Жасанды интеллект бүгінде тек ғылыми сала ғана емес, экономикалық өсімнің, әлеуметтік прогрестің және жаһандық бәсекенің негізгі факторы. PwC болжамынша, 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ-ге шамамен 15,7 трлн АҚШ долларын қосады, бұл қазіргі әлемдік экономика көлемінің 14%-ына жуық. 2023 жылғы «McKinsey» есебі бойынша ЖИ өнімділікті арттыру және шығындарды азайту арқылы әр салада 20–30% тиімділікке қол жеткізуі мүмкін екені айтылады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген цифрлық инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылды: кең жолақты интернетті ауылдарға жеткізу, мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, интеграцияланған жүйелердің құрылуы. Мұндай инфрақұрылымдық даму ЖИ технологияларын қолдануға жағдай жасайтын базаны қалыптастырды. Ал «жасанды интеллект» ұғымының елімізге енуіне келетін болсақ, 2022 жылы Назарбаев университетінің ISSAI институты «Жасанды интеллект және роботтехника» саласындағы ағылшын терминдерін қазақ тіліне аударуда глоссарий әзірледі және ол кейін сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінде бекітілді. Бұл оқиға ЖИ терминінің қазақ тілінде ресми түрде қолданылып, ғылыми-терминологияның бір бөлігіне айнала бастағанының белгісі еді. Назарбаев университетінің «Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence» (ISSAI) институты елдің жетекші академиялық ЖИ орталығы ретінде белгіленді.
Сондай-ақ 2022 жылы Алматыда 45 мың камерасы бар, сол арқылы қоғамдық қауіпсіздік, іздеуде жүрген адамдарды анықтау сияқты функциялар жүзеге асырылатын жасанды интеллект қолданылатын «Біртұтас видеомониторинг жүйесі» жобасы іске қосылды. Ал биыл қолға алынған «Industrial AI Accelerator» жобасы экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллект шешімдерін енгізуді бастады. 100 мың студентті қамту жоспарланған «AI-Sana» бағдарламасы білім алушыларға арналған білім беру бағытында жасанды интеллект дағдыларын дамытуға арналған.
Жасанды интеллект – тек технологиялық жаңалық емес, ол еліміздің экономикалық-әлеуметтік жаңғыруының негізгі құрамдас бөлігі. Бұл – өндірісті цифрландыру, мемлекеттік қызметті автоматтандыру және білім-ғылым саласын ЖИ-ға бейімдеу. Сондықтан да ЖИ-ге қатысты тапсырмалардың мемлекеттік тұжырымдамаларға енгізіліп, ұлттық деңгейде дамуы саясатты үйлестіруді күшейтеді және ұлттық міндеттерді жүйелі түрде іске асыруға мүмкіндік береді.

Ал арнайы министрлік құру – ортақ стратегия мен стандарттарды оңтайландыру, реформа жүргізу қажеттілігінен туындаған идея. Еліміз жасанды интеллект саласында институционалдық реформаларды белсенді жүргізіп, жаңа министрлікті құру арқылы бұл саланы басқарудың жүйесін түбегейлі өзгертуге кірісті. Президент тапсырмасына сай құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің инновациялық қызмет саласындағы функциялары Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілетіндігі біз үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы. Себебі ЖИ тұжырымдамалары бір ведомствоның басқаруында шоғырлануы тиімділік пен үйлестіруді арттырып, функциялардың нақты қайта бөлінуі инновациялар мен жоғары білімнің рөлін ашық айқындары сөзсіз. Жаңа министрлік цифрлық сервистер, дербес деректер, киберқауіпсіздік және технологиялық инфрақұрылымды дамыту секілді міндеттерді өз жауапкершілігіне алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖИ-ге қатысты ресми ұстанымы жан-жақты, стратегиялық және институционалдық деңгейге бағытталған. Президент тапсырмалары нәтижесінде Үкімет 2024–2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжат жасанды интеллект технологияларын білім беру, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға енгізу жоспарын айқындады; сонымен қатар кадр даярлау, ұлттық тілдік модельдер әзірлеу, IT контентті көбейту мақсаттары да қойылған. Бұл – мемлекеттік деректерге қолжетімділікті арттырып, ғылыми зерттеу және өндірістік пилоттарды жедел енгізуге жағдай жасауда. Нәтижесінде, Президенттің қолдауы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар деңгейінде қаржыландырылып, сала министрліктері тарапынан ғылыми-техникалық конкурстар, «Astana Hub»-тың акселераторлары, университеттік институттар (ISSAI) арқылы ірі жобалар – «KAZ-LLM», «Oylan» сияқты бастамалар іске қосылды.
