Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Тексеру барысында жолдардың техникалық талаптарға сәйкестігі анықталды. Сондай-ақ қысқа дайындық, жолдарды қардан тазалау және қолайсыз ауа райы кезінде учаскелерді уақытылы жабу жұмыстарын ұйымдастыру назарға алынды.
Талдап-тексеру нәтижесінде облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесінде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетіні белгілі болды.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері «Қазавтожол» мамандарымен бірге аталған учаскелерде арнайы ескерту белгілерін орнатуға кіріскен.
«Республикада алғаш рет Қарағанды облысында жол шетіне қызыл жолақ белгісін салдық. Бұл белгі Қарағанды-Қарқаралы тасжолында орнатылды. Себебі бұған дейін дәл осы учаскеде екі көлік соғысып, бес адам қаза тапқан еді. Қызыл жолақ жүргізушілердің назарын аударып, әсіресе түнгі уақытта, қар астынан да жақсы көрінеді. Жолақ жүргізілгеннен бері бұл учаскеде бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ», деді тексеруге қатысқан Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Өңір жолдарында қыс мезгілінде қауіпсіздікті сақтау, қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін республикалық тасжолдарға үлкен ақпараттық экрандар орнатыла бастаған. Онда облыстың әр аумағындағы ауа райы көрсеткіштері назарға ұсынылып тұрады.
«Мысалы, Теміртауда жол жабылғанда кептеліс туындамауы үшін Балқашта да қозғалысты шектеу қажет болуы мүмкін. Жүргізушілер өзі тұрған аумақта күн ашық болғандықтан шектеу мәнін түсінбей жатады. Сондықтан экрандар арқылы нақты жағдай көрсетіледі. Сонымен қатар, біздің ұсынысымызбен республикалық жолдарға электронды жылдамдық белгілері де орнатылды. Жылдамдық режимі ауа райына байланысты автоматты түрде өзгеріп отырады. Қолайсыз ауа райы кезінде жылдамдық 80-60 км/сағатқа дейін төмендетіледі», деді Жасқайрат Қайыров.