Қоғам • Бүгін, 17:43

Қостанай облысында мал ұрлығы жиілеп барады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында өтіп жатқан жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Қамысты, Әулиекөл аудандарында жасалған бірнеше мал ұрлығын ашты. Аталған қылмысқа қатысы бар адамдар анықталып, ұсталды. Ұрланған малдың бір бөлігі иелеріне қайтарылды.

Қостанай облысында мал ұрлығы жиілеп барады

Мәселен, 2025 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында Қамысты ауылы маңында төрт рет ірі қара малдың жоғалуы тіркелген. Мал иелеріне келтірілген жалпы шығын  – 4 млн 550 мың теңге. Әуел,  жайылымнан қызыл түсті сиыр жоғалып кеткен. Одан кейін ауыл тұрғынының екі сиыры ұрланған. Полиция оның бірін Адаев ауылынан тапты. Күдікті ол сиырды басқа бір малға айырбастап жіберген. Үшінші жағдайда ауыл тұрғынының жайылымнан екі бас малы жоғалады. Көп уақыт өтпей, тағы екі сиыр ұрланған.

Жедел іс-шара барысында полиция төрт ұрлыққа қатысы бар 19 жастағы аудан тұрғынын ұстады. Тергеу мәліметінше, күдікті тұрғындардың малын жайылымнан айдап әкетіп, Ақтөбе қаласына апарып сатып отырған. 

«Әр мезгілде жасалған төрт ұрлыққа қатысты деректің бәрі бір өндіріс шеңберінде біріктірілді. Мал ұрлығын бірнеше рет жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», дейді облыстық ПД-ның баспасөз хатшысы К.Базарбаева. 

Сондай-ақ Әулиекөл ауданында 14 бас асыл тұқымды ірі қара ұрлаған азамат ұсталды. Күдікті бұған дейін де мал ұрлағаны үшін сотталған. Ұрланған малдың жалпы құны 7 млн теңгеге бағаланып отыр. Қазір ірі көлемдегі мал ұрлығы дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция мал және ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзған 20, мал жаю ережесін сақтамаған 45 адамды анықтады.

Қостанай облысы