Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы ашып, Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жазушылар одағының елордадағы филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы осымен оныншы мәрте ұйымдастырылып отырғанын, бүгінгі жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, сондай-ақ студенттер мен осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық «Шабыт» фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас ақындарға да қатысу мүмкіндігі туғанын жеткізді.
Дихан Қамзабекұлы қоғамдық лекцияны 1924 жылы алаш қаламгерлері негізін қалаған «Алқа» ұйымының халқымыздың тарихы мен мәдени-рухани өміріне тигізген әсері туралы әңгімелеуден бастады. Алдымен, «алқа» сөзінің этимологиялық мәнін ашып, бұл ұғымның әшекейден гөрі елді тұтастыруға жақын мағынасына тоқталды.
«Сіздерге алқаның мағынасы түсінікті ғой деп ойлаймын. Десе де осы сөздің мәні «қыз-келіншектердің әшекейі» дегеннен кеңірек. Мәселен, алқа-қотан, алқа құру және алқалау сөздері кеңесу, жиналу, ақылдасу, лайықты баға деген ұғымдарды білдіреді. Бүгінде «редколлегияға» «алқа» баламасын қолданып, көне танымды жаңғырттық. Яғни бұдан жүз жыл бұрынғы қазақ қаламгерлері «алқа» сөзіне елдік жаңа мағына берді», деді Дихан Қамзабекұлы.
Ғалым 1920 жылы большевиктік диктатура орнағаннан кейін кеңес одағында В.Маяковский, О.Бриктер ЛеФ («Левый фронт»), Ю.Лебединский, С.Родов, Л.Авербахтар МАПП (Мәскеу пролетарлық жазушылар ассоцациясы) сынды әдеби бірлестіктерді дүниеге әкелгенін, төңкеріс уақытында қазақ оқығандары да қарап қалмай, қал-қадерінше жинаған білімдерін ұлттық бағытқа бұру үшін «Алқаны» құрып, өз тұжырымдамасын жасағанын тілге тиек етті.
«Смағұл Садуақасұлы 1918 жылы 18 жасында «Қазақ әдебиеті» атты очерк жазады. Сонда автор әдебиетімізің тарихына тоқталып, «қазақ әдебиетінде осыған дейін халықшыл ақындар көрінсе, енді ұлт қамын ойлаған, білімге үміт артқан ақындар шықты» дей келіп, Мұхтар Әуезов сынды жас жазушылар жаңа әдебиеттің негізін қалап жатқанынан хабар береді. Яғни Садуақасұлы очеркін оқыған адам «Алқа» ұйымының құрылуының идеясы әу баста болғанын байқайды. Ахмет Байтұрсынұлы 1922 жылы жазған «Қалам қайраткерлерінің жайынан» атты тарихи мақаласынан да осыны аңғарамыз. ХХ ғасырдың басы – қазақ оқығандарының ойланған, толғанған кезеңі. Бұл уақытта әдеби дамуымыз саяси күрестермен қатар жүріп, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» сынды ұлттық сипаттағы, ағартушылық бағыттағы кітаптары жариялана бастады. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттің өзіндік жөні бар екенін, өздерінің қаламгер болуына елдің қажеттілігі түрткі болғанын айтқаны бар. Бұдан алаш арыстары сөз өнеріне ағартушылық идеяларын қоғамға сіңірудің құралы ретінде қарағаны аңғарылады. Осындай заман туғызған ахуал «Алқаның» дүниеге келуіне игі ықпал етті», деді Дихан Қамзабекұлы.
Сондай-ақ алаштанушы сол тұста құрылған әдеби ұйымдардың дені таптық көзқарасты негізге алып, социализмнiң түпкi идеясын қолдап, маркстік пайымды тұғырнама еткенін, «Алқа» ұйымының ұстанымында да мұндай заман ағысындағы идеялар болғанын, сөйте тұра басты ұстаным ұлттық әдебиеттің тынысын ашып, Алаш идеясын жалғастыруға жол салғанын дәйектеді.
