Экология • Бүгін, 08:20

Ауа сапасы алаңдатады

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы қаласының экологиялық ахуалы көптен жұртшылықты алаңдатып отырғаны белгілі. Тау баурайында орналасқан мегаполистегі ауа сапасының нашарлауы тұрғындар денсаулығына қауіп төндіреді. Айтыла ақжем, жазыла жауыр болған проблеманы түбегейлі шешуге бағытталған ауқымды іс-шаралар қолға алынғанымен, нәтиже көңіл көншітпей тұр.

Ауа сапасы алаңдатады

Сурет: aqshamnews.kz

Биыл қаңтар айында Швей­ца­рия­ның «IQAir» компа­ниясының «әлемдегі ауасы ең лас мегаполистер» рейтингін­де Алматы алғашқы орынға шықты. Көрсеткіште ауа сапа­сының индексі «қауіпті» деңгейге түскен. Қыркүйек-қазан айларында бұл тізім қайта жаңарып, мегаполис әлем бойынша ауа сапасы нашар қалалардың алғы шебінде тағы аталған. Қазан айында ауа ластануының AQI көрсеткіші 174-ке жеткен деп көрсетіледі мақалада. Алты жыл бұрын алғашқы жұмыс сапарында Алматыға келген Мемлекет басшысы күн санап аумағы артқан шаһардың экологиялық ахуалына ерекше тоқталып, қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық зиянсыз түрлеріне көшіру ісін кешеуілдетпей аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүйелі жүзеге асыруды, ағаштар мен алма бақтарын заңсыз отағандарға шара қолданып, қатаң бақылау орнатуды міндеттеген еді.

Ауа сапасының нашарлауына негізгі себеп ретінде көліктен бөлінетін зиянды заттар, жылыту маусымында қала агломерациясына жақын орналасқан жеке тұрғын үйлерден шығатын түтін, бір-бірімен иін тірескен биік ғимараттар­дың ауа айналымына кедергісі секілді мәселелер айтылып келді. Бірқатар сарапшы бұл тұста топырақ пен ауа циркуляциясының географиясы да ауаның нашарлауына әсер етіп отыр деп есептейді. Мамандар Алматы Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқандықтан, жел айналымының әлсіздігі, атмосферадағы инверсия жағдайлары ластанған ауаның тұрып қалуына ықпал ететінін алға тартады.

Қалай болғанда да, мәселені уақыт оздырмай реттеу маңызды. Себебі мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ. 2 млн 300 мыңнан аса тұрғыны бар қаланың экологиялық ахуалы 20 млн халық шоғырланған Мехико, 17 млн халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10–15 млн аралығында тұрғыны бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар аталмауға тиіс.

Қалалық әкімдік пен Экология министрлігі кейінгі жылдары эколо­гиялық жағдайды жақсартуға арналған бірнеше бағдарлама әзірледі. Соның бірі «Жасыл Алматы» бағдар­ламасы қалада ағаш егу, жасыл желек санын арттыру, қоғам­дық көлік пен электркөліктер үлесін көбейтуге бағытталған. Дегенмен аталған іс-шара­лар жеткілікті ме? Бұл – қоғамда жиі қойылатын сұрақ. Эколог мамандар кешенді экологиялық саясат қалыптастыру, қоғам­дық бақылауды күшейту және әрбір азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру қажет екенін үнемі айтып келеді.

«Әсіресе қыс пен күз айларында тау аңғарына шығып қарасаңыз, қаланың төбесі ыс пен түтінге толады. Қаланың негізгі Талғар, Қаскелең тарапындағы кіреберіс қақпаларына үлкен көлік тұрақтарын орнатып, шаһар ішінде бірыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мәселені заң шеңберінде шешудің тетіктерін тапқан жөн. Дамыған елдердегідей үлкен қалаларға ауыр жүк көліктерін мүлдем кіргізбеу керек. Арнайы қоймалар салып, қажетті заттарды шағын жүк көліктері арқылы ғана қалаға тасымалдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға шығаратын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл оксиді 800 килоны, азот оксиді 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша, көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден аса зиянды зат түседі. Жалпы, ел аумағында қоршаған ортаны ластайтын заттардың 60 пайызы көліктерден келеді. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын қажет болса күн сайын тексе­ріп отыру қажет», дейді эколог Мөлдір Айтқалиқызы.

