Таным • Бүгін, 11:18

Берлинде бас қосқандар

2 мин
оқу үшін

Бұл суретте жеті адамның ортасында Алаш арыстарының бірі, ортаазиялық түркі туғандардың басын біріктіру үшін тер төккен тұлға Мұстафа Шоқай отыр. Фото 1923 жылы Берлин қаласында түсірілген.

Берлинде бас қосқандар

Жәдігерді алғаш та­уып, айна­лымға енгіз­ген – Ш.Уәли­ханов атын­дағы Тарих және этно­логия инс-титуты Ежелгі және орта ғасыр­лардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ­докторанты Елдос Сауырқан.

Одан тарихи жәдігерді қайдан, қалай тапқаны жөнінде сұраған едік.

– Түркияда оқып жүрген жылдары ауғанстандық өзбек ғалымы Ахат Андижанның 2003 жылы түрік тілінде жарық көрген «Жәдитшілдіктен тәуелсіздікке: Түркістанның шетелдегі күресі» («Cedidizmden Bağımsızlığa Hariçte Türkistan Mücadelesi») атты кітабы қолыма түсті. Аталған сурет осы кітапта жарық көрген. Топ ортада қасқайып отырған Мұстафа Шоқайды бірден таныдым да, қалған тұлғалардың кім екенін анықтауға кірістім. Автор бұл адамдарға «Түркістан азаттық ұйымының» Берлин бөлімшесінің мүшелері» деген анықтама беріпті. Ал суретте бейнесі қалған түркістандықтарға тоқталсақ, алдыңғы қатар (солдан оңға қарай): Әбділуақап Мұрат, Мұстафа Шоқай, Ақмет­жан Ыбырайым Оқтай; артқы қатар (солдан оңға қарай): Сабыр Түркістанлы, Әбділуақап Ысқақ­ұлы Оқтай, Тайыр Шәкір Шаға­тай, Ғазымбек Бірімжан екені анықталды. Кейін бұл сурет желіге тарап кетті. Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы бір мақа­ласында сілтемесін көрсетіп пайдаланса, одан кейін 2021 жылы «Алаш кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Ғазымбек Бірімжан» атты жинақта (құрас­тыр­ған Да­нияр Ихсан) жарияланыпты. Бірақ сілтемеде «1925» деп қате жазылғаны байқалады.

Суреттегі тұлғалар 1920 жыл­дар­дың басында бұрынғы Бұхара Халық Республикасы мен Түркістан АКСР-дан Германияға оқуға барған түркістандықтар екені анық. Осы қатарда бес қазақ болған. Олар Ғазымбек Бірімжан, Әбдірахман Мұңайтпас, Дамолла Битілеу, Темірбек Қазыбек болса, бесінші қазақ Бөкей губерниясы Теңіз уезінің тумасы, Қазан университетінен Түркістан университетіне ауысқан Сабыр Танаш екенін тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсынның зерттеуінен білдік.

Соңғы жаңалықтар

LRT атауы өзгереді

Оқиға • Бүгін, 12:29