Сурет: eskeldi-eli.kz
Тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеуден өту үшін пайдаланушыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және оның жеке кабинетіне тіркелген телефон нөмірі (МАБ) қажет. Қызмет толық автоматтандырылған және онлайн түрде жүзеге асады. Бұл қызмет алу уақытын айтарлықтай қысқартады. Сондай-ақ азаматтар бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында онлайн рәсімдей алады.
Қызмет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі: бірінші, Қазақстан Республикасының азаматтарына, оның ішінде тұрғын үй иелеріне; екінші, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі болып танылған 18 жастан асқан азаматтардың қорғаншылары мен заңды өкілдеріне; үшінші, 14-16 жас аралығындағы балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне. Ал 14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркеуге тұрмайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 16-бабына сәйкес, он төрт жасқа толмаған баланың тұрғылықты жері оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің тұрғылықты жері саналады. 14 пен 16 жас аралығындағы балаларды ата-аналары немесе заңды өкілдері тіркейді. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған 18 жастан асқан азаматтарды да олардың қорғаншылары «eGov.kz» порталы арқылы жаңа мекенжайға тіркей алады.
Азамат ҚҰСАЙЫН