Спорт • Кеше

«Ұлы дала жорығы» – бірлікке бастар бірегей жоба

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанай облысында «Amanat» партиясы мен Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өткен халықаралық ат марафоны – «Ұлы дала жорығы» спорттық іс-шара емес, нағыз рухани, мәдени және патриоттық бірегей жоба. Іс-шара ұлы ақын һәм «Алаш» қозғалысының қайрат­кері Міржақып Дулат­ұлы­ның туғанына 140 жыл толуы­на, Қазақстан халқы Ассамблея­сының 30 жылдығына орай ұйым­дастырылды.

«Ұлы дала жорығы» – бірлікке бастар бірегей жоба

Тарихы терең мағынаға толы, ұлттық дәстүр мен бірлік құнды­лық­тарын насихаттайтын, түрлі ұлт өкілдерін ортақ мәдениет пен отансүйгіштік идеясына топтастырған жобаның мақсаты айқын.

Марафонның Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы құрметіне арналуы бекер емес. Бұл институт ел­дегі ұлтаралық келісім мен азаматтық бір­ліктің рәмізіне айналды. Ұлы дала ежелден өркениеттер тоғысатын мекен ғана емес, өзара үндесетін, халықтар бір-біріне ағайын атанатын кеңістік бол­ғаны рас. Ұлы дала мекенінде түрлі этнос ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, бір нанды бөліп жеп, ортақ тағ­дырға мойынсұнып, туған жерге деген сүйіс­пеншілікті бірге ұстанып келді.

Бүгінде «Ұлы дала жорығы» са­­­йыс қана емес, құрмет пен сенімге бас­­­тай­тын бірегей жобаға айналды. Ал ма­ра­фонға Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның «Бірлік» атты интернационал коман­да­сының қатысуы – осы рухани мәні зор сөзіміздің жарқын дәлелі.

Марафонның атауы – «Жорық». Бұл жерде біле-білгенге терең мағы­на бар. Тарихқа үңілсек, бұрын бұл сөз әс­кери жорықты білдірген. Ата-ба­бала­ры­мыздың ерлікке толы жанқияр­лық әре­кеттері еске түсетін. Ал дәл бүгінде «Жорық» бейбіт өмірдің мәйегі, рухани-ағартушылық мәнге айналды.

Сонымен бұл жай ғана сапар емес. Бұл – ішкі саяхат пен туризмнің өрісі. Бұл – дәстүр мен ұлттық құндылық­тар­ды паш ететін ерекше мүмкіндік. Се­бебі ауыл-ауылдарға барып, сол жер­дің салт-дәстүрімен танысу, араласудың мүмкіндігі мол. Торғайдан Арқалық­қа дейінгі жолды еңсеру арқылы әрбір қатысушы өз топырағымен, тегімен, тарихымен қайта байланыс орнат­қан­­дай әсерде болғанына күмәнім жоқ.

а

Әр қазақ қасиетті Торғай өңірін қа­зақ руханиятының алыптары Ыбырай Ал­тын­сарин, Ахмет Байтұрсынұлы, ­Мір­жақып Дулатұлы сынды ұлы тұлғалар­дың кіндік қаны тамған қасиетті жер деп біледі.

Алаш алыптарының қоғамдық-сая­си өмірін ағартушылық бағытта ғана қа­былдау жеткіліксіз. Олар шынайы рух­тың, еркіндік пен әділетке ұмтыл­ған, ұлтты оятуға бел буған кемеңгер тұл­­ғалар еді. Ал Міржақып Дулатұлының туған ауылына барып, баба рухына тағ­зым ету, Амангелді Иманов пен Кей­кі батырдың кесенелеріне зиярат жасау – бү­гінгі ұрпақ арасындағы рухани сабақ­тастықтың жарқын бір көрінісі.

