Жұқпалы аурулардың белең алуы, кадр тапшылығы әсер етсе керек, медбикелер курсын ашу жөніндегі алғашқы ұсынысты көтерген және мекеменің негізін қалаған сол кездегі ауданаралық аурухананың бас дәрігері Н.И.Желваков болыпты. Оның басқаруындағы аталған медициналық курс 1940 жылы мектеп дәрежесіне дейін көтерілген. Н.И.Желваков 1941 жылы майданға шақырылуына байланысты мектеп жұмысын, оның әріптесі, Қазақ КСР-ның В.М. Молотов атындағы (қазіргі С.Асфендияров) медициналық институтын бітірген Л.Б.Кровяковская жалғастырған. Сұрапыл соғыс жылдары жоғары жақтың нұсқауымен Талдықорғандағы медициналық мектепте жеделдетілген бағдарламамен жүздеген медицина маманы даярланып, майдан даласына аттандырылған.
Бір қызығы, шақырсаң келтіре алмайтын, тарих беттерінде танымал Богоявленский, Автономов сияқты медицина ғылымдарының майталман ғалым-профессорлары, белгілі биолог В.Т.Кажерин, әскери жетекші И.Есинов, Александровская, Бавемарлар сияқты тұлғалары соғыс жылдары Ресейден жер аударылып келген екен. Олар Талдықорғандағы қарапайым шағын мектепте керосин шамның жарығымен дәріс бергені архив құжаттарында айтылады. Ол кезде медициналық оқу құралдары жеткіліксіз, арнайы зертханалар да болмаған.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін мектеп атауы медициналық училище болып ауысып, онда Алматы мемлекеттік медицина институтының түлегі Ф.М.Упир 24 жыл бойы директорлық қызмет істеді.
Соғыс жылдары полковник дәрежесіне дейін көтерілген білікті дәрігер Филипп Максимович Талдықорған медициналық училищесінің өркендеуіне қомақты үлес қосты. Ол оқу орнын басқарған жылдары соғыстан алған жарақаттарына қарамай, жүк машинасымен алыс ауылдарға шығып, жергілікті ұлт өкілдерін жинап, жұмысқа тартып, жатақхана тауып берген.
Міне, осындай тарихы бай оқу орны 1994 жылы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Талдықорған медициналық колледжі болып өзгерді.

Колледждің негізгі даму кезеңі 1997 жылы аталған білім ордасына облысымыздың құрметті азаматы – медицина ғылымдарының кандидаты Серік Максимұлы Жансеңгіров басшылығына келгеннен бастау алды десем, артық айтпаймын. Қазіргі оқу ордасын бұрынғы мектеп тұрмақ, осыдан жиырма жылғы колледжбен салыстыра алмайсыз.
«Мен жұмысқа алғаш келгенімде, мектептің қарызы тым көп екен. Бюджет тапшылығынан мұғалімдер жалақысын айлап ала алмаған. Мекеменің қысқы жылуына, электр жарығына, басқа да коммуналдық шығындар төленбеген, экономикалық тұрғыдан қиын кездер еді», дейді өткенді еске алған Серік Максимұлы.
Бүгінде колледж – еліміздегі үлгілі оқу орны ғана емес, озық тәжірибе мектебі. Атақ-даңқы ел аумағынан асып, шет мемлекеттер тани бастады. Қазір шетелдіктер де қызығып, тәжірибе алмасуға жиі келетін озық оқу орнына айналған. Әр пәннің өзіндік нақышына негізделген оқу кабинеті бар. Әсіресе негізгі пән саналатын анатомия кабинеттері жабдықталу жағынан жоғары медициналық университет базасынан бірде-бір кем емес. Оқу үдерістері, арнайы дайындалған мүрде сүйектерінен, муляждардан бөлек, жасанды интеллектіге негізделген үлкен экран қондырғылармен жүргізіледі. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Емтихандар видео және аудио фиксациялы жүйесі бар арнайы кабинеттерде өтеді. Болашақ маман белгілі бір уақыт аралығында науқасты толығымен тексеріп, оған қажетті көмек көрсетуін арнайы компьютерлік виртуалды клиника арқылы жүзеге асыруға тиіс. Сынақтан өтуші тренажерге бекітілген өлшеу-бақылау блогінен өз әрекетін көріп отырады. Блоктағы мәліметтер Wi-Fi желісі арқылы теледидарға жетіп, үдерісті бақылап отырған нұсқаушы сынақтан өтушінің іс-әрекетінің қате, не дұрыс екенін тексереді.
Колледжде жасанды интеллектіге негізделген виртуалды клиника немесе симуляциялық орталық 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл орталық колледждің білімгерлері мен біліктілікті көтеру және қайта даярлау бөлімінде оқитын орта буынды медицина қызметкерлерінің арнайы пәндерден алған теориялық білімін іс жүзінде жетілдіріп, тәжірибемен ұштастыруға арналған заманауи технологияға негізделген. Мұнда науқастың орнына пайдаланатын жасанды манекендер мен фантомдар кәдімгі ауру адамнан аумайды, түрлі ауырсынған дыбыс шығарып, алғашқы медициналық көмектің сапалы көрсетілуін білімгерден талап етеді, қатесін анықтайды, қысқасы оқу үдерісінің сапалы өтуіне жол ашады.
Қазір Талдықорған жоғары медициналық колледжі – еліміздегі колледждер арасындағы сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Оқу ордасы 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы Шинжиян медициналық университетімен халықаралық байланыс орнатып, екіжақты бірлескен жобаларды (оқытушылардың білім жетілдіру курстарын ұйымдастыру, біріккен шеберлік дәрістер, семинарлар, т.б) іске асыруды қолға алған. Тағы бір жаңалық, оқу орнында мүмкіндігі шектеулі, есту қабілетінен айырылған жандарға арналған тіс емдейтін дәрігерлерді даярлайтын жаңа бөлім ашылған.
Медицина колледжінің негізгі міндеті – оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың сапасы мен тиімділігін көтеру, сабақтың ғылыми-әдістемелік деңгейін жақсарту, студенттердің кәсіби шеберлігін тәжірибе негізінде үйрету екенін ескерсек, сөз етіп отырған колледж ұжымы осы сынақтардан сүрінбей, абыроймен өтіп келе жатқан еліміздегі мақтаулы оқу орындарының бірегейі екеніне күмән жоқ.
Мырзахмет ЕРЕЖЕПОВ,
Денсаулық сақтау ісінің үздігі
Талдықорған