Ең алдымен, деректерді жинау үшін «Заманауи үлкен тіл моделін (KazLLM) құру» бағдарламасы бойынша консорциум құрылды. Консорциумға Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Сәтбаев университеті, Назарбаев университеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және ҚазҰУ кіреді. Сонымен қатар «KazLLM» үшін деректер массивтерін консорциум және мемлекеттік органдармен бірлесіп толтыру үшін деректер «Smart Data Ukimet» (SDU) ақпараттық-талдау жүйесіне беріледі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, алты айдың ішінде 1 миллиардқа жуық арнайы сөз қолданысы тапсырылып, екінші үлкен бағыт – кадр даярлау ісі жолға қойыла бастаған. Бүгінгі таңда еліміздегі 17 жоғары оқу орны «Қолданбалы жасанды интеллект», «ЖИ және блокчейн инженериясы», «Кибернетика және ЖИ», «Медицинадағы ЖИ» және басқа да ЖИ желісімен 15 білім беру бағдарламасын енгізген. 2 196 білім алушының 2 091-і бакалавр болса, 82-сі магистрант, ал 23-і докторант. Осы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде де ЖИ деген арнайы квтота енгізілген.
«Oylan» атты мультимодальды тіл-визуалдық модель мәтін мен суретті біріктіріп өңдей алады, деректер базасы – 10 миллионнан астам сурет пен 50 миллион сұрақ-жауап жұптарынан тұрады. Білім беру, медициналық диагностика, қаржы және өнеркәсіп саласына қолданылу үшін жасалған. Бұл жобалар университеттер мен индустрия арасындағы серіктестікті күшейтіп, зерттеу мен коммерциялауды байланыстыруға мүмкіндік беріп отыр.
2024–2029 жылдардағы тұжырымдамада азаматтарды ЖИ дағдыларына оқыту міндеті белгіленген: 2029 жылға дейін миллионға жуық адамды түрлі деңгейдегі курстар арқылы оқыту, мысалы, ұлттық AI Movement / «AI People», «AI Corporate», «Tomorrow School» сияқты бағдарламалар.
«Astana Hub» және басқа ұлттық платформалар 2024–2025 жылдары 80 000-нан астам адамды IT/AI бағытында оқытқанын хабарлады: бұл көрсеткіш оқу-практикалық курстардың алғашқы кезеңі ретінде қабылданады, алайда сапа мен еңбек нарығына әсер көрсету үшін бақылау қажет.
2025–2026 оқу жылында жасанды интеллект еліміздің барлық университетінде міндетті пән ретінде енгізілді. Еліміздегі 93 университет ЖИ-ді өздерінің оқу бағдарламаларына біріктірген болса, 20 жоғары оқу орны 25 жаңа білім беру бағытын ашқан. Сондай-ақ тұжырымдамада жалпы оқу үдерісіне интеграция жасау – куррикулум, адаптивті жүйелер, академиялық қолдауда басты назарда. Мектептер мен жоғары оқу орындарына адаптивті оқыту платформаларын енгізу, оқытушыларды ЖИ құралдарын қолдануға оқыту, сондай-ақ оқу-сараптамалық жүйелерге (автоматтандырылған бағалау, академиялық тәуекелдерді болжау) көшу көрсетілген. Бұл бағыттағы пилоттар бірнеше университетте (Назарбаев университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа орталықтар) және мектептерде басталды: мысалы, ЖИ негізіндегі практикалық тапсырма генерациясы, plagiarism/academic integrity бақылау жүйелері, оқу траекториясын жеке бейімдеу.
