Ғылым • Бүгін, 08:38

Қазақ библиографиясының байыпты белесі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық библиографияны жүйелеу – рухани мұрамызды болашаққа жеткізудің сенімді жолы. Елімізде библиографиялық қызметтің қалыптасу кезеңі 1933 жылдан басталады десек, дәл сол жылы 7 қазанда Қазақ КСР Орталық кітапханасында арнайы бөлім құрылып, 1934 жылы алғашқы көрсеткіш жарық көрген болатын. Алматыда өткен «Ұлттық библиография­ны дамыту: тәжірибе, заманауи технологиялар мен интеграция мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ел ғылымындағы маңызды бағдардың бүгіні мен болашағы сараланды.

Қазақ библиографиясының байыпты белесі

Ұлттық кітапханада өрбіген кәсіби пікір алмасу алаңына еліміз­дің айтулы ғалымдары мен кітапханашылары, бірнеше мемлекеттен арнайы келген жетекші библиографтар қатысты. Ұлттық кітап­хананың 115 жылдығына, Алаш қай­раткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерей­тойына, еліміздің кітапханатану саласының көрнекті маманы Роза Бердіғалиеванің 80 жасқа толуына орай ұйымдас­тырылған іс-шарада ұлттық библиографияның бүгінгі беталысы мен болашағы талқыланып, салаға серпін беретін бірнеше ұсыныс айтылды.

Отандық библиографияның инсти­туционалдық негіздері мен рухани жаңғырудағы маңызына тоқталған ғалымдар қазіргі кезеңде деректерді толық цифрлық форматқа көшіру, ұлттық электронды каталог құру және библиографиялық деректерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, деректерді біріздендіру әрі жаһандық ақпараттық жүйелермен интеграциялау, әдістемелік қолдауды күшейту, мамандар даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері де кітапханашылар назарынан тыс қалмады.

Іс-шарада Қазақстан Ұлттық кітап­ханасының директоры, Қазақстан кітапханалар одағының төрағасы Ғазиза Нұрғалиева, «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев, ИФЛА библиография секциясының төрағасы Рехаб Оф (Александрия кітапханасы, Мысыр), Қытай Ұлттық кітапханасының әдебиетті жинақтау және каталогтеу бөлімінің меңгерушісі Хуан Цзе, әлеуметтану ғылымдарының докторы Суат Бейлүр, «Alash book» баспа үйінің жетекшісі Алма Тұрсын, Республикалық ғылыми-педаго­гикалық кітапхананың директоры Әлия Сайдембаева баяндама жасады. Мамандар тәжірибе алмасу, кәсіби байланысты нығайту, заманауи трендтерді бірлесе талдау мәселелерінің арнасын кеңейтуді қажет деп есептейді. Әсіресе цифрлық трансформация, деректерді интеллектуалды өңдеу, инклюзивті ақпараттық ресурс­тар қалыптастырудың маңызы зор. Сарапшылар пікірінше, жасанды интеллект құралдарын библио­графиялық үдерістерге енгізу арқылы сала тиімділігін арттыруға болады.

о

«Ұлттық библиография – ел жадының, мәдени мұраның, тарихи деректің негізі. Оның дамуы мен жүйеленуі ұлттық ғылым мен білімнің ілгерілеуіне тікелей ықпал етеді. Конференцияда Ұлттық кітапхана жанынан библиографияға арналған ғылыми орталық құру, даму стратегияларын әзірлеу, халықаралық серіктестік пен кәсіби кадрлар даярлауды жүйелеу секілді нақты ұсыныстарды ортаға салдық. Қазақ библиографиясы­ның ғасырлық жолын барлаған басқосуда кітап мұрасын жүйелеуге арналған бірнеше маңызды басылымның тұсауы кесілді. Солардың қатарында Міржақып Дулатұлы құрастырған «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші (1926–1927)», «Қазақстан библиографиясы мен кітапхана ісі», «Ұлттық кітап­хана қорын­дағы дәстүрлі карто­текалық ақпарат­тар (1921–2001): библио­графиялық шолу анықтамалығы» жинақ­тары бар. Бұл басылымдар – тарихи дерек пен рухани мұраны ұштастыратын құнды биб­лио­графиялық еңбек», дейді  Ұлттық кітап­хананың директоры Ғазиза Нұрғалиева.

Конференция аясында «Ғасырлық жол: қазақ библиографиясының шежіресі» атты арнайы көрме ұйым­дастырылып, сирек қорлардан алын­ған басылымдар, каталогтер мен библио­графиялық құралдар жұртшылық назарына ұсынылды. Көрмеде ұлт­тық библиографияның қалып­тасу кезең­дерінен бастап бүгінге дейінгі даму сатылары көрініс тапқан.

 

АЛМАТЫ