Расында, бұл марафон – рух пен жігердің зертханасына айналды. Биыл 500 шақырымдық қашықтықты Қазақстанмен қоса, Қыр­ғызстан мен Ресей­ден келген қатысу­шыларды қамты­ған 18 команда еңсерді. Қырғызстан құрамасы жеңісті лайықты түрде иеленді. Бұл жеңіс спорттық тұғыр ғана емес, әділ бәсеке, ашықтық пен бауырластық рухының жарқын көрінісі болды.

Қостанай облысының командасы құрметті үшінші орынды иеленді. Дегенмен өткен жылмен салыстырған­да бұл үлкен жетістік еді. Яғни спортшылар мен аттарды баптаудың сапалық деңгейге көтерілгенінің айғағы.

Сондықтан «Ұлы дала жорығы» өздігінен «дала зертханасы» деп атал­­майды. Мұнда тек физикалық төзім­ділік емес, ұлттық мінез-құлық, рух та шыңдалады.

Марафон отандық жылқы тұқымда­рының ерекше қасиеттерін айқындады. Қостанай, Адай, Жетісу, Әулиеата, Най­ман торы сынды жылқы тұқымдары қай­та жанданып, назарға ілігіп, елдің мақта­нышына айналды. Олардың төзімділігі мен шапшаңдығы – ұлттық абыройдың, рухтың айнасы.

Бүгінде жылқыларды марафонға да­йындау әдістемесін ЮНЕСКО-ның мате­­риалдық емес мұралар тізіміне ен­гізу бойын­ша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Марафон идеясының дәл осы Тор­ғайда туындауы бекер емес. Бұл өлке – хал­қымыздың талай тарихи беттері­нің бастауы болған киелі мекен. 2022 жылы «Joryq» федерациясының прези­денті Бақытжан Тұрлыбеков пен оның ­командасы алғашқы рәміздік жорығын жүзеге асырып, Торғайдан Созаққа дейін 1000 шақырымды еңсерді.

Содан бері бұл бастама спорттық шара ретінде ғана емес, тұтас бір мәде­ни құбылысқа айналып, адамдарды бірік­тіретін дербес қозғалысқа ұласты.

Жоба ең жоғары деңгейде қолдауға ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марафонға жоғары баға беріп, оны жастардың рухани және пат­риоттық тәрбиесі үшін аса маңызды, біре­гей бастама деп атап өтті.

2026 жылы «Ұлы дала жорығы» қай­тадан Қостанай облысына оралады. Бұл жолы Арқалық қаласының 70 жыл­дығына арналған мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастыру көзделіп отыр. Президент Арқалықтың келешегіне ерекше мән беру керек деген болатын. Торғай өңірінің дамуы­на тың серпін беретін «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытында автокөлік жолын салу жұмыстары бар. Осыған орай биыл мамыр айында Премьер-министр Олжас Бектенов Арқалыққа жасаған жұмыс сапарында «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысын бір ай мерзімде бастау жөнінде нақты тапсырма беріп, маусым айында Арқалық пен Торғайда автодәліз құрылысы басталды. Одан бөлек әуежай, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың салына бас­тауы зор сенім береді.

Осы ретте «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа ерекше алғыс айтқымыз келеді. Ерлан Жақанұлы «Ұлы дала жорығы» идеясына алғашқы күннен сеніп, қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Жобаны жаңа серпінмен дамытуда ерекше қолдау көрсетіп, белсенді қатысқаны үшін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа алғы­сымыз зор. Осы арқылы жоба халықаралық маңызға ие болды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа шын жүректен ризашы­лығымызды білдіреміз. Марафонды ұйымдастыруда ынтымақ­тастық пен белсенділік танытты.

Алдағы жылдарда да ұлттық дүние­мізді насихаттау жолындағы бірегей жоба ерекше бағытта жалғасады. Осы ретте көпшілік қауым ұсыныстар мен тілектерін жолдап, белсенділік танытады деп ойлаймыз.

 

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Премьер-министрдің кеңесшісі,

«Joryq» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы