Ең үлкен үлес – әлеуметтік салада
Палата отырысында сенаторлар еліміздің маңызды қаржы құжаттары – «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарды қарады. Құжаттардың негізгі міндетінің бірі – әртүрлі экономикалық әлеуеті бар өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жою. Бұл азаматтардың тұрғылықты аймағына қарамастан мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
М.Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында және жаңа Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген үшжылдық бюджеттің басым міндеті мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау, ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды арттыру арқылы адам капиталын дамыту болып қала береді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары биылмен салыстырғанда 298 млрд теңгеге ұлғаяды. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін, сондай-ақ ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға бағытталады. Экономиканың нақты секторын, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінді. Субвенциялар мен нысаналы трансферттерді қоса алғанда, жергілікті бюджеттерге берілетін қаражаттың жалпы сомасы 10,5 пайызға немесе 531 млрд теңгеге өсіп, 5,5 трлн теңгені құрайды», деді палата спикері.
Заңда көрсетілгендей, үшжылдық кезеңде бюджет шығыстарындағы ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Оның жалпы сомасы – 33,8 трлн теңгеге тең: 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 11 трлн теңге және 2028 жылы 11,5 трлн теңге. Атап айтқанда, 2026 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 6 833 млрд теңге, ал адам капиталына инвестицияларға – білім, ғылым, жоғары білім, денсаулық сақтау, туризм, спорт, мәдениет және ақпарат салаларын қоса алғанда, 3 964 млрд теңге қарастырылған.
Барлық бағытта өсім бар
Отырыста қаражат бюджеттік саясаттың ықтимал тәуекелдерін ескеріп және ағымдағы шындыққа бейімделе отырып, экономикалық модель құру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталатыны айтылды. Осылайша, болжамды кезеңде ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсу қарқыны – 3,9 пайыз, құрылыста – 11 пайыз, саудада – 6,7 пайыз, өңдеуші өнеркәсіпте – 6,5 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,8 пайыз, қызмет көрсету саласында – 4,9 пайыз, көлік және қоймалау саласында – 10,1 пайыз, ақпарат және байланыс секторында 6,8 пайызды құрайды. Заң нормаларына сәйкес экономиканың нақты секторына арналған шығыстар агроөнеркәсіптік кешенді, республикалық деңгейдегі көлік инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті, цифрландыруды, отын-энергетикалық кешенді, сондай-ақ су ресурстары мен ирригация, экология және табиғи ресурстар салаларын жаңғыртуға арналған жобаларды дамытуды көздейді.
«Бүгінгі отырыста депутаттар экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік борыш көлемі, салық түсімдері және инфляция деңгейі туралы бірқатар маңызды мәселені көтерді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамыту, парафискалдық төлемдер және өңірлік даму келешегі талқыланды. Осы ретте Үкімет сенаторлар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыс жүргізеді деп сенеміз. Палата депутаттары бұл бағыттарда Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», деді М.Әшімбаев.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды талқылау барысында Сенат депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Ол басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін елді мекендерде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған шығындарды жалпы сипаттағы трансферттерде 17,5 млрд теңге сомасында ұлғайтуға қатысты өзгеріс екенін атап өткен жөн.
Мемлекеттік қарыз деңгейі төмен
Отырыс барысында сенаторлар көтеріліп отырған мәселелер бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновке бірқатар сауал қойды. Мәселен, депутат Сұлтанбек Мәкежанов Үкіметтің бюджет шығыстарын оңтайландыру және басымдық беру шаралары жөнінде сұрады. Премьер-министр бүгінде мемлекеттік қарыз деңгейі ІЖӨ-нің 23,6%-ын құрайтынын атап өтті. Жалпыға бірдей танылған әлемдік әдіснамаға сәйкес, мемлекеттік қарыздың бұл деңгейі төмен деп саналады. Мысалы, көптеген дамыған елдерде бұл көрсеткіш ІЖӨ-мен салыстырғанда 50%-дан, 80%-дан және тіпті жекелеген мемлекеттерде 100%-дан асады.
«Мен бұлай жасауға шақырып отырған жоқпын. Керісінше, еліміздің мемлекеттік қарызының деңгейі төмен болуға тиіс. Үкімет те осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Халықаралық қаржы ұйымдары, атап айтқанда, белгілі рейтингтік агенттіктер тарапынан баға берілуі мемлекеттік қарыздың қолайлы деңгейде екенін растайды. «Үлкен үштік» деп аталып жүрген Fitch, Moody’s және S&P агенттіктері бізді жақсы бағалайды. Еліміздің инвестициялық рейтингі – аймақта жалғыз көрсеткіш. Қаржылық орнықтылығымыз да жаман емес. Бұл өз кезегінде бізге тиімді шарттармен сырттан қарыздар тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, қазан айының соңында біз еуробондтарды 4,4%-бен орналастырдық. Бұл халықаралық инвесторлардың елімізге сеніп, осындай пайызбен ақша салатынының жақсы көрсеткіші», деп атап өтті О.Бектенов.
