Қаржы • Бүгін, 08:17

Жастардың қаржылық сауаты арта түскен

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі қаржы мәдениеті мен ақшаға деген жауапкершілікті насихат­тау­дың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың қаржылық сауат­ты­лығы қаншалықты деңгейде деген заңды сұрақ туындайды.

Жастардың қаржылық сауаты арта түскен

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ел жастарының қаржылық сауатына байланысты арнайы сауалнама жүргізді. Анықталғандай, 35-ке дейінгі отандастарымыздың 4/1-інде депозит жинағы бар. Жеке қорына қаржыны әсіресе 24-28 жас аралығындағы азаматтар көбірек жинайды екен.

Ашып айтсақ, 14-18 жас аралығын­дағы жастардың 9,4%-інде, 19-23 жас аралығындағы жастардың 22,2%-інде, 24-28 жас аралығындағы жастардың 28,8%-інде, ал 28-34 жас аралығындағы жастар­дың 25,4%-інде депозит жинағы бар.

Бір қызығы, жас буынның 2,8%-ында қос-қостан депозит тіркелген. Негізі 43,4% жастарда тек бір депозит жинағы бар. Демек көпшілігі жас қосылған са­йын келешекке қаржы қорын жинауды әдетке айналдырған. Әрі оған мүмкіндігі бар деген сөз.

Негізі банктік депозиттер – жаңа буын ата-анасының қалтасына қарамай, қаржылай тәуелсіз болуының да көрсет­кі­ші. Бір жағынан, елімізде депозит ашу тегін, кез келген жаста, суммада, тіпті онлайн ашуға болады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың қаржылық сауатын арттыру және қарыз жүкте­месін төмендету мәселесіне айрықша тоқталған еді. Сондай-ақ Президент «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғас­тырудың маңызын атап өткен-ді. Өйткені жоба 2022 жылдан бері халықтың қаржы­лық сауатын арттыруды, қарызға тәуелділікті азайтуды, жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Былтыр бұл жоба аясында 845 мың азамат білім алып, заңгерлік көмекке жүгінді. Ал биыл 2 ақпан мен 25 тамыз аралығында 51 мың адам офлайн-оқудан өткен, 111 мың азаматқа заңгерлік кеңес берілген, 174 836 қатысушы онлайн-курс­тарды аяқтаған. Жыл басынан бері жалпы 770 мыңнан аса отандасымыздың берешегін реттеуге қатысты нақты көмек көрсетілген.

Ал Қаржылық мониторинг агент­тігінің сәуір айындағы есебіне сүйенсек, 2,8 мың оқу орнындағы 567 мың оқушыға қаржылық қауіпсіздік бо­йынша сабақ өткізілген. Мұндай жұмыс 100 жоғары оқу орнында жүргізіліп, 100 мыңнан аса студентті қамтыған.

Қорыта айтқанда, қоғамда қаржылық мәдениет біртіндеп қалыптасып келеді. Оған қоса бұл үрдіс жастардың өз болашағына жауапкершілікпен қарауға бет алғанын айғақтайды. Осы ретте мемлекеттік бағдарламалар мен әлеумет­тік бастамалар нақты үлес қосып отыр.