«Біз «Алқа» ұйымының құрылғанынан Алаш қозғалысының жаңа кезеңі басталғанын байқаймыз. 1919 жылы Алаштың іс-әрекеті түгілі атауына да тыйым салынды. Сондай алмағайып уақытта «Алқаның» дүниеге келуі, оның мақсаты Алаш қозғалысының мүддесімен үндесіп қана қоймай, сол идеяның жалғасы болғаны шындық. Сондықтан да НКВД қырағылық танытып, ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратқанда, «Алқа» бағдарламасын шығармашылық ұйымның емес, саяси ұйымның құжаты деп танып отыр. Осылай арнайы органдар әдеби мақсатта құрылған ұйымды саяси бағыттағы астыртын ұйымға айналдырып, «Алқаға» кірген, осы ұйым мүшелерімен араласқан азаматтарды қуғындады», деді спикер.
Дихан Қамзабекұлы өткен ғасырдың басындағы зиялылар Ресейдегi қозғалыстарға сыни көзбен қарағанын, сондықтан да Алаш қаламгерлері өздерiн бiр идеяға топтастыратын, қиын кезеңде қамқорлық көрсететін, әсiресе ағымдағы саясаттың қалтарыс-бұлтарысынан аман өткiзетiн әдеби ұйымды қажетсiнгенін, 20-жылдардың басында Ташкентте жұмыс iстеген түркiстандықтардың «Шағатай бәсi» («Чагатай гурунги»), татар әдебиетшiлерiнiң «Ғыйсъян», «Жидегян» сияқты топтарының да осы бағытта ұйымдасқанын жеткізді.
Алаштанушы: «Жалпы, қазір әдебиеттану ғылымында «Алқа» ұйымы бағдарламасының атауын «Табалдырық» деп атап жүрген ғалымдар бар. Бұл әдеби ұйымның құжатын орысша оқығандықтан болар, қазақтың «табалдырық» деген сөзінің мағынасын дұрыс түсінбей, қателікке бой алдырды. «Табалдырық» деген бағдарламаның атауы емес, ұйым құжатындағы кіріспе бөліктің қазақша мағынасын беретін сөз» дей келіп, «Алқа» әдеби ұйымы өз тұжырымдамасында «Қазақ әдебиетi тоғыз жолдың торабында тұр. Артында – бiр жол, алдында – мың жол. Мың жолдың iшiнде өзен өрлегенi де, шөлге улегенi де, барса – келерi де, барса – келмесi де бар. Қазақ әдебиетiн мынау мың жолдың тарауына алып келiп, аңыратып тұрған – тұрмыс» деп, қаламгерлер кімнен өнеге алуы керек деген сұраққа жауап іздегенін тарқата әңгімеледі.
«Өткен ғасырдың басындағы қазақ әдебиетiнiң жай-жапсарынан хабардар кiсi «Табалдырықтағы» әрбiр сөз бен сөйлемнен терең мағына табады. Мысалы, «Алқаның» тұжырымдамасында «бiзге молда болатын Еуропа әдебиетiнiң өзi бiр молда емес, мың молда» деп, қазақ қаламгерлері әлем әдебиетінен таңдаулы жолды үлгі тұту қажеттігін меңзеген. Бұл жердегі «молда» сөзі «ұстаз» деген ұғымды білдіреді», деді ғалым.
Дихан Қамзабекұлының бір сағаттық қоғамдық лекциясынан тарихтағы ешнәрсе кездейсоқ болмайтынын, 1924 жылы әзірленіп, 1925 жыл құрылған қазақ ақын-жазушыларының тұңғыш ұйымының құжаты жалғыз Мағжан Жұмабаевтың туындысы емес, сол тұстағы жетекші ақын-жазушылардың ақыл, білім, шеберлік, шығармашылық сүзгісінен, сарабынан өткен Алашқа ортақ еңбек екенін аңғардық. Ғалым, қаламгер Д.Қамзабекұлы айтқандай, Жазушылар одағы тарихын большевиктік ҚазАПП-тан емес, Алаштың «Алқасынан» бастау – тарихи әділеттіліктің жолы әрі жөні болмақ.