Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Егін орағының қызған кезі еді. Үйде тіске басатын түйір жоқ. Есі кіріп қалған Меліс інісі мен қарындасын шешесінің сиыр фермесінен еңбеккүн есебінде алатын көк сүттен жиған тас құртпен алдандырады.
Таңнан егін орағына кеткен шешесі соңыра маған келіп кет деген-ді. Өзінің де өзегі талып інісі мен қарындасының қыңқылынан мезі болған ол егін алқабын бетке алған. Егінжайға іліге бергенде шешесінің төбесі көрінді. Байламға түйген қос уыс дәнді қолына ұстата берген. «Ұсталып қалма, зыт көзге көрінбей!» дегенін қаперге алған қара бала бұғына жүгіргіштеп бара жатты. Қарсы алдынан шыға келген ақи көз біргәдір Жолпан баланы ат бауырына алды. Кеудесіне басқан дәннен өлуі бар айырылғысы жоқ ол жанұшырып жеткен шешесінің артына тығылды. Біргәдір мен шешесінің салғыласы толық есінде қалмаған еді. Қос уыс бидай көрексіз қалған үш балаға екі-үш күнге тәлкесу болған-ды.
Сол бір аянышты оқиға Меліс қарттың көкірегіне шор болып байланып қалды. Ауық-ауық көз алдына келіп, нұрсыз жанарына жас үйіреді. Мектептегі оқуын тауысып, ілгерілеп білім алуға талаптанғанда, агроном болғанды қалаған. Сірә жер тәліміне жетік мамандықты таңдауына бір уыс дәнге зар болған ашөзек күндер себеп болса керек.
Кіші агрономдыққа қол жеткізген Меліс қырық жыл туған ауылында еңбек етті. Жержады шалға Қаракемер елді мекені алақанға салғандай айқын. Бұл ұжым «Өркен» совхозының бір бөлімшесі болатын. Кеңшар жаңа тәртіпке көшкенде шаруашылық жауапкершілігі шектеулі серіктестікке бөлініп кетті.
Қалаға орнаған балаларына ермей түпқазықта қалған Мелісті ауылдастары аса жақтыра қоймайды. Тықақтаған мазасыздығынан ығыр болған үлкен-кіші кешегі бірдейшілік кезеңді аңсайтын оны «Айқай шал» деп кекейді. Ол қоғамда тәртіп бар еді. Жекеменшікке негізделген жаңа кезеңді Мелістің суқаны сүймейді. Жыртыла-жыртыла көкбеттеніп кеткен күтімсіз танаптарды көргенде, айқайға басатыны бар.
– Әй, қарағым! Ауыспалы егіс жүйесін неге сақтамайсыңдар? – дейді шаруашылық қожасына.
– Онда сіздің жұмысыңыз қанша?
– Жұмысым сол! – дейді агроном шал көзін ежірейтіп. – Жер тәліміне жетік маманмын. Топыраққа да күтім керек.
– Маған өкіміңіз жүрмейді, ақсақал! – дейді қожалық жетекшісі. – Жердің иесі сіз емес, менмін.
– Оттаған екенсің! – дейді қиқар шал қамшысын білеп. – Жердің иесі халық емес пе?
– Ол ертегіңді үкіметке айт! – деп қасарысады шаруа қожалығының иесі. – Егістікті пайдалану өз еркімде. Жұмысқа мешайт жасамай жайыңызға жүріңіз!
– Үлкендігімді сыйласаң етті! – дейді агроном шал дымы құрып. – Сіздікі жөн деп айта салсаң нең кетеді?
– Олай дей алмаймын! – деп тұлан тұтады жер иесі. – Мені тергейтіндей сонша кімсіз?
– Менің кім екенімді аяғыңның астындағы топырақтан сұра.
– Топырақ өлі нәрсе, ақсақал!
– Оттапсың! – дейді агроном шал. – Көкиіп жүргенің топырақтың арқасы емес пе?
Үйде омалып отыруға жоқ ол аз ауылдың адамдарына да мазасыз. Жарапазандаған жау жетті айқайынан мезі болғандар оны көргенде есіктерін жауып алады. Бейсауат бос жүрген бұзау-торпақты теміржол табанынан қуалап тастаған соң, шеткергі үйдің дарбазасын құрықшамен қоймай-қомай түйгіштеді.
– Уай, келін! Бұзауыңа неге ие болмайсың? – деді үйден жүгіре шыққан әйелге. – Жаз шыққалы оншақты бұзау пойыз табанына түсті, обал емес пе!
– Оған бола басыңыз ауырмасын, ататай! – деп әйел суырылып берген. – Қолдағы аз малдың қысқы шөбінің өзі уайым болып тұрғанда бұзауларды жазда қорада ұстап немді берейін?
Сөзден тосылған қарттың дымы құрыды. Күрең жорғасын тайпалтқан ол ауласы қоқыр-соқырға толып кеткен ортаңғы үйдің дарбазасына құрықшасын төндірді.
– Үйіңнің маңайы ыбырсып кетіпті ғой, шырағым! – деді сақалды жас жігітке.
– Қатырамыз, ақсақал! – деді ішіңкіреп жүретін ол.
– Балам-ау, тәртібіңді түзесеңші! – деді кәрие жыларман болып. – Бір сау жүретін күнің жоқ.
Алды қатты мінезді қарттан тайсалған ішкіш жігіт бұрылып кетті. Айқай шалдан балалар да ықтап кетеді. Әдепсіз тентектерді шықпыртып жібереді.
Осы мазасыздығы Меліс қартты ақыр соңында бір шатаққа ұрындырды. Біреудің ерке баласын жөнге саламын деп басы дауға ілінді. Балажан әке-шеше айқайшы шалды заң орнына беріп, әлек-шәлегін шығарды.
– Ақсақал, бұныңыз дұрыс болмаған! – деген тергеуші суық томсарып. – Бала мен ананы қорғау турасында заң шыққанын білетін шығарсыз. Біреудің шіп-шикі баласына қамшы білеп, жүрегін ұшырып... сізге не көрінді?
– Шыдамай кеттім!
– Қаршадай бала нені бүлдіргендей!?
– Бүлдіргені сол, жүгермектің! – Меліс қарттың бет қатпары қопсып бара жатты. – Жолда қалып кеткен бөлке нанды доп қып теуіп жүргендерін көріп қап... Біреуі қолыма түспей кетті, әттең! Екіншісін ашумен шықпыртып жібергенімді мойындаймын.
– Сотталасыз ғой, ақсақал?
– Мейлі ғой! – деген қиқар қарт ауыр теткіп. – Тіршіліктің арқасында түрмесін де көріп кетейін.
Шартты жаза алған «Айқай шал» кемпірінің қасында қала берген. Мінгішін өріске жіберді. Тықақтаған мазасыздықтан сап тыйылған кәрі шөңге өткен-кеткенді қағазға түсіретін машығына кіріскен еді. «Теке тойлы болып кеттік, түге! Нан тептілік түбінде бір қараға ұрындырады. Бір уыс бидайға зар болған ашөзек күндер есімнен еш кетпейді» деп жалғастырды ойын.
Өмір КӘРІПҰЛЫ,
жазушы