Сарапшы атап өткендей, толассыз ағылған көлік нөпірі – табиғат ана сыйлаған таза ауаны ластап отырған бас­ты фактордың бірі. Күн сайын 700 мыңға жуық автокөлік қатынап, миллионнан аса адам тасымалданатын қалаға тәулігіне Қаскелең, Қапшағай, Талғар мен Құлжа тасжолдары арқылы кіріп-шығатын есепсіз көліктер Алматының дәлізінде таңертеңгі және кешкі уақыттарда ұзын-сонар кептелек тудырады. Қала экология­сына кері әсерін тигізетін проблема жолдарды қайта құру және кеңейту арқылы ғана емес, перспективалы көлікті дамыту арқылы шешілуге тиіс екені талайдан айтылып жүр. Бұл мәселе әкімдік немесе министрлік деңгейінде ғана емес, ортақ қоғамдық міндетке айналуы керек десек те, жағдайды реттеуге бағытталған кешенді шаралар заңмен бекітілуі керек.

Наурыз айында қалада көлік шыға­рын­­дыларын қадағалауға арналған «Таза ауа» акциясы бастау алып, экологиялық талапқа сай келмейтін көліктерге шара қолданыла бастаған. Мәселен, 2024 жылы экопостар арқылы жүргізілген тексерулерде 34 708 көліктен бөлінетін түтін нормадан асып кеткені анықталған. Қала әкімдігі 2025–2027 жылдарға арналған бағдарлама аясында «экологиялық талапқа сай емес көліктер үшін қала орталы­ғына кіруді ақылы ету», сол арқы­лы ескі көліктерді орталыққа кіргізбеу және ақылы аймақтар енгізу жоспарын ұсын­ған еді. Жоба алматылықтар арасында қызу талқыға түсті. Кей тұрғындар бұл бетбұрыс қала экологиясына аса қажетті шара десе, жоба жұрт арасында әлеуметтік әділетсіздік тудырады деп пікір айтқандар да табылды. Соңғы пікірді алға ұстағандар ескі көлік мінген бұқараның алдағы жайына алаңдаушылық білдірген.

Бұл реформаларды жүйелі жүзеге асыру үшін көлік инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық көліктерді ұлғайту қа­жеттігі түсінікті. Жыл сайын қалада жаңа электр автобустарын іске қосу, газбен жүретін автобустар санын молайту іс-шаралары оңтайлы жүзеге асқаны байқалады. Қала әкімдігінің 2030 жылға дейінгі «Көлік қаңқасының шебер-жоспары» бағдарламасы қабылданып, қоғамдық көлікті пайдалану үлесін 64%-ға дейін жеткізу көзделген. Келер жылдан бас­тап мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға электрмобильдер сатып алуға рұқсат беру, ал Алматы әкімдігіне электр қозғалтқыштары бар қоғамдық көліктің үлесін арттыру қажеттігі туралы ұсыныс айтылып келеді. Мегаполисте мыңдаған электр көлігінің пайда болуы, оларды қуаттау үшін тиісті инфрақұрылым салу, электр энергиясының жаңа көздерін іздеу қажеттілігін тудырады. Қалада онсыз да энергия тапшылығы және электр желісіне үлкен жүктеме барын ескерсек, бұл жос­парлар әлі де кешенді реттеуді қажет ететін жобалар санатында.

Қаланың энергетикалық инфрақұры­лымын жаңарту экологиялық жағдай­ға тікелей ықпал ететіні белгілі. 2017 ЖЭО-1 толық газға ауыстырылған еді, бүгінде ЖЭО-2-де кең көлемді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. 2022–2026 жылдарға арналған жоба аяқталған соң, жыл сайынғы зиянды шығарындылар көлемі 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін қысқармақ. Жауаптылардың сөзіне сенсек, газдандыру деңгейі 99,4 пайызға орындалған.

