіріс алаңына барды. Олар заманауи жабдықталған желілердің жұмысымен танысып, өндіріс барысының әр кезеңін бақылап, шатыр мен қаптама материалдарының жасалу технологиясын, бөлшектерді дайындау мен өңдеу қадамдарын қадағалап көрді. Сонымен қатар студенттер өндіріс орындарында қауіпсіздік талаптары, еңбек мәдениеті, кәсіби дағдылардың маңызы туралы ақпарат алды. Қатысушылар әсіресе «Knauf», «TP-Link», «GROHE» сияқты халықаралық брендтердің ресурс орталықтарына қызығушылық танытты. Онда мехатроника, желілік әкімшілендіру, телекоммуникациялар, «ақылды үй» технологиялары бойынша оқу зертханалары таныстырылды. «FESTO» аймақтық орталығы студенттерге өнеркәсіптік автоматика жұмысын көрсету арқылы цифрлық өндіріс дәуірінде білікті маман қалыптастырудың маңызды дағдыларын үйретті. Бұл тәжірибе оларға тек өндіріс барысын ғана емес, болашақта кәсіби техникалық маман ретінде қалыптасудың маңызын түсіндірді.
Экскурсиядан кейін Политехникалық колледжде диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар тәжірибелі мамандармен тікелей сөйлесіп, инженерлік және өндірістік бағыттардағы мансап мүмкіндігі туралы жан-жақты сұрап білді. Сонымен қатар студенттер қазіргі еңбек нарығындағы талаптар, компанияларда болып жатқан технологиялық жаңалықтар мен жас мамандар үшін маңызды кәсіби дағдылар туралы сұрақтарына жауап алды. Атап айтсақ, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, «BI Group» даму директоры Бексұлтан Олжабай, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының техникалық директоры Уәлихан Қымбатов, Астана қаласы Энергетика басқармасының орынбасары Мақсат Есмағұлов сөз сөйледі.

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова жұмысшы мамандықтарын дамыту ұлттық деңгейдегі басым бағыт екенін атап өтті. Ол жастардың техникалық және өндірістік салаларда сапалы білім алуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты мүмкіндігіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл еліміздің тұрақты дамуы үшін білікті кадрларды даярлаудың маңызын көрсетеді. Бүгінде жастардың техникалық дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығына сенімді кіруі үшін көп мүмкіндік жасалып жатыр. Мұндай бастамалар кәсіби біліктілікті арттырумен ғана шектелмей, жастардың шығармашылық ойлау қабілетін, жауапкершілік сезімін және практикалық дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жастардың өндіріс орындарында тәжірибе жинауы, ірі компаниялармен тікелей байланыс орнатуы олардың мансабын өсіреді», деді ол.
Пікірталас барысында «BI Group» компаниясының даму жөніндегі директоры Бексұлтан Олжабай сөз алып, құрылыс саласындағы жас техникалық мамандарға деген сұраныстың артқанын айтты.
«Қазіргі таңда құрылыс индустриясында білікті жас кадрларға қажеттілік күннен-күнге артып келеді. Компаниялар теориялық білімге ғана емес, нақты өндірістік тәжірибесі бар мамандарға басымдық береді. Сондықтан жастардың оқу барысында практикалық дағдыларын жетілдіруі өте маңызды. Жастар ұйымдарымен бірлескен жобалар арқылы студенттер өндіріс барысын өз көзімен көріп, тәжірибе жинай алады. Бұл болашақта олардың кәсіби мансабын жылдам бастауға мүмкіндік береді. Біз жас кадрларды оқытып қана қоймай, оларды нақты жобаларға тарту арқылы да қолдауды мақсат етеміз», деді ол.
Энергетика мамандығының екінші курс студенті жас мамандардың жұмысқа орналасу және тәжірибе жинақтау мүмкіндігі туралы сұрақ қойды: «Мен энергетика факультетінің 2-курс студентімін. Болашақта өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Бүгінде жас мамандар үшін қандай мүмкіндік бар және оқу кезінде мансапты бастауға бола ма?» деп сұрады форумға қатысушы. Бұл сұраққа Астана қаласы Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Қайыркешұлы жауап берді. Ол алдымен елордада энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Бұл жобалар жас инженерлерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Елордадағы энергетикалық секторда мамандарға деген қажеттілік артып отыр. Қазіргі кезде студенттерге өндірістік тәжірибеден өту, салалық жобаларға қатысу, мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Белсенділік танытқан студенттер оқып жүріп-ақ кәсіби жолын бастай алады. Тәжірибеден өткен жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады», деді ол.

Қалалық мәслихат депутаты, «Жастар рухы» Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм форумның маңызын атап өтіп, мұндай алаңдардың жастарға біліммен шектелмей, еңбек нарығындағы өзгерістер мен қазіргі заманғы талаптарды түсінуге көмектесетінін айтты.
«Біз жастарға өндірісті өз көздерімен көрсетуге тырысамыз. Қалай ұйымдастырылғанын, қандай жұмыстар жүретінін, дамудың қандай келешегі бар екенін көрсету маңызды. Бүгінгі студенттер ертең ұлттық және жеке компанияларда жұмыс істейтін болады. Жастар өз қабілетін көрсете отырып, кәсіби өсуге, мансап жолын сенімді бастауға мүмкіндік алады. Мұндай тәжірибелер оларға теориялық біліммен шектелмей, өндірісті түсінуге, заманауи технологиялармен танысуға, болашақ маман ретінде қажетті дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. Форумға қатысқан жас басшылар елімізде талантты болсаң, кез келген салада жоғары сатыға көтерілуге болатынын дәлелдеп отыр. Бұл жастарға сенім береді деп ойлаймын», деді депутат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты өткізіліп, жастардың жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына, өндіріс орындарын аралауына, мамандық таңдау бойынша нақты кеңес алуына мүмкіндік жасалатын болады. Форум жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, бұл бағыттың тұрақтылықты қамтамасыз ететін ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіби өрлеуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сондай-ақ іс-шара студенттерге инженерлік және техникалық салалардағы білікті маман болуға бағыт сілтеп, жастарды қолдауға дайын ірі компаниялармен байланыс орнатуға септігін тигізді.