Қоғам • Бүгін, 08:15

Қайта түлеген Торғай рухы

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өмірімді Отан қорғау саласына арнаған азамат ретінде кең-байтақ даламыздың көптеген жерін араладым. Мен үшін жеріміздің әр пұшпағы қымбат, әр өзен-көлі мен тау-тасы әсем. Осы күз айында қасиетті Торғай топырағына табаным тиді. Бұған дейін сонау 90-жылдары Арқалық қаласындағы әскери бөлімдердің біріне барғанымда Торғай өлкесімен алғаш танысқан едім. Сол кезде облыс жаңа жабылып, ел көшіп, үйлері босаған өңірді көріп, көңілім жабырқап қалған еді. Содан бері де біраз жыл өтті. Жақында Торғайға қайта барғанымда, көңілім марқайып оралдым. Міржақып Дулатұлы армандағандай, Ұлы дала оянып, Торғайдың рухы қайта түлегендей әсерде болдым.

Қайта түлеген Торғай рухы

Биыл ұлтымыздың ұлы пер­зенті, ақын әрі ағартушы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Осы айтулы оқиғаға Астанадан бір топ делегация пойыз­бен Қостанай облысының Торғай өңіріне аттандық. Бізбен бірге Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ тағдырдың жазуымен туған жерін тастап, қоныс аударған торғайлық қалың жұртшылық бар. Салтанатты жиынға Парламент Мәжілісінің спикері, «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов та ат терлетіп келді.

Мереке жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды. Қостанай қаласында Міржа­қып Дулатұлының ескерткіші ашылса, Торғайда ұлттық рухты көтерген «Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафоны өтті. Бұл додаға еліміз­дің 13 өңірінен, Қазақстан халқы Ассамблеясынан, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейден (соның ішінде Кабардин-Балқар елінен) келген 90-нан астам шабандоз қатысты. Бес күнге созылған марафон барысында олар Тобыл-Торғай даласы арқылы 500 шақырымға жуық жолды еңсерді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов  құттықтау сөзінде ұлттық спорттың қайта жаңғырып келе жатқанын атап өтті.

Шынында да, бұл дүбір ұлтты оятуға қосылған сүбелі үлес болды. Осы жолы нарықтың қатаң заңынан қажыған жұртты емес, уақыт сынынан өткен, еңбегін жүйелеген, ішкі қуаты артқан елді көрдік. Торғай жұрты тіршілігін дөңгелетіп, еңбектің көзін, берекенің өзін тауыпты.

Міржақып дегенде көпшіліктің ойы­на ең алдымен «Оян, қазақ!» оралады. Бұл – өлеңнің атауы ғана емес, ұлттың рухани серпілісінің мәңгілік ұраны. Сол рухты қайта жаңғыртуды мақсат еткен «Qazaqstan» ұлттық арнасы кейінгі жылдары «Міржақып. Оян, қазақ!» атты телесериал мен деректі фильм түсіріп, көрермен ықыласына бөленді. Соның ішінде жастардың көңіліне ой тоқығаны ерекше қуантады. Осы туындылар арқылы бабамыздың күрескерлік рухы қайта тірілгендей болды.

Міржақып Дулатұлының ғұмыры қазақтың азаттығы мен елдік мұратын қорғауға арналды. Алаш арысы бір сөзінде:«Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біз. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма?» деген еді. Бұл сөздер – ұлттық жауапкершілік пен сана тәуелсіздігінің айғағы. Торғай өңіріне көңіл бөлу арқылы осы рухты одан әрі асқақтатамыз деп сенемін.

Бүгінгі ұрпақ үшін Міржақып мұрасы – бірлік пен елдік сананың рәмізі. Торғай төрінде өткен дүбірлі той, ат марафоны мен ашылған ескерткіш сол рухтың, сол оянудың мәңгілік жалғасы екені анық.

Біздің топ той аясындағы іс-шара­лармен ғана шектелмей, халықтың тыныс-тіршілігімен де танысты. Тойдан кейін «Amanat» партиясы Бақылау комитетінің мүшесі ретінде мен, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Әбенов қасиетті өңірдің жұртшылығымен кездестік.

Ең алдымен, бұл өңірдің басты мәселесі жол екені айтпасақ та түсінікті. Торғай жұрты экономиканың күре тамыры саналатын үлкен көліктік магистралды күтіп отырғанына біраз болды. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел орталығы мен батысын жалғайтын тасжол Торғай өңірі арқылы өтетін болды. Кейбір алыпқашпа әңгімелердің кесірінен ауыл жұрты «Жол кейбір ауылдар­ды айналып өте ме?» деп күмәнданған еді. Біз сол ауыл тұрғындарымен кез­десіп, Президент бастамалары толық орындалатынына сендірдік, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы арқылы халықтың көңіліндегі күмән сейілді. Өйткені елге демеу сөз бен нақты қолдау қажет.

Сонымен қатар Қарасу ауылына барып, атақты сазгер Айтбай Мұзда­хановпен кездестік. Ағамыз қолынан айы­рылса да, елуден астам күй жазыпты. Қызы Анар Мұздаханова да – әке жолын қуған жан. Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай «Оян, қазақ!» күйін шығарған. Ағамыз ауылға Мәдениет үйін салып беруді және зайыбының денсаулығын қаратуға көмек сұрады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Әбенов Мәдениет үйінің мәселесі келесі жылы шешілетінін, облыстық бюджетке енгізілгенін айтты. Ал жақында жеңгемізді Астанаға алып келіп, дәрігер Абай Байгенжинге қараттық. Құдай сәтін салса, денсаулығы түзелер деген үміттеміз. Бұдан соң «Торғай тәжі» аталып кеткен тарихи кешенді өз көзімізбен көріп, ерекше әсер алдық. Бұл нысанның авторы – меценат Сапар Ысқақұлы. Құрылысы әлі екі жыл жалғасады. Бұл да торғайлықтардың, жалпы ел рухының өсуіне септігін тигізетініне сенімдімін.

Сапарымыз жоғарыда айтылған Арқалық қаласында аяқталды. «Ұлы дала жорығы» ат марафоны да осы қалада өз мәресіне жетті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейіновпен бірге жеңімпаздарды марапаттадық. Біз елордаға үлкен әсермен оралдық.

70-жылдардың басында айтулы ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Торғай өлкесінде қызмет істеген жылдары ең алғаш «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблін ашқан болатын. Уақыт өте осы өнер ұжымы жабылып қалды. Енді, міне, араға жылдар салып, белгілі қоғам қайраткері Дүйсен Қасейіновтің қолдауымен жергілікті филармония ансамблі қайта ашылғалы тұр. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Өз басым «Ардагер ұйымы» рес­пуб­­ликалық-қоғамдық бірлестігі төрал­қасының мүшесі ретінде Торғай өңірінің мәдени табыстарын көреміз деген үміттеміз. Ардагерлер арасындағы волейбол турнирі мен әскери оркестрлер фестивалін қасиетті Торғай төрінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы торғайлық жұртқа тамшыдай болса да қолдау көрсеткіміз келеді.

Торғай рухының түлеуі Алаш жұртының рухын асқақтатады деген сенімдемін.

 

Абай ТАСБОЛАТОВ,

генерал-лейтенант, қоғам қайраткері