«Таза ауа – бәріміздің ортақ жауапкер­шілігіміз. Ауаны қорғаудың жаңа ереже­лері әзірленіп жатыр. Құжатта шығарындыларды бақылау, зиянды заттардың мөлшерін азайту, төмен лас­тану аймақтарын құру және ауа сапасын үздіксіз қадағалау қарастырылған. Қаладағы 19 экологиялық бекетте полиция және экология қызметкерлері бірлесіп тексеріс жүргізеді. Биылғы 9 айда 18 мыңнан аса құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 355 млн теңгеден аса айыппұл салынған», дейді Алматы қаласы Экология департа­ментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген «Алматы қаласының атмосфералық ауасының сапасын жақсарту жөніндегі Жол картасында» жеке тұрғын үйлерді тұтастай газдандыру, автокөліктерді экологиялық отын түрлеріне көшіру сияқты 20 іс-шара қарастырылған. Қаланың көлік және экология арасындағы тығыз байланысты ескере отырып, автокөлік санын реттеу, қоғамдық көлікті дамыту, ескі көліктерге шектеу қою Алматының таза ауаға ұмтылған жолындағы басты бағыттар болып қала бермек.

«Көлік секторы арқылы атмосфералық ауаның ластануын азайту бағытында Алматы қаласы бірқатар маңызды шара қабылдағаны байқалады. Бірақ бұл – бастапқы кезең ғана. Нақты нәтижеге жету үшін іс-шараларды жемісті іске асыру, әлеуметтік әділеттілік пен мониторингтің ашықтығы қамтамасыз етілуге тиіс», дейді қоғам белсендісі Маулен Сыбаш.

Ашық дереккөздерде кейбір сарапшылар ауа сапасын бақылайтын мониторинг жүйелері іс жүзінде әлсіз екенін, атмосфералық ластану кейбір аумақтарда ғана өлшенетінін, қала ішіндегі барлық ластанушы көздер түгел зерттелмегенін тілге тиек еткен.

«Қаражат пен жауапкерші­лік тек орталықтандырылған құ­рылымдарға ауады, жер­гілікті деңгейдегі басқару мен қоғам белсенділігі жеткіліксіз. Саламатты өмір салты мен азаматтық сана қала тұрғындары арасында кеңінен қалыптасқан жоқ. Ауа ластанған күндері сыртқа шықпауды немесе тыныс алуды қорғауды әдетке айналдыру қажет. Тұрғындарға ауа сапасы туралы нақты әрі жедел хабар беру, қауіпті күндерде сыртқа шықпау немесе маска кию мәдениетін қалыптастыру маңызды. Қоғамдық көлік пен экокөлік тарифтерін қолжетімді ету де өзекті. Саябақтар мен жасыл белдеулерді көбейту, ағаш егу және жергілікті белсенділер арқы­лы «Таза қала» акцияларының өрісін одан әрі кеңейту керек», дейді эколог М.Айтқалиқызы.

Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай Алматы қаласы халқының саны 2,5 млн-ға жетеді. Ал 2040 жылы 3 млн, 2050 жылға қарай 3,6 млн-ға дейін өсуі ық­тимал. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артпақ. Агломерация есебінен халық саны да жылдан-жылға артатыны – қалыпты құбылыс. Дегенмен қалада экологияға қатысты мәселе одан сайын қалыңдай бермеуге тиіс.

Сайып келгенде Алматының экологиясын қалыпта ұстау кешенді реформаны қажет етеді. Мәселен, тоқсаныншы жылдары адам саны бойынша әлемнің ең алып қалаларының бірі Шанхайдың қақ ортасынан ағып өтетін «Сучжоу» өзені «өлі» өзенге айналып, жергілікті жұрт оны «Шанхайдың соры» деп атапты. Қоршаған ортаға күніне 10 мың тонна қоқыс пен 500-ден аса өндірістік кәсіпорындардың қалдықтары тасталатын болған. Алайда жергілікті билік Шанхайды әлемдегі ең таза қалаға айналдыру мақсатында кешенді іс-шара­ларды қолға алып, қаланы жаппай көгалдандырып, жергілікті автобустар мен таксилерді тұтастай газға ауыс­тырып, тіпті қала көшесіне түкіруге тыйым салыпты. Нәтижесінде Шанхай Қытайдың ең таза қаласы деп танылып, экологиялық жасыл бақшаға айналған. Алматыға да осындай ауқымды бастамаларды жеделдетіп қолға алатын кез келді.

 

АЛМАТЫ