Медицина • Бүгін, 16:10

Жедел жәрдем қызметкерлері жаппай бейнетіркегішпен қамтылады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Астана мен Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты келеңсіз оқиғалар 90 пайызға төмендегенін айтты. Оң көрсеткіштің өсуіне мегаполистердегі медицина мамандарының бейнетіркегішпен қамтылуы түрткі болған, деп жазады Egemen.kz.

Жедел жәрдем қызметкерлері жаппай бейнетіркегішпен қамтылады

Фото: ostrovets.by

Қазір елімізде дәрігерлердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүйелі шаралар атқарылып жатыр. Бұған дейін салалық министрлік ІІМ-мен бірлесіп медициналық мекемелерде 150-ге жуық полиция бекетін ашқан. 

Тимур Сұлтанғазиев осы бағытта атқарылып жатқан өзге де шараларға тоқталды.

«Стационарларда камералар орнатып жатырмыз. Бұл камералар полицияның Жедел басқару орталығына қосылған. Бұдан бөлек, 600 медицина ұйымның әрбір қабылдау бөлмесіне дабыл нүктелері орнатылды. Соның арқасында қажетті жедел алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр», деді ол.

Жоғарыда аталған Астана мен Алматы қалаларындағы көрсеткіш негізінде өзге аймақтағы жедел жәрдем қызметкерлерін де жаппай бейнетіркегішпен қамту көзделіп отыр. 

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі осы жоспар аясында «Қазақтелекоммен» бірге тиісті шаралар қолға алынғанын жеткізді.