Университеттерде ЖИ зерттеу тобы мен лабораториялар құрылып, өнеркәсіппен серіктестікте пилоттық зерттеулер орын алып отыр (медицинада алгоритмдік диагностика, ауыл шаруашылықта дақыл болжамы, экономикада деректер аналитикасы). Сонымен қатар университеттерде практикалық тәжірибелер, зертханалық курстар арқылы студенттерді нақты ЖИ жобаларына тарту арқылы кадр даярлау күшейтілу үстінде. Қазіргі уақытта 12 елдің жоғары оқу орындарымен 34 стратегиялық әріптестік орнатылған, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Кореяның беделді 16 универсиетінің елімізде филиалы ашылған.
Қазақстанда медицинада (CT/рентген суреттерін өңдеу — пневмонет, онкология үшін мед-диагностика пилоттары), экологияда (супутниктен алынған деректерді өңдеу арқылы ландшафтты өзгерістерді бақылау), материалтануда (жұмсақ сенсорлар, биомедицина) бірнеше пилоттық жобалар іске қосылды. Бұл жобалардың кейбірі мемлекеттік гранттар арқылы және университеттер-индустрия серіктестігі шеңберінде қаржыландырылып отыр.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар «Government AI Readiness Index» әдістемесімен цифрлық сәйкестік, деректер қолжетімділігі, стратегиялық жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, цифрлық мүмкіндіктер (digital capacity) — 76%, деректердің қолжетімділігі (data availability) — 74% деңгейінде бағаланып отыр.
IMF-тың «AI Preparedness Index/AI Readiness Index» деректері бойынша 2023 жылы Қазақстан ЖИ-ға дайындық бойынша әлем елдері ішінде 48-орынды місе тұтып, индекс мәні 0.55-ті көрсеткен. Бұл ТМД, Орталық Азия елдері арасында алдыңғы қатарларға кіреді. «World Digital Competitiveness Ranking (IMD)» мазмұнында еліміз білім мен ғылыми әлеует, болашаққа дайындық көрсеткіштері бойынша жақсы позиция көрсетіп, 67 елдің ішінде 34-орынды иеленген.
Елімізде қаржы нарығында жасанды интеллектіні қолдану деңгейі өсіп келеді: Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлескен есебіне сәйкес, қаржы нарығындағы фирмалардың 30%-дан астамы ЖИ шешімдерін енгізген. Оның ішінде банктер аса белсенділік танытуда.
Мемлекеттік тұжырымдама шеңберінде Қазақстан «Smart Data Ukimet» жүйесін іске қосып, оған 93 үкіметтік ақпараттық жүйе деректері қосылғаны ресми түрде хабарланды. Бұл орталықтандырылған дерекқор білім беру және ғылыми зерттеулерге қажетті агрегирленген мемлекеттік мәліметтерді (студенттік реестрлер, емтихан нәтижелері, зертханалық қорлар, клиникалық регистрлер тәрізді) аналитикаға дайындауға мүмкіндік береді. Мұндай біріккен деректер базасы университеттер мен зерттеу орталықтарына локальды үлгілерден гөрі жоғары сапалы және көлемді деректер бере алады, алайда деректер сапасы және деректерді өңдеу стандарттарында бірқатар техникалық және құқықтық мәселелер сақталады.
