Жобаға қатысушылар сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгеріп, таргетолог мамандығын игере алады. Курс тыңдаушыларға заманауи кәсіпті үйретіп қана қоймай, нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін де береді.
Қазірдің өзінде түлектердің басым бөлігі мамандық бойынша еңбек етіп, өз жобаларын дамытып келеді.
Оқу бағдарламасы 70% практикалық және 30% теориялық сабақтардан тұрады. Студенттер таргеттелген жарнаманың негіздерін, жарнама платформаларының жұмыс принциптерін меңгереді, жарнамалық кампанияларды құруды, мақсатты аудитория мен бәсекелестерді талдауды, бюджет жасауды және клиентпен дұрыс коммуникация орнатуды үйренеді.
Курсты табысты аяқтағандардың бірі – отбасылық полиграфияны дамытуға таргет жарнамасын қолданып жүрген Амангүл Жақыпова. Оның айтуынша, оқуға жазылу шешімі жарнаманы өз бетінше басқарып үйрену ниетінен туған.
«Мені шабыттандырғаны – жарнаманы өзім орналастырып, мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ жұмыс істей алатыным», дейді ол.
Амангүл курс бағдарламасы өзі күткенінен де пайдалы болғанын атап өтті.
«Курс пайдалы әрі қызықты болды. Бұған дейін бұл сала туралы мүлде білмейтінмін. Өзім жарнама жүргізіп, полиграфиямызға жаңа клиенттер тартып отырмын», дейді ол.
Таргетті іске қосқаннан кейінгі алғашқы оң нәтижелер тез байқалып, клиенттер саны артқан.
Амангүл жаңадан бастаушыларға «Таргет алғашында сәл күрделі көрінуі мүмкін, бірақ қорқудың қажеті жоқ» деп кеңес берді.
«Жарнаманы өзің жүргізу – шығынды үнемдейді әрі істі жүректен жасап, толық бақылауға мүмкіндік береді», дейді ол.
Сонымен қатар, ол таргеттелген жарнамамен жұмыс істеу өзіне ерекше ләззат сыйлайтынын айтты.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы Астанада екінші жыл жүзеге асырылып жатыр.
Ол қала тұрғындарына жұмыс табуға, табысын көбейтуге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге көмектеседі. Жоба іске қосылғаннан бері 36 мың қала тұрғындарына қолдау көрсетілген.
Жобаны Астана әкімдігі «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Негізгі мақсат – қысқа мерзімді оқыту және жұмыспен қамту, осы шаралар арқылы қала тұрғындарының табысын арттыруға ықпал ету.