Фото: ru.freepik.com
Талқылау барысында Ecojer қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов енді қалдықтарды өңдеудің барлық үдерісі ашық жүргізілетінін айтты. Осы бағытта бірыңғай цифрлық есеп жүйесі енгізіледі.
Компаниялар қалдықтың түзілуінен бастап қайта өңдеуге дейінгі әр кезең есебін беруге міндеттеледі.
Бұдан бөлек, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту полигондарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, айналмалы экономикаға көшуді қамтамасыз етеді. Қайталама материалдарға стандарттарды енгізу және сұрыптау нысандарын кеңейту, өңірлердегі бизнес үшін тиімді болып, тұрақты қайта өңдеу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Рүстем Қабжанов жаңа ережелерді бекіту үшін жеке салалық заң қабылдау мен тарифтік тетіктерді жаңарту жоспарланғанын атап өтті.
«Тұжырымдаманы жүзеге асыру қалдықтарды көму көлемін едәуір қысқартуға, қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға және экономикаға қайталама ресурстарды тартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның циркулярлық экономика моделіне көшуі экологиялық жағдайды жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», деді Рүстем Қабжанов.
Ал Шығыс Қазақстан облысында қалдықтарды қайта өңдеу саласына шетелдік инвесторлар тартылады. Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов қалдықтарды басқару бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Өндірістік кәсіпорындардан 2 миллиард тоннадан астам техногенді минералдық түзілімдерді заманауи есепке алу, қауіпсіз сақтау және қайталама айналымға тарту талап етіледі. Сонымен қатар облыс халқынан жыл сайын 300 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар жиналады», деді Нұрымбет Сақтағанов.Өңірде қалдықтарды қайта өңдеу үшін Германия, Қытай және Швейцариялық инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және сұрыптау ісі жолға қойылған. 2026 жылдан бастап коммуналдық қалдықтарды басқару бойынша цифрлық орта құру жоспарланып отыр.