Десе де, ЖИ-дің табысты енгізілуі деректер сапасына, кадрлық әлеует пен құқықтық реттеу деңгейіне тәуелді. Деректер бірізділігі мен қолжетімділігінің шектеулері, жоғары білікті мамандар тапшылығы және тұрақты, ұзақмерзімді мемлекеттік қаржыландырудың болмауы бұл істе кедергі келтіруі мүмкін. Осы ретте «Smart Data Ukimet» ауқымында деректер стандарттарын, метадеректер және деректерге қолжетімділік ережелерін бекіту қажеттігі туындайды. Бұл ғылыми жобаларға және индустрия-университет серіктестіктеріне пайдалы болар еді. Сонымен бірге Президент тапсырмалары аясында жоғары оқу орындары мен халықаралық серіктестікті кеңейту, зерттеу гранттарын көбейту мен PhD бағдарламаларын қолдау, халықаралық тәжірибені бөлісу де маңызды деп танимыз.
Халықаралық рейтингтерде «AI readiness» көрсеткіштері, қаржы саласындағы қолданылымы, білім беру жүйесіне енгізілуі – барлығы да ЖИ үрдісінің нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Дегенмен деректерді сақтау, кадр дайындау, заңнаманы толықтыру сияқты сындар бар. Болашақта ЖИ-ді толық әлеуетімен пайдаланған кезде Қазақстан технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті елге айналуға лайықты мүмкіндіктерге ие.
Осы орайда ұлттық стратегия мен жол карталарын нақтылау, әрбір сала үшін ЖИ енгізу стратегияларын жасап, олардың орындалуына мониторинг жүйелерін енгізу қажет. Кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында университеттерде ЖИ мамандығын кеңейту, ғылыми орталықтар мен халықаралық білім бағдарламаларына қатысу, зерттеу гранттарын көбейту де маңызды. Инфрақұрылым мен есептеу ресурстарын жақсарту арқылы жергілікті суперкомпьютерлер мен деректер орталықтарын, цифрлық платформаларды құрып, оларды ауылдық жерлерге жеткізуді дұрыс ұйымдастыру керек. Халықаралық серіктестік пен инвестициялар жұмысын жетілдіре отырып, шетелдік компаниялармен, халықаралық зерттеу институттарымен әріптестік, стартаптарға шетелдік капитал тартып, экспортқа бағдарланған өнімдер жасау да тиімді.
ЖИ негізінде оқушылардың үлгерімі мен қабілеттеріне қарай жеке оқу траекторияларын құру арқылы бейімделген платформа автоматты түрде тапсырмалардың деңгейін өзгертіп, оқушының әлсіз тұстарын анықтауға көмектеседі. Еліміздегі «Kundelik.kz» және «Daryn.online» сияқты ұлттық платформаларға бейімделген ЖИ модульдерін қосу осы мәселені шешуге көмектесері сөзсіз.
Ал автоматтандырылған бағалау жүйесі – ЖИ алгоритмдері эссе, тест, математикалық есептерді бағалап, мұғалімнің уақытын үнемдеуге мүмкіндік берері анық. Бұл әдіс мұғалімдердің тексеру жүктемесін азайтып, бағалау әділдігін арттырады. Мысалы, ұлттық емтихан жүйесіне (ҰБТ, ЖББ тестілері) пилоттық ЖИ-бағалау жүйесін енгізу арқылы жасауды айтсақ болады.
Келесі ұсыныс қазақ тіліндегі цифрлық білім ресурстарына байланысты: қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу материалдарын ЖИ көмегімен цифрландыру және көпмодальды контент (мәтін, видео, аудио) негізінде жаңа оқу құралдарын жасау, «KAZ-LLM» сияқты ұлттық тілдік модельді мектеп пен ЖОО жүйесіне интеграциялау.
Мұғалімдерге арналған ЖИ негізді көмекші құралдар – мұғалімдерге сабақ жоспарларын құруға, тест сұрақтарын дайындауға, оқу үдерісін ұйымдастыруға көмектесетін болады. Сондықтан педагогтерге арналған «AI Teacher Assistant» ұлттық платформасын жасау қажет деп білеміз.
