Қоғам • Бүгін, 13:00

Резервтік қызметке қабылдау басталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қорғаныс министрлігі халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындағаны айтылған. Заң қабылданды. Қазір Абай облысында азаматтарды үш жылдық келісімшарт негізінде резервтік әскери қызметке қабылдау басталды.

Резервтік қызметке қабылдау басталды

 

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында «Шығыс» өңірлік әскерлер қолбасшылығы басқармасының заң басқармасы басшысы, подполковник Бейбіт Танцаров айтып берді.

«Биылғы 18 наурызда қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, резервтік әскери қызметке қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Резервтегі әскери қызметке 18 бен 57 жас аралығындағы, әскери куәлігі бар, моральдық және кәсіби талаптарға сай, сондай-ақ денсаулық жағдайы жарамды деп танылған жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабылданады», деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жаңа форматты енгізу – Қарулы Күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге және қажет болған жағдайда мобилизациялық ресурсты жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы басқармасының кадр бастығы, подполковник Бақыт Жұмабеков бұл туралы кеңінен тарқатып айтты.

«Үш жылдық келісімшартқа отырған азаматтар жыл сайын 30 күндік далалық оқу-жаттығуларға, сондай-ақ ай сайын 3 күндік жауынгерлік дайындық сабақтарына қатысады. Осылайша, әрбір резервист жылына 60 күндік дайындықтан өтеді. Жұмыс істейтін резервистерге – орташа айлық жалақысы, ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы төленеді. Дайындық кезеңінде медициналық қамтамасыз ету бюджет есебінен жүргізіледі», деді кадр бастығы.

Резервтік әскери қызметке қабылдау жергілікті әскери басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.

Абай облысы