Руханият • Бүгін, 08:15

Ағалар аманатына адалдық

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Менің ағаларым» атты эсселер жинағының таныстырылымы өтті. Зиялы қауым жылы қабылдаған жинаққа автордың кейінгі жиырма жыл (2005–2025) ішінде жазылып, қазақ қауымының ыстық ықыласына ие болған халқымыздың көрнекті мемлекет және қоғам, ғылым мен мәдениет қайраткерлері туралы таңдаулы эсселері енген.

Ағалар аманатына адалдық

Суреттерді түсірген – автор

Жинақтың таныстырылымына қатысқан автор бұл еңбекті тіршілік тақтасында өзі тікелей араласып аға-іні болып табысқан, қамқорлығын көрген, өмір-өнегесін биік қоятын тұлғалар алдындағы іні­лік һәм шәкірттік борышы ретінде жарыққа шығарғанын атап өтті. XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы халқымыздың айтулы он бес тұл­ғасын қамтыған жинақтың же­келеген тараулары, кітапқа енген әсерлі естеліктердің бір­сыпырасы бұған дейін мерзімді басылымдарда жарияланған.

Тағылымды жинақтың алғаш­қы эссесі «Ғұлама» деген та­қырыппен Манаш Қозы­баев­қа арна­лып, автор ұстаз бен шә­кірт­тің жарасымды сый­ласты­ғын, мейірім мен ша­па­ғат­қа бөленген ұмытыл­мас жылдардың естелігін баян ете­ді. Ал «Ақсарағат» эс­сесінде ғы­лыми жетекшісі академик Са­лық Зи­манов­тың майдан мен ғылым жо­лындағы қайраткерлік жо­рық­тарынан сыр шерткен. Сол сияқты Ұлттық ғылым ака­демиясының президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шаһмардан Есенов, академиктер Рымғали Нұрғали, Төре­гелді Шарманов, Өмір­бек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, профессор Темір­бек Қожакеев туралы тол­ғаныстардың әрбірі тебіреніс­пен қағазға түскен.

Автор Халық қаһарманда­ры, Рейхстагқа ту тіккен Ра­қымжан Қошқарбаев пен партизан жазушы Қасым Қайсенов жайындағы «Жаужүрек» және «Қаһарман» эсселерін сұрапыл соғыс жылдарындағы көпшілікке белгісіз, нақты құжаттармен дәйектейді.

Сонымен қатар айтулы қоғам қайраткерлері Камал Смайыловтың, Қалтай Мұ­хамеджановтың, Шот-Аман Уәлиханның ғибратты ғұмыр­лары шалқар шабытпен қа­ғазға түскен. Кейінгі кезеңде зор ізденіспен жазылып, оқыр­мандар ықыласына бөленген зерттеуі қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовке арналған. Бұл эсседе кейіп­кер­дің балалық шағынан басталған өмір жолы көркем суреттеледі. «Асылзада» эссесі – автордың қолына алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құ­ранды» оқытқан әкесі Абрар Әке­тайұлына арналыпты.

Іс-шараны жүргізген ақын Бауыр­жан Жақып кітапта ат­тары қоғамға таныс қайрат­керлердің тасада қал­ған аза­мат­тық қадамдары, баға­лан­бай қалған қайсарлықтары, бей­мәлім қырлары сипатталғанын айтады.

п

«Бұл кітап інінің ағалар тура­лы сезімі ғана емес, ал­дыңғы толқынның айтулы тұл­ғаларын толық талдап, терең бағалауы. Жинақ жылдар бойы жинақ­талған зерттеулерден, үлкен архивтерден алынған мұрағат құжаттарынан, толымды деректерден тұрады. Бұл эсселер – өскелең ұрпақ үшін өзінше бір тәрбие алатын мектеп. Айбынды тұлғалар­дың ел ертеңі үшін ғылымда, әде­биетте, заң саласында, мә­дениет­тануда, журналистика­да талмай еткен еңбегі, төк­кен тері кейінгілер үшін шам­шырақ. «Түркістан» газетінде Абзал Бөкеннің, «Қазақ әде­биеті» газетінде Қансейіт Әбдезұлының, «Ана тілі» газетінде Нұрғали Ораздың, әлеу­меттік желіде Жүсіпбек Қорғасбектің, Қали Сәрсенбай мен Дидар Амантайдың, сол секілді осы кітапты оқыған басқа да қалам ұстаған аза­маттардың пікірі жарияланды. Соғыс жыл­дарындағы тарих, ашаршылық кезін­дегі тарихымыз да, зоба­лаң репрессия кезіндегі кейбір ақ­таңдақтар да, Алаш ардақ­тыларының атқарып кет­кен істері де осы жинақта қам­тылған», дейді Бауыржан Жақып.

Еркін форматта өрбіген тұсаукесерде ұлттық мәдениет, тарихи тұлғалардың ел біле бермейтін беймәлім қырлары хақында естеліктер айты­лып, академик Жанғара Дәде­баев, жазушы Кәдірбек Се­гізбайұлы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құл­кенов, тағы басқа да әде­биет пен ғылым майталмандары пікірлерін білдірді. Кітап тұсаукесерінен тағылым қалуы керегін айтқан автор бір­қатар кітапханалар мен оқу орын­дарының қорына «Менің аға­ларым» жинағын сыйға тартты.

«Менің кейінгі 25 жылдағы ғұмырым түгелдей мәдениетке, ақпаратқа, кітап басу ісіне ар­налған екен. Көп жұрт осы саланы ұзақ басқарған адам 2-3 жыл сайын кітап шығарған шығар деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен 25 жылда бірде-бір кітап шығармаппын. Бұл жазуды тоқтатқаным емес, осы жылдар бедерінде үздіксіз жазумен болдым. Қызметтен кеткеннен кейін бар күш-қуатымды қаламға арнадым десем де болады. Жазған-сызғандарымды жинақтағанда 7-8 томға еркін жететін дүниелер бар екен. Оның бәрін асықпай, рет-ретімен шығаратын уақыт келді деп есептеймін. «Менің ағаларым» жинағындағы эсселер 20 жыл бойы жазылып келе жатқан дүние. Біразы газет-журналдарда жарияланды. Басылымның бір ерек­шелігі – бұл дүниелер алға­шында қалай жазылса, еш­бір жерін өзгертпестен қаз-қалпында ұсынып отырмын. Кейіп­керлерімнің әрбірі ғылымға, ұлтқа, шынайы қызмет еткен адамдар», дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

 

АЛМАТЫ