Суреттерді түсірген – Жұмабай Мұсабек
Екі ай ішінде жергілікті полиция инспекторлары облыстағы қала мен ауылдарды аралап, 146 мыңнан аса пәтер мен жеке үйді қарап шықты. Бұл – жалпы жоспардың шамамен үштен екісін қамтиды. Бүгінде белгіленген жұмыстардың 71 пайызын аяқтады. Дегенмен өңірдегі саяжай алқаптарын толықтай тексерген. Көбіне салықтан қашып, пәтерін жалға беретін тұрғындар өте көп. Олар кәсібін барынша жасырын ұстайды.
«Әр учаскелік инспектор тек хаттама толтырумен шектелмей, тұрғындардың мәселесін тыңдауға басымдық берді. Басты мақсатымыз – құқық бұзушылықты тіркеу емес, оның алдын алу. Мәселен, мыңдаған үйді аралау барысында көптеген тұрмыстық мәселе анықталды. Олардың дені әкімшілік шара қолданбай-ақ шешімін тапты. Тұрғындармен тікелей байланыс орнаған сайын сенім де артып келеді. Алда жұмыс тағы жалғасады», дейді жергілікті полиция қызмет басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов.
Оның айтуынша, ауылдық аймақтар да назардан тыс қалмаған. Шаруа қожалықтарына жүргізілген тексеріс барысында облыс бойынша шамамен 2 мыңға жуық қожалық тексерілген. Олардың басым бөлігінде заң талаптары сақталған. Бұл бағыттағы көрсеткіш 90 пайыздан асып отыр. Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің өкілдері мұндай тексерістердің маңызы тек мал ұрлығының алдын алумен шектелмейтінін, ауылдағы еңбек қатынастарынан бастап көші-қон, қару сақтау, экологиялық талаптарға дейінгі салаларды қамтитынын жеткізді. Ал қарапайым халық шаруаның қауіпсіздігіне де тиімді екенін айтуда.

«Тексеру кезінде инспекторлар тек құжат немесе мал санау үшін ғана емес, қожалықтың қауіпсіздігі, жұмысшылардың құқығы, тіпті экологиялық талаптарға дейін қарап өтті. Бұрын мұндай жан-жақты тексерулер сирек жасалатын. Бұл – тәртіптің күшейгені», деді Қапал ауылының шаруа қожалығы иесі Еркін Нұрмұхамбетов.
Облыстың сауда орындарында да тәртіпті бақылау күшейтіліп, базарлар мен дүкендерде 800-ден аса рейд жүргізілген. Бұл заңсыз сауда, сапасыз өнім, санитарлық талаптарды бұзу сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етіп отыр. ЖПІШ барысында әлеуметтік әлсіз топтар да ерекше назарға алынған. Екі ай көлемінде облыс бойынша тұрақты мекенжайы жоқ 48 адам ұсталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданған. Бұған қоса полиция бөліміне жеткізілген жасөспірімдер саны 500-ден асып, олардың басым көпшілігі қоғамдық тәртіпті бұзған немесе түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүргендер болған. Ювеналды полиция қызметкерлері бұл көрсеткіштердің ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсірегенін, сондай-ақ балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мәселесінің әлі де өзекті екенін атап өтті.
«Ауылдағы жұмыс қаланың жұмысынан өзгеше. Біз тек мал ұрлығының алдын алу немесе көші-қонды қадағалау үшін ғана емес, әрбір отбасының қауіпсіздігі үшін барамыз. 2 мыңға жуық шаруа қожалығын аралау кезінде кей жерлерде қару сақтау тәртібі бұзылған, енді бірінде жұмысшылардың құжаттық мәселелері бар екені анықталды. Мұндай тексерудің пайдасы – дер кезіндегі ескерту», дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әлімбет Смайлов.
Қару айналымы саласы да мұқият тексерілді. Облыстағы 7 мыңнан аса қару иесі тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралып, соның нәтижесінде 100-ден аса азаматтың қару сақтау тәртібін бұзғаны анықталды. Қайта тіркеу мерзімін өткізіп алғандар да аз болған жоқ. Сонымен қатар «seventeen» заңсыз қару айналымнан алынды. Екі қару «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланғандар тізімінде тұрғаны белгілі болды.
Есірткі және темекі бұйымдарына қатысты заңсыздықтар да назардан тыс қалған жоқ. Электрондық шегу жүйелері мен вейп өнімдерін заңсыз сату фактісі бойынша бір қылмыстық іс тіркелсе, Талдықорған қаласында есірткі жарнамасына қатысты граффити де анықталып, жойылған.
Жалпы алғанда, «Учаске» барысында 18 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі ай ішіндегі хаттамалар саны әрбір қызметкерге орта есеппен 37-ден келеді. Ең жиі тіркелген құқық бұзушылықтардың арасында тіркеусіз тұру, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, тұрмыстық қатынастардағы келеңсіздіктер, ортақ аумақтарды ластау және өзге де әкімшілік нормаларды сақтамау деректері бар.
«Биыл полиция қызметкерлері үйімізге екі рет келді. Бұрын-соңды бұлай аралап шықпаушы еді. Қауіпсіздік мәселесін түсіндіріп, көршілер арасындағы байланыс туралы да кеңес берді. Өз басым мұндай жұмыстардың пайдасы бар деп ойлаймын. Себебі жанымыздағы ескі үйге кімдер келіп-кететінін де анықтап берді», дейді Талдықорған қаласының тұрғыны, зейнеткер Сәлима Қадырқызы.
Құқық бұзушылықтың себептерін жою мақсатында учаскелік инспекторлар 300-ге жуық ұсыным шығарып, мекемелер мен ұйымдарға алдын алу шараларын күшейту жөнінде нақты ескертулер жасады. Тек Талдықорған қаласының өзінде мұндай ұсынымдардың саны 100-ден асып отыр.
Өңірлік полиция департаментінің басшылығы «Учаске» іс-шарасын тұрғындармен кері байланыс орнатудың тиімді жолы деп бағалап отыр. ПД бастығы Қайсар Мұхметовтің айтуынша, учаскелік инспектор – халыққа ең жақын полиция буыны. Сондықтан олардың басты миссиясы тек хаттама толтыру емес, адамдардың мәселесін тыңдап, дұрыс шешім табуға көмектесу, сол арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу.
Екі айлық науқан көрсеткендей, құқықтық тәртіпті нығайтуда кешенді жұмыстардың нәтижесі айқын көрінеді. Тұрғындарды аралау, қоғамдық орындардағы бақылауды күшейту, көші-қон үдерістерін реттеу, қару иелерін тексеру және жастар арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу – бәрі де өңірдің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған біртұтас жүйенің бөлшегі.
Жетісу облысы