STEM және зерттеу дағдыларын дамыту мақсатында ЖИ негізінде виртуалды зертханалар мен симуляциялар жасап, ауыл мектептеріне қолжетімді ету қымбат зертханалық құрал-жабдықтар жоқ өңірлер үшін тиімді болар еді.
Академиялық адалдықты бақылау, яғни ЖИ арқылы плагиатты анықтау, оқушы жұмыстарының түпнұсқалығын тексеру, автоматтандырылған анти-плагиат жүйелерін жетілдіру мақсатында ұлттық «Academic Integrity AI System» жүйесін енгізу. Ал мұғалімдер мен студенттерді қайта даярлау үшін оларға ЖИ құралдарын қолдануды үйрететін қысқа курстар, онлайн семинарлардың артықтығы жоқ.
Еліміздегі цифрлық трансформацияның басты форумы – «Digital Bridge 2025» туралы айтқым келеді. 2–4 қазан аралығында Астана қаласындағы «EXPO» көрме орталығында өткен бұл халықаралық технологиялық форумның аясында Тәшенев университеті мен «Astana Hub» арасында меморандумға қол қойылды. Тараптар университет базасында «Tomorrow School» атты IT академияны іске қосуды жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – жасанды интеллект бағытында жоғары білікті мамандарды жүйелі түрде даярлау. Бағдарлама тәжірибеге бағытталады: студенттер нақты компания кейстерімен жұмыс істеп, жобалық дағдыларын жетілдіреді, ал оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру тректері академиялық мазмұнды заманауи индустриялық талаптармен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Осылайша, «Білім беру – жоба – коммерцияландыру» тізбегі қалыптасып, түлектердің еңбек нарығына тез бейімделуі қамтамасыз етіледі.
Кадрлық әлеуетті күшейтумен қатар, ЖИ технологияларын университеттің күнделікті қызметіне терең енгізу көзделген. «AI Sana» бастамасы аясында AI агенттері енгізіледі: олар қабылдау және кеңес беру, өтініштерді өңдеу, оқу кестелерін құрастыру, жұмыс жоспарларын автоматтандыру, академиялық адалдықты мониторингтеу мен оқу аналитикасын жүргізу сияқты функцияларды атқарады. Мұндай шешімдер әкімшілік жүктемені азайтып, қызмет көрсетудің жылдамдығы мен сапасын арттырады, сонымен бірге деректерге негізделген басқару мәдениетін қалыптастырады. Нәтижесінде, студенттер мен қызметкерлер үшін «бірінші желі» сервистері қолжетімді әрі тиімді болады.
Осы бағыттардың әсерін күшейту үшін серіктестік периметрі кеңейтіледі. Университет «Платонус» жүйесімен бірге LMS функционалын жетілдіру және негізгі үдерістерді толассыз автоматтандырып, жол картасын әзірлеуде: бұл ЖИ модульдерін бар цифрлық контурларға жылдам кірістіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Яндекс Практикум» платформасымен өндірістік тәжірибе ұйымдастырылып, 3–4-курс студенттері заманауи құралдармен жұмыс істеп, портфолиосын нақты жобалармен толықтырады.
Қорытындылай келе, «Astana Hub»-пен меморандум, «Tomorrow School» IT академиясын іске қосу және «AI Sana» шеңберіндегі АІ агенттерін енгізу университетті нүктелік жобалардан жүйелі трансформацияның жаңа деңгейіне шығарады. Бұл қадамдар білім беру сапасын, басқару тиімділігін және инновациялық қызметті бір мезетте күшейтіп, университетті ұлттық ЖИ күн тәртібінің белсенді ойыншысы ретінде орнықтырады.
Еліміздің жаңа дәуірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жүргізіп отырған саясаттың негізінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалана отырып, болашаққа қарыштап қадам басып, үздіксіз дами береріне сенім мол.
Оңалбай АЯШЕВ,
ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы,
профессор