Қоғам • Бүгін, 09:18

Мәжіліс төрағасының Мароккоға сапары: екі ел арасында тікелей рейстер ашылуы мүмкін

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламидің шақыруымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды, деп жазады Egemen.kz

Мәжіліс төрағасының Мароккоға сапары: екі ел арасында тікелей рейстер ашылуы мүмкін

Рабат қаласында Мәжіліс делегациясы Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламимен және Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашидпен, сондай-ақ Үкімет басшысы Азиз Аханнушпен кездесті.

Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламимен кездесуде тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Мароккомен серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін айтып, Король VI Мұхаммедке оның жылы лебізі мен ықыласын жеткізді.

п

Қазақстан мен Марокко арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері біраз салада берік байланыс қалыптасты. Соның бірі – парламентаралық ықпалдастық. Әңгіме барысында Ерлан Қошанов осы парламентаралық диалогты тереңдетуге ерекше назар аударды.

«Біз парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Марокко жағынан да дәл осындай ықылас бар. Халықтың өкілдері ретінде екі елдің тығыз араласуына, жақындасуына жол ашуымыз керек. Елдеріміздің парламенттері арасында құрылған достық топтары үнемі байланыста. Биыл марокколық достық тобының Астанаға сапары жемісті өтті. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастыру керек», деді Мәжіліс спикері.

Өз кезегінде Марокко Өкілдер палатасының төрағасы Қазақстан Президенті қолға алған реформаларды жоғары бағалады.

«Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын үнемі бақылап отырамыз. Олар елдің дамуына зор септігін тигізуде. Бұл бастамалар Парламент жұмысына да оң ықпал етері сөзсіз. Қазақстан тоғыз жолдың торабында шығыс пен батысты байланыстырып тұрған ел. Сіздермен барлық салада ынтымақтастықты бекемдей түсуге дайынбыз. Марокко Қазақстан үшін Африка нарығына шығатын қақпа болғысы келеді», деді Рашид Талби Әл-Алами.

Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы серіктестікті дамыту жайы Марокко Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашидпен кездесуде де кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Марокко Үкіметінің басшысы Азиз Аханнушпен кездесті. Онда екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Тараптар сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында серіктестікті одан әрі күшейту мәселелері мен «Орта дәліз» көлік бағытын белсене дамыту жайын ортаға салды. Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және мәдениет саласында да әріптестікті кеңейту жайы сөз болды.

Биыл екі ел азаматтары үшін визасыз режим күшіне енді. Қазіргі уақытта тікелей рейстер ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл екі халықтың бір-бірін жақын тануына жол ашады.

Сапар аясында депутаттар Король V Мұхаммед кесенесіне барып, мемлекеттің негізін қалаған тұлғалар – Король V Мұхаммед пен Король ІІ Хасанның рухына тағзым етті, гүл шоқтарын қойды.