Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қызылорда облысы аумағында орналасқан республикалық маңызы бар Қызылорда – Жезқазған автожолының жаңартылған бөлігінде негізгі жұмыстар толық аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. Ұзындығы 216 шақырым болатын учаскенің 192 шақырымы қайта жаңғыртудан, ал 24 шақырымы орташа жөндеуден өтті.
Жүк тасымалы артады
Аталған жолдың пайдалануға берілуі Қызылорда және Ұлытау облыстарының тұрғындары үшін айрықша маңызды әрі көптен күткен жаңалық болды. Бұл жоба республиканың оңтүстік және орталық өңірлері арасындағы көлік байланысын нығайтып, өңірлік экономиканың дамуына, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосады.
«Қызылорда–Жезқазған автожолын қайта жаңғырту жұмыстары компанияның жүзеге асырып жатқан басым жобаларының бірі. Қызылорда облысындағы жаңартылған учаскенің пайдалануға берілуі мердігер ұйымдардың, инженерлердің және сала мамандарының кәсіби әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі», деді жолдың стратегиялық маңызына тоқталған «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталды. Жоба аясында жолдың техникалық санаты III санаттан II санатқа ауыстырылды. Жолдың құрылысына бес мердігер ұйым тартылып, жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сай жүргізілді.
Жобаға 7 зауыт атсалысты
Жобаға 600-ден астам маман, 400-ге жуық жол-құрылыс техникасы және жеті асфальтбетон зауыты жұмылдырылды. Құрылыста 2,6 млн тоннадан астам қиыршық тас, шамамен 66 мың тонна битум және 5 мың текше метр темірбетон бұйымдары қолданылды. Сонымен бірге 2,8 млн текше метр жер қазу жұмыстары орындалып, 1,2 млн тоннадан астам асфальтбетон қоспасы төселді. Жол бойында төрт демалыс алаңы, 43 темірбетон құбыры және алты мал өткелі салынды.
«Бұл учаскеде қозғалыстың ашылуы жол жүретін уақытты едәуір қысқартады, өткізу қабілетін арттырады және жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайды. Компания қалған учаскелердегі жұмыстарды да жоғары сапамен әрі белгіленген мерзімде аяқтауды жалғастырады», деп атап өтті Д.Иманашев.
Ұлытау облысындағы учаскеде де жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйымдар қажетті техникаларды және мамандарды толық мобилизациялады. Жобаны 2027 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республика бойынша жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған ауқымды бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, еліміздің көлік жүйесін дамытуға және негізгі автожолдарда сапа мен қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге басымдық беріп келеді.