Ол алдағы үшжылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру шеңберінде базалық шығыстар 15%-дан 12%-ға дейін қысқартылғанын мәлімдеді. Бұл ретте әлеуметтік салада бюджетке елеулі жүктеме сақталып отыр. Премьер-министрдің айтуынша, әлеуметтік жәрдемақылар мен түрлі қолдау шаралары жалпы мемлекеттік бюджеттің 60%-ын құрайды.
«Республикалық бюджетте ұзақ уақыт бойы бұл шығындар 40%-дан астам болып келді. Үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде біз аталған көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, әлі де болса төмендетуге болады. Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз. Түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеуге және өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана мемлекеттен әлеуметтік қолдау алады. Жұмыс істеуге қабілетті әрі өзін-өзі қамтамасыз ете алатын адамдарды мемлекет асырауға тиісті емес және асырамайды да», деді О.Бектенов.
Премьер-министр Сенат депутатының сұрақтарына жауап бере отырып, қарыз алу негізінен коммерциялық тұрғыдан тартымды әрі өзін-өзі ақтайтын жобаларға тартылуы керектігін, олар кейіннен бюджетке кіріс алу арқылы пайдалану үдерісінде құрылысқа тартылған қарыздарға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде, қазірдің өзінде үлкен пайда әкеліп отырған автожол жобаларын айтуға болады. Былтыр бюджетке ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен болса, оның 10 млрд-ын транзитпен өтетін шетелдік көліктер төлеген. Ал осы жылдың 10 айында 72 млрд теңге кіріс келді, оның 17 млрд теңгесі – шетелдік автокөліктерден.
О.Бектенов Үкімет аталған жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Бұл ретте жекелеген сарапшыларға қарыз қаражаты есебінен салынған нысандар беретін жалпы экономикалық әсерді ескеру маңызды.
«Жоғары сыныпты магистраль салынған жерде экономикалық белсенділік мүлдем басқа. Неге екені белгісіз, осы жол бойында 50 жанармай құю бекеті, 100 кафе салынғанын ескермейді. Бұл халықты жұмыспен қамтуға, төленген салықтар және экономикалық өсімге әкеледі. Мұндай инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салынбаса, онда, әрине, даму да болмайды. Сондықтан біздің ойымызша, жоспарлы жұмсалатын қарыздар экономикалық дамуға айтарлықтай әсер етеді. Біз қаражатты қандай жобаларға жұмсау керектігін мұқият қараймыз», деп атап өтті Премьер-министр.
Сенаторлар Республикалық бюджет туралы заңды талқылау кезінде өңірлердің дамуына одан әрі жәрдемдесу үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, депутаттар жылумен жабдықтау жүйелерін қаржыландыруды 37,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды. Оның ішінде 2026 жылы 9,8 млрд теңге қарастырылған. Жылу, электр энергетикасын дамытуға жұмсалатын шығындар 7,7 млрд теңгені құраса, оның 4,7 млрд келесі жылға көзделген. Сенаторлардың ұсыныстарына сәйкес 2026 жылы су ресурстарына және газ тасымалдау жүйесін дамытуға жұмсалатын шығыстардың жалпы көлемі де өседі. Бұл сома тиісінше 2,3 млрд теңге және 5,5 млрд теңгеге тең болмақ. Осы кезеңде жағалауды нығайту жұмыстарына – 2,2 млрд теңге, ал өнеркәсіп салаларының дамуына жәрдемдесуге 1,5 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ Сенат депутаттары республикалық бюджетті талқылау барысында Үкімет мүшелерінің назарын өзекті мәселелерге аударды. Олар жалпы экономикалық сипаттағы мәселелерді шешудің маңызына, ауылдарды дамытуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өңірлердің әлеуетін неғұрлым толық іске асыруға қатысты міндеттерді қамтиды. Осыған байланысты М.Әшімбаев аталған бастамаларды тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың өзара тығыз жұмыс істеу қажет екенін тілге тиек етті.
Осылайша, күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарау нәтижесінде сенаторлар екі заңды да концептуалды түрде қолдады. Алайда оларға бірқатар өзгеріс енгізіп, заңдарды өз түзетулерімен Мәжіліске қайтарды.